Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы сахнасында «Astana sazy» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблі «Аспаптар шеруі» атты жеке концертін өткізді.
Еліміздің жетекші шығармашылық ұжымдарының бірі саналатын ансамбль көрерменге ерекше концерттік бағдарлама ұсынды. Кеш барысында тыңдарман қазақ дәстүрлі музыкасының алуан түрлі композицияларымен танысып, фольк, этно-джаз, этно-панк және заманауи бағыттардың үйлесім тапқан әсерлі музыкалық кештің куәсі болды. Бағдарлама ұлттық музыка өнерінің үздік туындыларын – күй, ән, би және олардың заманауи интерпретацияларын қамтыды.
Концертке Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерболат Шалдыбеков, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Әділхан Макин, сондай-ақ республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары Заңғар Мүбәраков, Жанту Дадабаев, Аққанат Смағұлова, Жасұлан Кәрім қатысты.
«Astana sazy» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблі – қазақ халық шығармашылығының дамуына және дәріптелуіне зор үлес қосып жүрген өнер ұжымдарының бірі. Фольклорлық ансамбль музыканттары көрерменді домбыра, қобыз, шертер, шаңқобыз, сазсырнай, сыбызғы, асатаяқ, дауылпаз, тұяқтас, қоңырау және басқа да халық музыкалық аспаптарының үнімен таныстырып келеді. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі – Нұркен Якияев.
Өнер ұжымының репертуары түрлі халықтардың дәстүрлі аспаптық музыкасына, сондай-ақ заманауи авторлық шығармаларға бай. Ұжым әртістері Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Таяу Шығыс пен Орта Азия елдерінде өнер көрсетіп, халықаралық мәдени іс-шараларға белсенді қатысып келеді.