• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Құқық Бүгін, 08:30

Жұмысшы құқы неге бұзылады?

30 рет
көрсетілді

Әр жұмысшы маңдай терімен тапқан жалақысын мезгілінде алғысы келеді. Алайда Атырау облысында еңбекақыны уақытында бермейтін компаниялар әлі де бар.

Мемлекеттік еңбек инспек­циясы комитеті Атырау облыс­тық департаментінің басшысы Игілік Әубәкіровтің мәліметін­ше, былтыр құқығы бұзыл­ған 3549 адамнан өтініш түсіпті. Оның ішінде 3060 өтініш заңға сәйкес зерделеніп, тиісті шешім қабылданған.

«Мемлекеттік еңбек инспекциясы үшін басты басымдық – азаматтардың еңбек құқықта­рын қорғау. Барлық өтініш «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында қара­лып, әр мәселе жеке бақылауға алынды. Былтыр Атырау облы­сындағы кәсіпорындарда 54 өнді­рістік жазатайым оқиға тіркелді. Соның салдарынан 8 адам қайтыс болды. Оқиғалардың басым бө­лігі жұмыс берушілердің қауіпсіз­дік талаптарын сақтамауынан туын­даған. Осыған байланыс­ты міндетті сақтандыру мәсе­лесіне ерекше назар аударылып отыр», дейді департамент басшысы.

Еңбек заңнамасының сақта­луына қатысты 333 тексеру жүр­гізілген. Тексеру кезінде еңбек заңдылығын бұзумен байланыс­ты 353 дерек анықталып, 201 жұмыс берушіге әкімшілік хаттама толтырылған. Заң талабын бұзғандарға 38,8 млн теңге айыппұл салынған. Анықталған кемшіліктерді жоюға 225 нұсқау берілген.

Қазір облыста міндетті сақтан­дырумен қамту деңгейі 71%-ды құрайды. Бұл өзекті мәселеге ай­налғандықтан, сақтандыру шартын жасамаған кәсіпорындар­ға түсіндіру жұмысы жүргізі­ліп жатыр. Еңбек тәуекелі картасы­на 3 062 кәсіпорын енгізілген. Оның ішінде 110 кәсіпорын жоғары тәуекел санатына жатқызыл­ған. Тиісті органның қабылдаған ша­ра­ларының нәтижесінде ­43 кә­­сіп­орын бұл санаттан шы­ға­рылған.

«Негізгі екі мәселеге баса назар аударып отырмыз. Біріншісі – жалақыны төлеуді кешіктіру, екіншісі – әлеуметтік төлемдерді уақытында аудармау. Жалақы берешегін өтеуді жылдамда­ту­ға басымдық берілді. Осыған байланысты нақты жұмыс қолға алынып, былтыр 45 кәсіпорын­нан 115 млн теңге жалақы қарызы өн­дірілді. Осылайша, 184 жұмыс­шының құқығы қорғалды. Қазір облыста 11 кәсіпорынның 90 қыз­меткерге 43,1 млн теңге жалақы қарызы бар», дейді И.Әубәкіров.

Өңірлік департаменттегі ең­бек қауіпсіздігін бақылау бөлімі­нің басшысы Ислам Игамбер­диев­­тің дерегіне қарағанда, 226 өндіріс­тік нысанға еңбек жағда­йына байланысты аттестация­лау жүргізілді. Мақсат – жаза­тайым оқиғалар­дың алдын алу. Қауіпсіздік та­лаптарын елемеген 33 мекемеге ­ 12 млн теңгеден астам айыппұл салынды. Соған қарамастан өнді­ріс­тегі жазатайым оқиғаларды жасыратындар бар. Осындай 17 мекемеге 3 млн 342 мың теңге көле­мінде айыппұл салуға ұйға­рым жасалды.

Облыстық прокуратураның баспасөз қызметінен мәлім ет­кен­­дей, Исатай ауданында 7 кәсіп­керлік субъектісінде жұмыс­шы­лармен жазатайым оқиғадан мін­детті сақтандыру шарты жасал­мағаны анықталған. Со­ның сал­дарынан жұмыс берушілер тарапынан 45 жұмысшының құқы бұзылып отыр. Жұмысшы­лар құрылыс, денсаулық сақтау ­сала­сында жұмыс істеген.

«Аталған дерек Консти­ту­цияның 24-бабына, сондай-ақ Еңбек кодексінің талаптарына қайшы келеді. Прокурорлық қадағалау актісі негізінде кінә­лі тұл­ғалар Әкімшілік құқық бұзу­­шылық туралы кодекстің 230-бабы­ның 2-бөлігімен әкім­ші­лік жауап­кершілікке тартылды. Қазір 45 жұмысшы мін­­дет­ті сақ­тан­дырумен қамтама­сыз етілді», деп хабарлады облыс­тық проку­ратураның баспасөз қызметі.

 

Атырау облысы 

Соңғы жаңалықтар