• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 08:25

Заманауи медициналық нысандар

10 рет
көрсетілді

Жетісуда «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 60 нысан, атап айтқанда, 15 дәрігерлік амбулатория, 40 фельдшерлік-акушерлік, 5 ме­дициналық пункт салынған. Өңірде ауыл халқының сапалы медициналық қызметке қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр.

Жақында Сарқан ауданындағы Қарғалы ауылында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт (ФАП) пайдалануға берілді. Заманауи үлгідегі медициналық нысан мыңнан астам тұрғынға уақтылы медициналық көмек көрсетуге дайын. Жаңа ФАП-та алғашқы медициналық-санитарлық, шұғыл, акушерлік көмекті ұйымдастыруға қажетті барлық жағ­дай қарастырылған. Мұнда ана мен бала денсаулығын қорғау, түрлі аурудың алдын алу, сондай-ақ сапалы медициналық қызмет ұсынуға басымдық беріледі.

Ұзақ жыл бойы медициналық көмекті талапқа сай келмейтін, бейімделген ескі ғимаратта алып келген ауыл жұртшылығы жаңа медициналық нысанның ашылуын зор қуанышпен қабылдап, көрсетіліп отырған қолдауға ризашылықтарын білдірді.

– Ескі ғимаратта жұмыс істеу де, ем алу да оңай болған жоқ. Соған қарамастан медицина қызметкерлері өз міндеттеріне адалдық танытып, аянбай еңбек етті. «Денсаулық – адам өміріндегі ең қымбат құндылық. Сол тұрғыда бүгін ашылып отырған жаңа медициналық пункт – жай ғана жаңа ғимарат емес, ауыл тұрғындарының әл-ауқаты мен ертеңіне жасалған нақты қамқорлық», дейді жергілікті тұрғын Амангелді Сейсенұлы.

Айта кетерлігі, бұл – жыл басынан бері Сарқан ауданында пайдалануға берілген екін­ші медициналық нысан. Бұған дейін аудан аумағындағы М.Төлебаев ауылында да фельд­шерлік-акушерлік пункт ел игілігіне берілген.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, шалғайдағы ауылдарды меди­циналық қызметпен қамту мақсатында Кер­бұлақ ауданында – 17, Панфиловта – 11, Алакөлде – 9, Қараталда – 6, Ескелдіде – 5, Ақсу, Көксу аудандарында – 4, Сарқан ауданында 3 денсаулық сақтау нысаны бой көтерді. Солардың бірі – өткен жылдың соңында құрылысы аяқталып, жақында ашылған Панфилов ауданына қарасты Диханқайрат ауылындағы жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт. Ауылда 1 200 тұрғын бар. Бұған дейінгі медициналық мекеме 1980 жылы салынған ескі ғимаратта орналасқан еді. Жаңа ғимарат қажетті медициналық құрал­дармен жабдықталып, заманауи инженерлік жүйелермен толық қамтылған. Мұнда алдын ала қабылдау, күндізгі қабылдау, емдеу бөлмелері, вакциналау кабинеті, басқа да қажетті бөлмелер қарастырылған. ФАП-та 3 ме­дицина маманы жұмыс істейді. Солардың бірі – 30 жылдан астам тәжірибесі бар фельдшер Гулинұр Қамбарова.

– Біз бұрынғы ғимаратты көмірмен жылытып, тар бөлмелерде, қолайсыз жағдайда тұрғындарға медициналық көмек көрсетіп келдік. Заманауи медициналық жабдықтар жоқ болғандықтан тұрғындарды көбіне аудан орталығына жіберетінбіз. Қазір жаңа ФАП-та алғашқы көмек көрсетуге, емдік шаралар жүргізуге қажетті жабдықтардың барлығы бар. Мекеменің электрмен жылытылатыны, кең, жарық әрі қолайлы болғаны қуантады, – дейді ол.

Одан бөлек, Көксу аудандық орталық ауру­ханасында «Клиникалық фармация» бөлімі ашылды. Жаңа құрылым емдеу үдерісін цифр­ландыру мен бақылауды қатаңдату арқылы медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін арттырады. Бөлімде төрт фармацевт, бір провизор, екі медицина қызметкері, екі курьер еңбек етеді. Ұжымды С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде білім алған, 5 жылдық тәжірибесі бар білікті дәрігер Айжан Секенбайқызы басқарады. Жаңа бөлім дәрігерлердің барлық тағайындауын орталықтан бақылай алады. Дәрілік заттар бір жерде сақталып, жүйелі түрде бөлінеді. Бұл дәрі-дәрмектердің жоғалуына, тиімсіз қолданылуына жол бермейді.

– Бөлім медициналық ақпараттық жүйеде жұмыс істейді. Емдеуші дәрігерлердің тағайындаулары тікелей клиникалық фар­макологтің «сақтау қорына» түседі. Ол тәулік бойы рецепттерді «бес алтын қағида» бойынша тексереді. Мұнда дәріні дұрыс тағайындау, дозаны сырқаттың жағдайына сай қолдану, ем-шараны қауіпсіз жасау, қабылдау жиі­лігі, емдеу курсының ұзақтығы талапқа сай белгіленеді, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Алмагүл Кенжеғұлова.

Қазірде фармация бөлімінің жүйесіне терапия, хирургия, жұқпалы аурулар, босану, балалар бөлімдері, күндізгі стационар қосылған. Клиникалық фармация бөлімін құру медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін арттырады. Цифрлық шешімдер аурухана жұмысын жүйелеп, науқастарды тиімді емдеу­ге мүмкіндік береді.

Шалғай ауылдардағы медицина саласының дамуы – халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Заманауи ме­дициналық нысандардың салынуы, қа­жетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі, білікті мамандардың еңбек етуі ауыл тұр­ғындарына сапалы әрі қолжетімді меди­ци­на­лық кмек алуға жол ашып отыр. Бұл өз кезе­гінде елді мекендердің әлеуметтік әлеуетін нығайтып, ауылдың болашағына деген сенімді күшейтеді.

 

Жетісу облысы 

Соңғы жаңалықтар