Халық назарына ұсынылған жаңа Конституция жобасында айтылған ауқымды бастамаларға еліміздегі саяси партиялар үн қосып жатыр. Олар әрбір өзгерістің артында елдің тағдыры мен болашағы тұрғанын атап өтті. Сондықтан бұл талқылауға әрбір азамат атсалысуға тиіс.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясында Конституцияның жаңа жобасын талқылауға арналған Саяси кеңес отырысы өтті. Қатысушылар Конституцияға енгізілетін өзгерістер мен ондағы ұсынылған түрлі жобаның елді дамытуға деген мүмкіндігін саралады. Сондай-ақ саяси жүйенің қоғам мен мемлекет арасындағы ынтымақ пен жаңартудағы маңызын қарастырды.
Саяси кеңес мүшелері Ата заңды талқылау қоғамның жаңаруға және еліміздің қазіргі даму кезеңіне сай тұрақты шешімдер мен мүмкіндіктерді іздеуге деген сұранысын жоғарылатқанын атап өтті. Сонымен бірге жиынға қатысушылар Конституцияда бекітілетін нормалар әлеуметтік салада, еңбек қатынастарында және азаматтардың өмір сапасын арттыруда нақты жұмыстарды алға қойып отырғанына тоқталды.
Реформаның институционалдық қырларына да ерекше назар аударылды. Қатысушылар билік тармақтары арасындағы өзара іс-қимылдың тұрақты моделін қалыптастырудың маңызына тоқталып, өкілетті органдардың рөлін күшейту мен мемлекеттік институттарда қабылданатын шешімдерге деген жауапкершіліктерінің жоғары болуы қажет екенін еске салды.
Елордада Respublica партиясы активінің кеңейтілген отырысы өтіп, ол Негізгі заңға салмақты көзқараспен қарап, ортақ партиялық ұстанымды қалыптастыруға арналған ашық диалог алаңына айналды.
Отырысты ашқан партия төрағасы Айдарбек Қожаназаров ұсынылып отырған құжатты мемлекеттің дамуы үшін сапалық тұрғыдан жаңа кезең деп бағалап, талқылаудың бағытын айқындады. Ол құжатта унитарлы құрылым мен аумақтық тұтастықтың мызғымай сақталғанын ерекше атап өтті. Сонымен қатар жаңа жобаның өзегінде адамға бағытталған, азаматтың құқығы мен қадірін алдыңғы орынға қоятын көзқарас бар екенін айтты.
Өңірлік партия жетекшілері реформаның практикалық қырларына тоқталса, Re.Women әйелдер қауымдастығы мен ReJastary жастар қозғалысының өкілдері реформаны азаматтық қатысуды кеңейтетін нақты тетік ретінде қолдайтындарын білдірді.
Отырыста Мәжіліс депутаттары, Respublica партиясы фракциясының мүшелері, аймақтық филиалдар төрағалары да сөз сөйлеп, ой-пікірлерін ортаға салды.
Кеше Қазақстан Халық партиясы фракциясының отырысында да депутаттар жаңа Конституциясының жобасын талқылады. Отырыс барысында ҚХП фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан реформалар азаматтарды белсенді әрекетке, сондай-ақ елдегі шешім қабылдау үдерісіне жаппай қатысуға ынталандыратынын атап өтті.
Депутат Ирина Смирнова Конституцияның толық жаңартылған преамбуласын ерекше атап өтті. Депутат Асылбек Нұралин елдің жаңа Конституциясы еңбек ету құқығын қамтамасыз ететініне, бұл құқық Қазақстан Халық партиясының сайлауалды бағдарламасында бекітілгеніне назар аударды.
Кенжеғұл Сейтжан азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын негізгі құндылық деп санайтын мемлекеттік саясатты әлеуметке бағдарланған саясат деп жоғары бағалады. Депутат Ислам Сұңқар отырыс барысында ұсынылып отырған жаңа Конституция еліміздің жаңа ғылыми және инновациялық бағытын айқындайтынын атап өтті.
Сондай-ақ Мәжіліс депутаты, «Ауыл» партиясы фракциясының төрағасы Серік Егізбаевтың жетекшілігімен өткен фракция отырысында Конституцияның жаңа жобасы мен оған енгізілген өзгерістер кеңінен талқыланып, маңызды құжатты ел ішінде белсенді түсіндіру жұмыстарының қажеттілігі айтылды.
С.Егізбаев жиналған қауымды ел болашағы үшін маңызды құжаттың басым бағыттарымен таныстырып, ұсынылған Конституция жобасын мұқият зерделеуге және шындыққа сәйкес келмейтін арандатушылық жарияланымдардың ықпалына түспей, тек ресми құжатқа сүйене отырып, сындарлы пікір қалыптастыруға шақырды.
«Ауыл» фракциясының депутаттары Ата заң жобасын бірауыздан қолдап, оның құқықтық мемлекетті нығайту мен еліміздің одан әрі дамуы үшін маңыздылығын атап өтті.
Жаңа Конституция бойынша нақты шешімді халық жалпыұлттық референдумда қабылдайды.