Жамбыл облысында тұрғын үй кезегінде тұрған отбасылар баспаналы болды. Жалдамалы пәтер кілтін алған жаңа қоныс иелеріне болашақта тұрғын үйді сатып алу мүмкіндігі де қарастырылған. Отбасы банктің қолдауымен қоныстойын тойлаған тұрғындарға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев пен Отбасы банк басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова пәтер кілттерін табыстап, қуаныштарымен бөлісті.
Алдымен Жамбыл ауданының орталығы Аса ауылындағы 120 пәтерлі тұрғын үйде асыраушысынан айырылған азаматтар, І және ІІ топтағы мүгедектігі бар жандар және өзге де әлеуметтік санаттағы отбасылар баспана кілтіне ие болды. Жүздерінен шаттық лебі сезілген жаңа қоныс иелеріне қажетті тұрмыстық техникалар да тарту етілді.
Іс-шарада алғаш болып сөз алған Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасы өңірде жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Сондай-ақ Отбасы банк арқылы баспаналы болған отбасылар саны жыл сайын артып келе жатқанын жеткізді.
Ләззат Ибрагимова көпбалалы ана Жәмила Жайылғановаға пәтер кілтін тапсырды.
– Бүгін тұрғын үй кезегінде тұрған көптеген отбасы жалдамалы пәтер кілтін алып отыр. Бұл – баршаңыз үшін үлкен қуаныш. Осы іс-шара үшін арнайы Астанадан келдім. Шаңырақтарыңыздан шаттық кетпесін, балаларыңыздың қызығын көріңіздер. Үкілеп өсірген ұл-қыздарыңыз ел сенімін ақтап, абыройлы азамат болып өссін. Тек жақсылықта жүздесейік, – деді Ләззат Ибрагимова жаңа қоныс иелерін құттықтап.
Аса ауылындағы жаңа тұрғын үйден пәтер алғандардың арасында мүмкіндігі шектеулі азаматтар да бар. Солардың бірі – Дархан Нұрмаханов. Ол тұрғын үй кезегіне үш жыл бұрын тіркелген. Бүгінде көптен күткен баспанасына қол жеткізіп отыр.
– Мен 2023 жылы денсаулығыма байланысты тұрғын үй кезегіне тұрған болатынмын. Екінші топтағы мүгедектігі бар азамат ретінде ауыр жұмыс істеуге мүмкіндігім жоқ. Үш жыл бұрын кезекке тұрған кезде баспаналы болатыныма аса сене қоймаған едім. Бір ай бұрын хабарлама келіп, қажетті құжаттарды рәсімдеуге кірістім. Бүгін, міне, Отбасы банк арқылы үш бөлмелі пәтердің кілтін алып отырмыз.
Жаңа пәтер кілтін алған бақытты жандар - Галина Михайловская, Көшербай Изентаев, Татьяна Соболева, Әсел Ақанова.
Қазіргі қуанышымды сөзбен жеткізу қиын. Құмтиын ауылынан аудан орталығына қоныс аударып жатырмыз. Ең бастысы, жалдамалы пәтердің төлемақысы қолжетімді. Оның үстіне, болашақта бұл баспананы сатып алу мүмкіндігі қарастырылған. Алдағы уақытта осы мүмкіндікті пайдаланып, үйді өз атыма рәсімдеуге күш саламын.
Осындай мүмкіндік жасап отырған мемлекетке, жергілікті билік өкілдеріне және банк басшылығына алғысым шексіз. Бірден баспана сатып алуға жағдайы келмейтін өзіміз секілді көпбалалы және әлеуметтік осал отбасылар үшін бұл өте маңызды қолдау деп есептеймін, – дейді Дархан Нұрмаханов.
Ресми мәліметке сүйенсек, Аса ауылындағы «Бәйтерек» тұрғын алабында бой көтерген тұрғын үйдің құрылысын «Тараз Құрылыс Дизайн» ЖШС жүргізген. Бес қабатты үйде 10 бір бөлмелі, 62 екі бөлмелі және 48 үш бөлмелі пәтер бар. Тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін барлық қажетті жағдай жасалған.
Жаңа пәтерге қоныстанған тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Солардың бірі – Жәмила Жайылғанова.
– Бүгін отбасымыз үшін ұмытылмас күн болып отыр. Көптен күткен арманымыз орындалды. Сегіз баламыздың несібесі шығар, үш бөлмелі пәтер бұйырды. Осындай мүмкіндік берген облыс және аудан басшылығына, Отбасы банк ұжымына шынайы алғысымды білдіремін, – дейді ол.
Гүлсара Рахимова мен Ләззат Ибрагимованың әсерлі құшақтасу сәті.
Бұл күні Тараз қаласындағы Ұлы дала шағын ауданының Қыз Жібек көшесінде орналасқан жаңа тұрғын үй де пайдалануға берілді. Мұнда әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға, атап айтқанда, толық емес және көпбалалы отбасыларға, ерекше қажеттілігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасыларға, сондай-ақ І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтарға пәтерлер тапсырылды.
Жаңа қоныс иелеріне Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев пен Отбасы банк басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова пәтер кілттерін салтанатты түрде тапсырды.
Отбасы банк басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасады.
– Бүгін Тараз қаласындағы Ұлы дала шағын ауданының Қыз Жібек көшесінде орналасқан 169 жалдамалы пәтердің кілті тапсырылды. Мұнда он жылдан астам уақыт бойы тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар баспаналы болды. Олардың қатарында көпбалалы отбасылар, ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналар, І және ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматтар мен толық емес отбасылар бар.
Жаңа тұрғын үйден баспаналы болғандардың шамамен 70 пайызы осы санаттарға жатады. Тұрғын үй кезегінде тұрған және түгендеу рәсімінен уақтылы өткен азаматтардың барлығы арнайы портал арқылы өтінім беріп, қажетті құжаттарын рәсімдеді. Бүгінде олар жалдау шарттарына қол қойып, жаңа пәтерлерінің кілттерін алды.
Қазіргі таңда Жамбыл облысында тұрғын үй кезегінде шамамен 60 мың адам тұр. Бүгінде 2016–2017 жылдары кезекке тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіліп келеді. Бұл мәселе кезең-кезеңімен шешімін табатын болады.
2026 жылы еліміз бойынша жалға берілетін және несиелік тұрғын үйлер саны рекордтық деңгейге жетті. Қазіргі уақытқа дейін шамамен 12 мың пәтер пайдалануға беріліп, оларды бөлу және тапсыру жұмыстары жүргізіліп келеді. Жыл соңына дейін тағы 8 мыңға жуық пәтерді пайдалануға беру жоспарланған. Жалпы алғанда, биылғы көрсеткіш кейінгі жылдардағы ең жоғары нәтижелердің бірі болып отыр, – деді Ләззат Ибрагимова.
Жамбыл облысы