• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 08:15

Күн қайда асығады?

10 рет
көрсетілді

Хантәңірінің Мұзбалағы атанған ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай Түркістанда, сондай-ақ Шымкентте әсерлі әдеби-сазды кештер өтті.

«Медиакратия» қоғамдық бірлесті­гінің қолдауымен, «Мархабат» журналы­ның және Шымкенттегі қалам ұстаған, әдебиетсүйер, өнерсүйер бір шоғыр жастардың ұйымдастыруымен өткен «Күн қайда асығады?» атты кеш шымыл­дығы тағылымды бейнероликпен түрі­ліп, ақынның өлеңдері оқылды, сөзіне жазылған әндер шырқалды. Бағдарламаның негізгі арқауы «Мәңгілікке өзіммен ала кеткен, Менің нәзік жанымды кім түсінер?» деп жырлаған ақынның лирикалық өлеңдері мен әндері болды.

Кеш барысында ашық микрофон жарияланып, көрермендер өлең оқып, жүрекжарды лебіздерін білдірді. «Оңтүстіктегі қаламын ұштайын, талантын шыңдайын деген әдебиетке біртабан жақын жастардың бәрі дерлік көзі тірісінде классик жазушы Мархабат Байғұттың төңірегіне шоғырланып жүретін. Енді осы дәстүр «Мархабат» журналының төңірегінде жалғасын табуға тиіс, Шымкентте әдебиет пен өнерді қадірлейтін жастардың бас қосатын бір шаңырағы болуы керек деген ниетпен осындай бір ізгі бастаманы қолға алған жайымыз бар. Өлеңмен ғұмыр кешкен ақынның болмысын аша түсуге дәстүрлі әншілер мен әдебиетсүйер қауым, өнерлі жастар атсалысып отыр.

Жыл соңында «Мархабат» журналы прозалық, поэзиялық және публицистикалық бағыттар бойынша «Мархабат» журналының лауреаттарын» анықтайды. Қорытынды кеште қазылар шешімімен лауреат атанған қаламгерлерге қаржылай сыйлықтар табысталады», дейді ақын, «Мархабат» журналының бас редакторы Сезім Мергенбай.

Түркістанда облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен өткен «Тула, жүрек» атты поэзия кеші де көптің көңілінен шықты. Қазақ поэзиясының заңғар тұлғасы, мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың 95 жылдық мерейтойына орай өткен кеш барысында ақынның сыршыл, терең мағыналы өлеңдері оқылды. «Болашақ» колледжінің студенттері мен Ұлттық ұланның 5574 әскери бөлімі сарбаздары арнайы дайындаған жырларын мәнерлеп оқып, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар ашық микрофон форматында еркін пікір алмасу ұйымдастырылып, қатысушылар Мұқағали поэзиясындағы адам, махаббат, өмір және туған жер тақырыптары төңірегінде ой бөлісті. Мұқағали ақынның рухани мұрасын заманауи форматта насихаттау және жастардың әдебиетке деген қызығушылығын арттыруды көздеген «Түнгі кітапхана» жобасы аясында қолға алынған поэзия кешінің соңында кітапхана директоры Жанат Сәдібекқызы жүрекжарды лебізін білдіріп, көпшілікке алғыс айтты. 

Соңғы жаңалықтар