9 қазан – Дүниежүзілік пошта күні. Біріккен Ұлттар Ұйымы ауқымында атап өтілетін бұл күн 1969 жылы пошташылардың Токиода өткен конгресінде ресми бекітілген. Ал қазақтың алғашқы пошта қызметі 1993 жылы 5 сәуірде құрылған. Яғни, ресми түрде мемлекеттік мәртебеге ие болған «Қазпошта» қызметіне биыл 25 жыл толды. Айтулы мереке қарсаңында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың қатысуымен пошта маркаларына арнайы белгі соғу салтанаты өтті.
Мерекелік маркаларда Қазақстанның тұңғыш маркасы – «Алтын сарбаз», Қазақстандағы бірінші пошта телеграф-кеңсесі және «Қазпоштаның» жетістіктері мен «Болашақтағы пошта балалар көзімен» суреттері бейнеленген.
Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев пошта қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтап, толағай табыс тіледі. «Баршаңызды бүгінгі пошта күнімен және мерейтойларыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Сіздер тарихы мен өзіне сай дәстүрі қалыптасқан ұйым құра білдіңіздер. 25 жылда үлкен белесті бағындырып, заман талабына сай өзгердіңіздер. Цифрландыру дәуірінде цифрлы поштаны іске қостыңыздар», деді министр.
«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов маркалардың белгі ғана емес, еліміздің мақтаныш ететін нышандары екенін атап өтті. «Бүгін дүниежүзілік пошта күнінде Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен «Қазпошта» бірлесіп Қазақстан поштасының 25 жылдық мерейтойына арналған пошта маркалар блогын айналымға шығаруға дайын. Төрт маркада қазақстандық поштаның жарқын беттері бейнеленген», дей келе 23 мыңнан аса пошта қызметкерлерін құттықтады. Сондай-ақ болашақта атқарар шаруа көп екенін нақтылай кетті.
Құттықтау сөздерден кейін Дәурен Абаев пен Сәкен Сәрсенов екі маркаға штемпельдік белгі басып, қол қойды. Үшінші және төртінші маркаларға белгіні 1977 жылдан бастап 2018 жылға дейін пошта саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, «Құрметті байланысшы» деген төсбелгімен марапатталған Светлана Цветова мен пошта саласындағы еңбек жолын бастағанына үш ай болған жас маман Әлішер Сатыбалдин басты. Қазақ поштасының 25 жылдығына арналған белгі – бүгінгі күнге дейін шығарылған 1128-інші марка.
Ақмарал АҒЗАМҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»