• RUB:
    4.88
  • USD:
    443.44
  • EUR:
    480.51
Басты сайтқа өту
Аймақтар 14 Тамыз, 2019

Қорғалжындағы қоқиқаздар

1049 рет
көрсетілді

Жақында Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығының кіреберісіне арнайы стелла тұрғызылды. Айшықты белгінің ашылуына қатысып, Қорғалжын қызықтарын көріп қайтқандардың ішінде біз де болған едік.

Соңғы жылдары еліміз­дегі алпауыт компаниялар экологияны қорғау мен сақтау жұмыстарына барынша қолдау білдіруде. Биыл Қорғалжын қорығының инспекторларына 2 мотоцикл, 3 өртке қарсы мотопомпа жиынтығы мен өрт сөндіруге қажетті резервуар, фотообъектив пен штатив және фотоқақпан сыйлыққа беріпті. Көп өтпей Қорғалжын қорығының кіреберісіне үлкен стелла тұрғызылып отыр. Ұзын­дығы 10 метрдей болатын стелланың екі қанатына қо­рық­тың атауы жазылып, төс­бел­гісі салынған. Дәл ортасында қалықтап бара жатқан қос қоқиқаз бейнеленген.

– Бүгінде түрлі компания­лар қоршаған ортаға деген жанашырлықтың үлгісін көр­сетіп отыр. Бұл – Қазақ­стан­ның биологиялық алуан түрлі­лігін сақтауға және қорғауға атсалысу деген сөз. Қорық­тың бас­­ты символы – қоқиқаз бей­не­­ленген стелланың ашылуы жо­ға­рыдағы сөздеріміз­дің дәлелі деуге де болады. Осы қуа­ны­шымызды бөлі­су­ге келген баршаңыз­ға ал­ғыс ай­тамын, – деді «Қазақ­станның биологиялық алуан түрлілігін сақтау қоры» дирекциясының жетекшісі Асылхан Асылбеков.

Мұнда келетін туристер қоқи­қаз­дарды көргенше асы­ға­ды. Қорғалжынға қоқи­қаз­­дар мамыр айында келіп балапандайды екен. Бұл жақтан күн салқындай бастағанда бір-ақ кетеді. Ал олардың дәл Қор­ғал­жынға келуінің себебі, артемия салина деп аталатын құрт­тың болуында жатса керек. Бұл құрт қоқиқаздардың сүйікт­і қорегі. Артемия құрты тұз­ды көлде болады. Ал Теңіз көлі­­нің ащылығы әлемдік мұ­хит­тар­дың тұздылығынан әлде­қайда артық. Сондықтан да олар әр көк­темде осы аймақ­ты төңі­рек­тейді. Қоқиқаз­дардың сыры жа­йын­да қорық қызметкерлері айтып беруден еш жалыққан емес.

– Қоқиқаздардың қорегі артемия салина құртының бо­йын­да фермент бар. Сол фер­­мент­т­ер арқылы құстың қауыр­­сын­дары қызыл түске боя­­­ла­ды. Біздің көлдерде ар­те­­мия са­лина неғұрлым көп бол­са, қо­­қи­­қаздардың да қара­­сы мол бола­ды, – дейді Қор­ғал­­жын мем­ле­кеттік табиғи қо­ры­­ғы­­ның бөлім басшысы Берік Ырысбаев.

Ұйымдастырушылар келген қонақтарды Қорғалжын қоры­ғының қызықтарымен таныс­тырды. Біз жүріп өткен жол жиегінен әлдеқайда шалғай жатқан көлдің беті толған қызыл қанатты құс­тар. Арақа­шықтық алыс бол­ған соң арнайы құралдар­дың көмегіне жүгінуге тура келді. Ал жақын барып көру үшін жолдың жайы қолайсыз. Оның үстіне тым жақындау арқылы қоқи­қаз­дарды үркітіп алуымыз әбден мүмкін еді. Сондықтан тоқ­таған жерімізден дүрбі салып табиғат сұлулығын тама­шаладық. Мұнда басқа жерде кезікпейтін тылсым бір ерек­шелік бар. Әйтпесе орманы мен тауы жоқ мекен осындай ғажайыпқа қайдан ғана иелік ете қойды деп таңданасыз. Өзен-көлі көп Қорғалжын та­би­ғатымен ғана емес, тарихымен де кісіні тартып тұрады. Нұра өзені­нің жағасында орна­лас­қан Бытығай кесенесі, Сұлтан­келді көлінің бойында орналасқан Д.Қонаевтың демалыс үйі және тағы да басқа тарихи орындар жетерлік.

Сөз соңында айта кеткен жөн, Қорғалжын қорығына қам­қор­лық танытуда Еура­зия­лық топтың (ERG) беріп жатқан көмегі орасан. Мұндай өлкеге қандай қолдау танытсақ та аздық етпейді.