• RUB:
    5.03
  • USD:
    488.26
  • EUR:
    530.54
Басты сайтқа өту
28 Қыркүйек, 2016

Қаһармандық хикаясы

436 рет
көрсетілді

Плис Нұрпейісов. Оқушы кезімізде аудандағы мектептер арасында өтетін түрлі шараларға қатысатынбыз. Сонда П.Нұрпейісов атындағы орта мектептің өрендерімен талай мәрте жүздескенбіз. Кейінірек Плистің біздің Тақтакөпір ауданынан шыққан Кеңес Одағының Батыры екенінен хабардар болдық. Екінші дүниежүзілік со­ғыста Қарақалпақстаннан, яғ­ни жергілікті халық жалпақ тіл­мен Бесқала атап кеткен өңірдегі қалың қазақтың бес перзенті Кеңес Одағының Батыры атанған-ды. Олар – Плис Нұрпейісов, Жұман Қарақұлов, Мақаш Балмағамбетов, Жұ­ма­ғали Қалдықараев және Іният Наурызбаев. Өткенді еске алуға қолы­мызға тиген журналист-жазушы Көлбай Адырбекұлының «Жүрек жұтқан» атты деректі шығар­масы себепкер болды. Плис Нұрпейісов туралы алғашқы туынды 1954 жылы Аман Оразовтың «Ауыр күндер» деген атпен қарақалпақ тілінде жарық көрген еді. Ол шығармадан қазақстандық оқырмандар бейхабар, әрине. Содан бері қаншама жыл өтті, Қазақ елі тәуелсіздікке қол жет­кізді, құндылықтар өзгерді. Ке­шегі кеңестік идеология ық­палымен жазылған шығарма бү­гінгі оқырманның қажетін өтей алмайтыны тағы белгілі. Сол себепті Көлбай Адырбекұлының қаламынан туған қаһарман ұшқыш туралы деректі хикаят осы олқы­лықтың орнын толтырды деп айтуға әбден болады. Кітап авторының батыр туралы жазуға деген ұмтылысы кездейсоқ кездесуден туындайды. Редакциядағы шаруашылық бөлімінің меңгерушісі Өтеш Ақхожинге бейтаныс қария келіп жүреді. Өтеш журналис­ке Жүсіпбай Нұрпейісовтің Кеңес Одағының Батыры Плис Нұрпейісовтің туған інісі екенін айтады. Қаламгердің батыр туралы шығармаға кірісуіне осы оқиға түрткі болады. Шығарма авторы ұш­қыш­тың інісі Жүсіпбай ақса­қалмен болған әңгімені оқыр­манға айшықты да әсерлі етіп жеткізе біледі. Плистің ба­ла кезінен-ақ өткір мінезі, на­мысқойлығы, әділеттілік үшін күресі қызықты оқиғалар арқылы өріле отырып нанымды суреттеледі. Қарақалпақ мемлекеттік мұғалімдер институтының физика факультетін тәмам­даған Плис кейіннен Украи­наның Запорожье облысына қарасты Мелиотополь әс­кери-әуе училищесіне оқу­ға қабылданады. Әскери ұш­қыш-штурмандар даярлайтын училищені аяқтауына бір жыл қалғанда соғыс баста­лып, майданға аттанады. «Пе-2» бомбалаушы ұшағын тіз­гін­деген Плис Сталинград бағы­тына қарай беттеген фашис­тердің шабуылын тойтаруға қатысады. Елдегі бауырлары Жүсіпбай мен Әметбайға жолдаған хаттарында Плис: «Егер өлімнен қо­рықсаң, авиацияда көп өмір сүр­мейсің» деп жазады. Оның ерлігі өмір сүруге деген құлшынысының белгісі еді. 1945 жылдың 26 наурызында П.Нұрпейісов экипажына Берлин маңындағы жаудың екі аэродромына барлау жасау тапсырылады. Бұл тапсыр­маны қалтқысыз орындап, қай­тар жолда жеке өзінің баста­масымен Берлиннің орта­лығына ұшады. Фашист истре­бительдерінің шабуылынан оңай сытылып шығып, әскери ко мандованиеге жаудың қару­лы күштері жөнінде құнды мәлі­меттерді жеткізеді. Сөйтіп, фотосуретке түсіру арқылы 279 темір жол эшелонын, 10338 вагон мен платформа, 50 па­равоз, 5796 автокөлік, 11 аэродромдағы 422 ұшақ, сонымен қатар, Берлин қаласы мен сол маңдағы әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін анықтап береді. Осы ерлігі үшін полк командованиесі 1945 жылы 5 сәуірде П.Нұрпейісовті ең жоғарғы үкімет наградасы – Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынды. Қазақтың қаһарман ұлы кезекті тапсырма кезінде 1945 жыл­дың 23 сәуірінде ерлік­пен қаза табады. 1945 жылы тамыз­­да КСРО Жоғарғы Кеңесі­нің штурман-ұшқыш Плис Нұр­пейісовке Кеңес Одағы­ның Батыры атағын беру туралы Жарлығы «Прав­да» және «Известия» газет­терінде жария­ланған. Журна­лист-жазушы Көл­бай Адырбек­ұлы­ның жүрек жұт­қан ұшқыш туралы деректі хикая­ты өске­лең ұр­пақты ерлікке баулитын шы­ғар­малар шоғы­рына қосыл­ған қомақты үлес екендігі сөзсіз. Аталған кітаптың келесі бөліміндегі Екінші дүние­жү­зілік соғыста Бухенвальдта азап­тың неше атасын басынан өткізген, Сібірде он жылға жуық тозақтың дәмін тат­қан Зекен Темірғалиевтің тағ­дырына арқау болған «Тамұқ» шығар­масы трагедияға толы. Адам баласының жауыздығында шек жоқ екендігін суреттей келіп автор, қалам құдіретінің арқасында адам баласының төзімі де шексіз екендігін түсіндіреді. «Тамұқ» – Зекен Темір­ға­лиев­тің талайлы тағдыры ғана емес, танымал ақын Хамза Аб­дуллин мен атақты скрипкашы Айткеш Толғанбаев сынды нақақтан сотталған қазақтың өрелі перзенттерінің де өмірі. Шығарманы оқи отырып адам баласын азаптаудың неше түрлі амалына жүгінген кеңестік жүйені әсте ақтап алу мүмкін еместігіне әбден көзің жетеді. Кеңестік кезеңде қазақтың қай­сар перзенттерінің талайы тамұқ құр­баны болғанынан хабардар боласың. Азаттық алған елің­нің ас­қақтығына тәубе етесің. Жур­налист-жазушы Көлбай Адыр­бек­ұлының «Жү­рек жұтқан» атты кітабынан осындай ой түйдік. Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»