• RUB:
    5.05
  • USD:
    491.71
  • EUR:
    529.97
Басты сайтқа өту
Қазақстан 19 Тамыз, 2017

Біз қазақша білуге міндеттіміз және болашағымызды осы тілмен байланыстырамыз

1175 рет
көрсетілді

Қазақстан – көп ұлтты мемлекет. Елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдері өмір сүреді. Солардың туған мекеніне айналған Қазақстан қашан да оларды құрметтеп, бауырына басуға дайын. Бүгінде елімізде әрбір ұлттың орталығы, атқарып отырған тиісті міндеттері бар. Осы орайда Алматы қаласында орналасқан «Өзбек ұлттық мәдени орталығының» жетекшісінің орынбасары Абдухалил Абдурайымұлымен осы тақырыпта отырып, сұхбаттасқан едік.

– Абдухалил Абдурайымұлы, сөзімізді екі халық арасындағы туысқандық байланыстан бастасақ.

Қазақ пен өзбек халқының арғы тегі бір екенін тарихтан білеміз. Оның тілі мен дәстүрінде де, діни наным-сенімінде де ортақ құндылықтар өте көп. Мен Оңтүстік Қазақстандағы Шардарада көпұлтты мектепте оқыдым. Ата-анам Түркістаннан сол жерге көшіп келген. Айналамда басқа ұлттың балалары көп болды, сондықтан бізде ортақ Отан деген ұғым қалыптасты да, достар арасында ұлтқа бөлінушілік болған жоқ. Әлі күнге дейін осы көзқараспен өмір сүріп келеміз. Бала күнгі бірге ойнаған достарды қалай ұмытасың, олармен қалай ұлтқа бөлінесің?!

Оның үстіне біз өзбектер корей, әзербайжан, орыс, украин т.б. басқалар секілді басқа жерден келген жоқпыз, бұрыннан осы жерде тұрып жатқан халықпыз. Ортақ тарих деп отырғаным да сол. Қазірге дейін елімізде болған қиындықтар мен жасалып жатқан өзгерістерді Қазақстан халқымен бірге басымыздан кешіріп келеміз. Алдағы уақытта да солай бола береді деп сенемін.

– «Қазақстанның болашағы қазақ тілінде» деп Елбасы айтып кеткендей, осы саясатқа өз отбасыңыз қандай үлес қосып отыр? Балаларыңыз бұған қалай қарайды?

Жоғарыда айтып кеткенімдей, біздің тілімізде ортақ ұқсастықтар өте көп, сондықтан тілді үйрену жағынан аса қиындық болған жоқ. Екіншіден, біздің жастарымыздың арасында аралас неке өте көп. Өзбек қызына үйленген немесе баласына тұрмысқа шыққан дегендей. Сонымен қатар, өзбек балалары жексенбілік мектепке барып тұрады. Сол жерде ұлттық мәдениет негіздері мен екі тілді үйренуге ден қояды. Біздің Отанымыз біреу, сондықтан оның мемлекеттік тілі де ортақ. Қазақша білуге біз міндеттіміз және болашағымызды осы тілмен байланыстырамыз. Өзбек баласының қазақша білмей қалуы әлі кездескен жоқ. Екі тілдің айырмашылығы үлкен емес және балаларымыздың көпшілігі қазақ мектептерінде оқиды.

Осы орайда өзге ұлт өкілдеріне жағдай жасап отырған Елбасымызға алғысымызды айта кеткен орынды деп есептеймін. Қазақстандағы ұлттық театрлардың бірі өзбек театры екенін атап өткім келеді. Бұл халық санының көптігіне байланысты жасалып отырған жағдай болса керек. Театрдың барлық жағдайын жасап, мемлекет көмектесіп тұрады. Сонымен қатар, елімізде шамамен 130-ға жуық өзбек мектебі бар екен. Біз Конституция арқылы қорғалып отырмыз. Отбасымыз осыған байланысты шүкіршілік пен алғысқа толы көңілмен қарайды. 

– Енді қызмет етіп жатқан «Өзбек ұлттық мәдени орталығына» тоқтала кетсеңіз.

«Өзбек ұлттық мәдени орталығының» 2006 жылы алғашқы жетекшісі – Разапов Төреқұл деген ағамыз болатын. Бұрынғы бас прокуратураның қызметкері. Осы кісі негізін салған орталығымыз өзінің жұмысын жалғастырып жатыр. Қазіргі басшымыз – Исматуллаев Абдулла Жаппарұлы. Мен сол кісінің орынбасарымын. 

Достарымның көбі – қазақтар. Олардың арасында өзімді шын мәнінде еркін сезінемін. Туып-өсіп, осынша жақсылық көріп отырған ел үшін менің аянарым жоқ десем артық айтқандық емес. Біз әкімшілікпен, Ассамблеямен бірлесіп, бүгінге дейін 200-ге жуық іс-шараға қатыстық. Олардың дені қайырымдылық бағытында. Оның сыртында балаларды бейімдеу орталығына көмектесеміз, жекелеген адамдардың қажетін өтейміз, қиналған жандарға қол ұшын береміз. Біздің орталығымыз ұлттық мәдениетімізді сақтаумен қатар, осындай шараларды да жүзеге асырады.  Бұны біздің елімізге, халқымызға деген ыстық ықыласымыз деп қабылдаған дұрыс секілді.

– «Көпұлтты Қазақстан» ұғымын қалай түсінесіз? Оның елімізде тұрып жатқан басқа ұлт өкілдерінің дамуына, Қазақстанды «туған Отаным» деп тануына қаншалықты әсері бар деп ойлайсыз?

Қазіргі Қазақстан халқының тату-тәтті өмір сүріп жатуына осындай тамаша ұғымның қалыптасуы өте күшті ықпал етіп отыр деп ойлаймын. Әлем елдерінің ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясы секілді бірде-бір ұйым жоқ екен. Қазір зерттеп, осы тәжірибені қабылдағысы келетін елдер көп. Алғаш 1995 жылы Ассамблея құрылғанда «Қазақстан халқы» деген ұғым бір отбасының мүшелері секілді бірге қалыптасты. Осы идеяны бастап, жүзеге асырған Елбасының көрегендігі мен ерен еңбегі қандай құрметке де лайық. Сондықтан біз бұны ешқашан ұмытпауымыз керек. Осы саясаттың арқасында тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Қазақ халқына, оның башысы Елбасым Нұрсұлтан Әбішұлына алғысымыз шексіз. Сол кісінің арқасында бір үйдің баласындай ынтымақ, бірлігіміз жарасып, алаңсыз өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан сөзімнің соңын тағы да қазақ халқына деген алғыспен аяқтағым келеді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен

Аян ӘБДУӘЛИ, «Егемен Қазақстан»