Цифрлық технологиялар мен виртуалды еркіндік алдыңғы орынға шыққан бүгінгі қоғамда әскер ұғымы кейде ескі жүйе деп қабылданатыны белгілі. Алайда әскер табалдырығын алғаш аттаған әрбір жас үшін бұл – әскери форма киіп, сапқа тұру ғана емес, мінезді шыңдайтын, жауапкершілікті терең сезіндіретін, ерік-жігерді тәрбиелейтін өмір мектебі.
Осындай кезеңді бастан өткеріп жатқан жас сарбазымыздың бірі – Атырау гарнизонының 41433 әскери бөліміне былтыр күзгі науқанда шақырылып, әскер сапына алынып, Отан алдындағы борышын өтеп жүрген қатардағы жауынгер Бекмұрат Нұрсерік.
Үлкен өмір жастардан жауапкершілікті сезініп, дұрыс шешім қабылдау мен белгіленген заң мен тәртіпке бағыну, ұжымда жұмыс істей білу талап етіледі. Ал осы қасиеттердің барлығы мерзімді әскери қызметтің алғашқы айында ант қабылдау қарсаңында қалыптаса бастайды. Сарбаз Бекмұратқа бұл кезең бейімделудің ғана емес, өзін қайта танып-білудің уақытына айналған.
Әскери қызметтің алғашқы айы – жас сарбаз үшін аса маңызды кезең. Дәл осы аралықта ол әскери тәртіптің қатаң, бірақ әділетті талаптарымен бетпе-бет келеді. Алғашқы күндердегі белгісіздік пен ішкі алаңдаушылық көп ұзамай нақты мақсат пен сенімге ұласқанын жас сарбаз жасырмайды.
«Әскерге келген алғашқы күндері әркім өз ойымен арпалысады. Алайда күн тәртібі, командирлердің талапшылдығы мен қамқорлығы адамды тез жинақтайды. Уақыттың қадірін, тәртіптің шын мәніндегі күш екенін дәл осы жерде түсіндім», дейді Бекмұрат.
Алғашқы айда ол жас жауынгер курсынан өтті. Бұл – әскери қызметке бастар алғашқы баспалдақ. Саптық даярлық, әскери жарғы талаптары, қару-жарақты, техниканы қалай күтіп ұстау керек, қалай атуды үйрену керек, жеке және ұжымдық қауіпсіздік ережелері – барлығы нақты жоспармен, жүйелі түрде үйретіледі. Мұнда әрбір бұйрық – жауапкершілікке, әрбір тапсырма сенімге негізделген.
Әскердегі күн тәртібі жас сарбазға өзін-өзі басқарудың жаңа деңгейін көрсетеді. Белгіленген уақытта тұру, дайындыққа қатысу, қойылған іс-шараларды мүлтіксіз орындау – мұның барлығы бүгінгі қоғамда аса қажет тәртіп пен төзімділікті қалыптастырады. Жас сарбаз Бекмұрат бұл жерде жеке мүддеден гөрі ұжымдық жауапкершіліктің маңызын терең түсінгенін айтады.
Әскери бөлімдегі бауырмал орта – алғашқы айдың тағы бір үлкен сабағы. Елдің әр өңірінен келген, мінезі мен өмірлік тәжірибесі әртүрлі жастар қысқа уақыт ішінде ортақ мақсатқа бірігіп, нағыз қарулас достарға айналады. «Әскерде жалғыздықпен жолдас болмайсың. Қасындағы жауынгерлік жолдасың – сенің тірегің. Жауынгерлер бір-бірімізге сенуді, бір мақсат үшін әрекет етуді үйренеді», дейді кейіпкеріміз.
Бейімделу кезеңінде сарбаздардың психологиялық жағдайына да ерекше көңіл бөлінеді. Қазіргі қоғамда жастардың ішкі психологиялық тұрақтылығы – жиі сөз болатын өзекті мәселе. Осы тұрғыда әскерде көрсетілетін моральдық қолдау, командирлер мен әскери тәрбиешілердің қамқорлығы айрықша орынға ие.
Бекмұрат «командир – аға, сарбаз – іні» деген сөздің өмірлік ұстанымы екенін мақтанышпен айтады. «Командирлер тек пәрмен берумен ғана емес, қиын сәтте бағыт көрсетіп, күш-жігер береді. Әскерде жүрген шағымызда адамгершілік пен әділдіктің нақты үлгісін көріп жүрмін», дейді жауынгер.
Ант қабылдау сәтіне дейінгі алғашқы ай бүгінгі таңдағы қызметке бейімделген Бекмұрат үшін үлкен ішкі өзгерістер кезеңі болды. Ол әскери істің негіздерін меңгеріп қана қоймай, жауапкершілік, тәртіп пен Отан алдындағы борыштың шынайы мағынасын сезінді.
Бұл – кешегі еркін өмірге үйренген жастың ел қорғаны болуға жасаған алғашқы саналы қадамы. Ал Бекмұрат Нұрсеріктің алғашқы айдағы ұстанымы мен көзқарасы – әскери қызметтің бүгінгі қоғам үшін де өзектілігін айқын көрсететін нақты мысал.