• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Көрме Бүгін, 07:55

Әкемтеатрдың айрықша жәдігерліктері

10 рет
көрсетілді

Алматыда алуан түрлі мәдени оқиғалар легі жүріп жатса да, ақпан айының соңына дейтін жалғасатын «Ғасыр жасаған ұлт театры» көрмесінің орны бөлек. Неге десеңіз, қазақтың тұңғыш кәсіби театры, өзге өнер сахналарына еншісін беріп, жеке шаңырақ ретінде бөліп шығарған М.Әуезов атын­дағы Қазақ ұлт­тық драма театры бұл күндері 100 жылдық мерейтойын ауқымды түрде атап өтіп жатыр.

Осы күнге дейін Әуезов театрының мұрағатында 200 мыңға жуық құнды жәдігер жинақталса, оның ең басты ерекшелігі – Алматы музейімен бірінші рет өткізіліп отырған көрмеге экспонаттардың 100 түпнұсқасы қойылған. Бір жағынан, қала музейі де өз тарапынан көрмеге мәдениет бөлімінің қорында сақталған 50 дүниені қосып отыр.

Айтқандай, бұл көрменің бір бөлігі «Ғасыр жасаған ұлт театры» гастрольдік сапарларымен бірге Қостанай, Қарағанды, Түркістан, Тараз, Шымкент шаһарларына да барып қайтқан екен. Жылжымалы көрменің кешенді бөлігі Республика сарайындағы театр­дың 100 жылдығына орай ұйым­дастырылған ауқымды мәдени шарада салтанат құрды.

Жүз жылдық тарихты Алматы музейіндегі аядай көр­меге сыйдыру қиын десек те, театрдың негізгі шежіресі ЖИ көмегімен жасалған бейнебаяндар арқылы музейдің төрт үлкен экранында шыр көбелек айналады.

Ең құнды жәдігерлерге келетін болсақ, сонау 30-жылдардан бері сақталған ішік пен тоқылған шапан жанында бір сәтке болса да аялдатып, ойға шомдырмай қоймайды. Бұл шапандарда Жұмат Шанин, Қалибек Қуанышбаев, Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов сынды сахна саңлақтарының тері мен иісі сіңгеніне күмәніңіз болмасын.

Оның бер жағында ұлттық мәде­ниетке жанкештілікпен қызмет еткен Әнуар Молдабеков, Ыдырыс Ноғайбаев, Әзірбай­жан Мәмбетов, Хабиба Еле­бекова, Хадиша Бөкеева, Сәбира Майқанова, Фарида Шәріпова, Торғын Тасыбекова, Асанәлі Әшімов сияқты көрнекті өнер майталмандарының жар­қыраған бейнелерін, қойылымдардағы костюмдерін тамашалауға болады.

Мысалы, Әнуар Молда­бековтің «Ваня ағай» спек­такліндегі, Шолпан Жандар­бе­кованың «Ақан сері – Ақтоқты», Зәмзәгүл Шәрі­пованың «Отелло» спектаклінде Дездемона рөлінде киген, Тұңғышбай Жаманқұловтың Абылай хан бейнесіндегі сахналық киімдері көзімізге оттай басылады.

Бір сөзбен айтқанда, көрмеде Алматы музейі мен М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры музейінің қорынан алынған театр тарихына қатысты бірегей архивтік құжаттар мен фотосуреттер, 40-жылдардан бүгінге дейінгі спектакль афишалары, сарғайған бағдарламалар, тіпті репертуардан түсіп қалған қойылымдардың көрі­ністерін тамашалауға болады.

 

АЛМАТЫ 

Соңғы жаңалықтар