• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 10:07

Еліміздің су қоймалары тасқын суға дайын ба?

20 рет
көрсетілді

Ел аумағында көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық күшейтілді. Ірі су қоймаларында тасқын суды қабылдауға арналған бос сыйымдылық 14,3 млрд текше метрден асады. Күтілетін су көлемі 9,1-13,9 млрд текше метр шамасында болжанып отыр, деп жазады Egemen.kz.

Өңірлердегі ахуал

Су ресурстары және ирригация министрлігі солтүстік, орталық, батыс және шығыс аймақтардағы су қоймаларында бос көлемді қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ал оңтүстіктегі нысандар су жинау режиміне көшті.

Қазіргі мәлімет бойынша:

солтүстіктегі ірі су қоймалары – 70%,

орталық өңірлерде – 68%,

батыста – 48%,

шығыста – 86% толған.

Бұл көрсеткіштер тасқын суын қауіпсіз қабылдауға мүмкіндік беретін резервтің бар екенін аңғартады.

Шекаралас елдермен бірлескен іс-қимыл

Су тасқыны қатері трансшекаралық өзендерге де байланысты. Осыған орай 2025 жылы Қазақстан мен Ресей арасында арнайы жұмыс тобы құрылды. Төртінші отырысқа дайындық барысында алдағы тасқын кезеңіндегі өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.

Ресей тарапының алдын ала дерегіне сәйкес, тасқын кезінде Ирикла су қоймасынан секундына 200 текше метрден аспайтын көлемде су жіберу жоспарланған. Жайық өзені бассейні бойынша нақты болжам наурыз айының бастапқы тұсында жарияланады.

Қытаймен трансшекаралық судың сапасын бақылау және жедел ақпарат алмасу жүйесі жұмыс істеп тұр. Ол гидрологиялық бекеттердегі оқу-жаттығулар мен байланыс арналарының дайындығын тексеруді қамтиды.

Тараздағы тасқын қаупі: ТЖМ мен әкімдік шұғыл іске кірісті

Гидротехникалық нысандар жаңғыртылып жатыр

Тасқынның алдын алуда гидротехникалық құрылысжайлардың қауіпсіздігі айрықша мәнге ие. Биыл 56 нысанда көпфакторлы тексеру жүргізілді.

Министрлік ұсынымдары негізінде 39 нысанда жөндеу жұмыстары атқарылды. Атап айтқанда,

Абай облысындағы Шар су қоймасында,

Шымкент қаласындағы «Ақжар» су қоймасында,

Ақтөбе облысындағы «Шолақ» бөгетінде күрделі жөндеу аяқталды.

Сонымен қатар Қостанай облысы Степное ауылындағы бөгет қайта жаңғыртылды.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен 10 облыста коммуналдық гидротехникалық нысандарды басқаруға арналған мамандандырылған ұйымдар құрылды. Қазір олардың саны 16-ға жетіп, 1193 маман 846 нысанға қызмет көрсетіп отыр.

Өзен арналарын тазарту жұмыстары

2025-2027 жылдарға арналған Жол картасы шеңберінде елді мекендер маңындағы өзен учаскелерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінге дейін 166,98 шақырым өзен арнасы тазартылып, тереңдетілді.

Биыл 6 облыста жалпы ұзындығы 192,55 шақырымдық өзен бөліктерінде санация жүргізу жоспарланған.

Су тасқыны қаупі: Қостанай облысының әкімі шұғыл тапсырма берді

Жүйелі бақылау жалғасады

Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаровтың айтуынша, көктемгі тасқынға дайындық кешенді түрде жүзеге асырылып жатыр. Арнайы техника мен қажетті материалдар әзірленген, деректер алмасу жолға қойылған. Әр 10 күн сайын су қоймаларының жұмыс режимі қайта есептеледі.

Министрлік су шаруашылығы нысандарының жағдайын күн сайын бақылап отыр. Әкімдіктермен бірлесе отырып, тасқын қаупін азайту және халық пен инфрақұрылым қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасады.

Президент су тасқыны мен құрғақшылық қаупіне алдын ала дайындалуды тапсырды

Соңғы жаңалықтар