• RUB:
    4.88
  • USD:
    443.44
  • EUR:
    480.51
Басты сайтқа өту
30 Қыркүйек, 2016

Аллея төрт таланттың есімімен толықты

335 рет
көрсетілді

ХІІ халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің аясында және Алматы киностудиясының 75 жылдығына орай, еліміздің әйгілі кинематографистеріне арналған мемориалдық тақталар қатары ұлттық кино өнеріне еңбегі сіңген төрт таланттың есімімен толықты. «Қазақфильм» киносту­дия­­сының Жұлдыздар аллеясы­на белгілі кинорежиссер, Мем­ле­кеттік сыйлықтың лауреаты, тә­уел­сіз «Тарлан» сыйлығының иегері Ораз Рымжановтың, бел­гілі режиссер, КСРО Кине­ма­­то­графистер одағының мүше­лері Шәріп Бейсембаевтың, Қа­нымбек Қасымбековтің және ак­тер, Мемлекеттік сыйлық­­тың лау­реаты Сағи Әшімовтің жұл­­дыз-тақталары орнатылды. Аллея алдында өткен митингке «Еуразия» халықаралық кинофестивалінің бас директоры Рашид Нұғыманов, қазылар алқасының төрағасы, режиссер Валерий Тодоровский, «Қазақ­фильм» киностудиясының бас­шылық құрамы, белгілі режис­серлер мен актерлер, жаңа жұл­дыздарды иеленген майталман өнер иелерінің туыстары мен жа­қын достары қатысты. «Бүгін – үлкен ме­реке. Өз кезеңінде отандық кине­мато­гра­фияның дамуына өлшеусіз үлес қосқан адамдарды өмір бойы есте сақтап жүруіміз өте маңызды», деді Сағи Әшімовтің әкесі, КСРО халық артисі Асанәлі Әшімов. Жұлдыздар аллеясына бар­лығы 30 кино қайраткердің есі­мі жазылған. 2011 жылы VІІ ха­лықаралық «Еуразия» кино­фес­тивалі кезінде Ш.Айманов атын­­дағы «Қазақфильм» кино­сту­диясының аумағына қазақ киносының саңлақтарына ар­нал­ған Аллея ашылып, онда қазақ киносының корифейлері – Шәкен Аймановқа, Сұлтан-Ахмет Қожықовқа, Мәжит Бега­линге, Абдолла Қарсақбаевқа, Серәлі Қожамқұловқа, Қали­бек Қуанышбаевқа, Әмина Өмірзақоваға, Әнуар Молда­беков­ке, Ыдырыс Ноғайбаевқа, Нұрмұхан Жан­төринге, Кененбай Қожабековке тақталар орнатылған болатын. Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ