• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Пікір Бүгін, 09:00

Ақылға бірлік

10 рет
көрсетілді

Бірлік – мамыр айы еншісіндегі ғана сөз емес, күнделікті ойымызда, әрекетімізде тұруға тиіс ұғым. Ол – отбасын, әулетті, ұжымды, даланы, қаланы, ұлысты, тұтас елдерді де ынтымақты ететін құндылық.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 10 ақпандағы Үкіметтің кеңейтілген жиы­нында: «Біз бәріміз бір ел болып ырыс-ынтымағымызды, береке-бірлігімізді сақтай отырып, эволюциялық, яғни табиғи жолмен дамып келеміз. Бұл өте маңызды. Бұдан басқа жол жоқ» деп, жаңа Ата заң жобасына қатысты көзқарасын, кең талқылаудың маңызын, халықтық референдумның жауапты сәт екенін жеткізіп, атқарушы билік алдына қадау-қадау міндеттер қойды. Соның ішінде өнімділікті арттыру, технологиялық жаңару, адам каптиталын дамыту, инвестиция саясатын жүйелеп, бизнес мүддесін тұрақты қорғау, экономикалық дербестікті нығайта түсу, сын-қатерлер тұсында инфляция көрсеткішін орнықты реттеу, мемлекет қаржысының теңгерілімін қамтамасыз ету, экономиканың экспортқа бағдарланған секторларын қалыптастыру, елімізді жаһандық цифрлық экономикаға кіріктіру басты талап екені нақты айтылды.

Байыптай қарасақ, мемлекетіміз саяси жаңарып, реформалық өзгерістер кезең-кезеңмен жүзеге асып жатқан шақта осы басымдықтар халықтың бірлігі арқасында ғана орындалады. Бүгінгі елдік істің идеологиялық темірқазығы – әділеттілік, құндылығы – тәуел­сіздікке қорған заң мен тәртіптен жасампаздық пен жаңашылдыққа дейінгі мызғымас ұғымдар. Еңбек, білім, ғылым, мәдениет, кәсібилік осының ішінде. Бәрінің асыл арқауы – бірлік.

Қазіргі ішкі саясат та, сыртқы саясат та елшіл, жасампаз, білікті тұлғалардан саламатты, салмақты, сарабдал іс пен шешімді күтеді. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан: «Саясат ісі бірлікпен орнына барады», депті. Бұл «орын» ізгілік пен игілік, ыждағат пен ынтымақ екені түсінікті.

Сондықтан республикалық референдумға ұсынылған жаңа Конституция жобасын – елі­міздің өткенін, бүгінін, ертеңін тең салмақтаған, өз ішіміздегі, өңірдегі, әлемдегі қауіп-қатерді ескерген негізгі құжат деп қабылдаймыз. Біртуар Әлекең: «Қазақты ақ жолға саламын десең, істің астарын қарастыр, істің сырты – жауға бел көрсеткендік», деп жазады. Сол себепті көпті толғандырған шетін мәселелерді ұлттың саны мен сапасы бірте-бірте шешетініне сеніміміз кәміл. Әсіресе сапа мен білік!

Жүйелі жаңару кезеңінде біз халқымыздың ішкі және сыртқы сын-қатерге төтеп бере алуына, игі үдерістерге барынша бейімделуіне мүдделіміз. Бұған қоғамды ізгілендіріп, елшіл һәм жауапты азаматтардың қатарын көбейтіп, түрлі мәртебедегі институттарды сапаландырып қана қол жеткізе аламыз. Осы жолда да бір­лікке зәруміз. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұр­сын­ұлының: «Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деген даналығын ұмытпауға тиіспіз.

Рас, мүдде бірлігі артқан сайын ел қуатты. Біз Отанымыздағы оң өзгерістерді әлемдік геосаяси, геоэкономика-лық, технологиялық жаңарулардың жалғасы деп қабылдаймыз. Жұрт болған соң қилы пікір, көзқарас айтылары анық. Тіпті кейде өркениетті деген елдің жұртшылығы да жаза басып жатады. Мысалы, АЭС мәселесінде Германия жағдайын алайық. Білікті мамандары «Бұл бізге керек, бас тартпайық» десе де, басым көпшілігі оған қарсы шықты. Таяуда осы елдің канцлері Фридрих Мерц «ГФР-дың атом энергиясынан бас тартуы стратегиялық қателік еді» деп мәлімдеді. Батыс аясында дәл осындай пікірді бұған дейін Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен де айтқаны белгілі. Міне, осы жайтты сараптай келе, Қазақстанның АЭС туралы тең ұстанымы және мәселенің референдумға шығарылып, қолдау тапқаны қай жағынан да дұрыс шешім болғаны қуантады.

Біз ұлт зиялылар пайымын еске түсіргенде, баршаға ұстаз Абайдың даналығын айналып өте алмаймыз. Ұлы ақын: «Бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес» дейді. «Ақылға бір­ліктің» астарында – адамшылыққа, елдікке, парасатқа ден қою мен ұйысу тұр. Ой­шыл лексиконындағы «малға бірлік» – құл­қын мен пайдакүнемдік мүддесі. Әділетті Қазақ­стан жаңа Ата заң жобасы кіріспесінде «мем­лекеттілікті нығайту», «Ұлы даланың мыңдаған жыл­дық тарихының сабақтастығын сақтау», «келешек ұрпақ алдындағы аса жоғары жауап­кершілік» міндетін айқындағанда, ақылға бірлікті басшылыққа алғаны ақиқат.

12 ақпан күні «Egemen Qazaqstan» газе­тінде арнайы комиссия талқылауынан өткен Конституция жобасы мен Мемлекет басшысының республикалық референдум өткізу туралы Жарлығы жариялана сала, елдік іс-шараны түсіндіру мақсатында құрылған Жалпыұлттық коалиция маңызды жұмысына кірісті. Өңір-өңірдегі, жер-жердегі, мекеме-ұйымдардағы түрлі алаңда жұртшылықпен ашық кездесулер өткізді. Қалың әлеуметтің ниеті, аңсары, пікірі дұрыс бағдарда екеніне көзіміз жетті. Өйткені елшіл азаматтар конституциялық реформаның өзегі – мем­лекеттілік пен тәуелсіздікті нығайту, халықтың әл-ауқатын көтеру, орнықты дамуды негіздеу екенін түсінді.

Бұдан дәйекті әділеттілік ұстанымы қоғам­ның ақылға бірлігін бекемдейтініне сендік.

Соңғы жаңалықтар