• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Өндіріс Бүгін, 08:40

Локомотив құрастыру өндірісінің қарқыны жоғары

10 рет
көрсетілді

2009 жылы құрылған «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ бүгінге дейін 675 локомотив құрас­­тырыпты. Басты тапсырыс берушісі – «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы. Сонымен қатар 42 локомотив Қырғыз­стан, Өзбек­стан, Тәжікстан, Түрік­мен­­­­стан, Әзер­байжан, Молдова, Украинаға экс­порт­­талған.

Мұнда тек жолаушы тасымалына арналған локомотивтер емес, жүк тасымалдайтын, қосалқы жұмыстарға арналған локомотивтер де шығарылады. Жолаушылар локомотивінің жылдамдығы 160 шақырым болса, маневрлі локомотивтер сағатына 80 шақырым жылдамдықпен жүйткиді.

Зауыт басшысы Айбек Талғатбекұлының айтуынша, локомотивтер пайдалануға берілмес бұрын бірнеше сынақтан өтеді.

«Техникалық талаптарға толық сай келеді. Яғни біздің аймақтың климатына, ҚТЖ пойыздарын тасуға бейімделген. Былтыр «Wabtec» компания­сы мен ҚТЖ ірі өндірістің елімізде ұзақ жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын ескеріп, жергілікті мамандардың біліктілігін арттыруға қатысты сұрақты күн тәртібіне қойды. Нәтижесінде, «Инженерлік ор­талық» ашылды. Мұндағы түпкі мақсатымыз – жаңа локо­мотив­терді жобалауға өзіміздің мамандарды қатыстыру», дейді ол.

Зауытта 7 цех бар. Темірді қабылдап, алғашқы өңдеуден өткізетін цехтардың жұмысын бағдарлаған соң, локомотивтің арбашығын (төменгі бөлігі) құрастыратын цехқа бардық. Дөңгелектен бастап барлық бөлшек аталған зауытта жиналады. Локомотивтің шанағын, кабинасын жасау, металды кесу, өңдеу, сырлау, техникалық сынақтан өткізіп, сапасын тексеру бәрі-бәрі жұмыс барысында қамтылған. Өзінің әлеуетін жақсы білетін компания басшылығы былтырдан бері келісімшарт негізін­де Үндістанға арбашық жасап жібере бастапты. Бұл да «Wabtec» корпорациясының ірі жобаларының бірі. Қарамағында жүздеген зауыты бар корпорация тек біздің елде ғана арба­шықты толық құрастырады.

«Бізге металдар №7 цехтан дайын күйінде келеді. Одан әрі локомотивтің арбашықтарын дәнекерлеп, құрастырамыз. Арбашық – көліктің төменгі бөлігі екенін ескерсек, оның берік болғаны аса маңызды. Төзімділігі зертханада сыналады. Сондықтан жылына бір мәрте біліктілігімізді растап, емтихан тапсырамыз. Ауысым таңғы 9-дан кешкі 9-ға дейін жалғасады. Екі күн жұмыс істеп, екі күн демаламыз. Жалақымыз жақсы. Жас мамандар бірден өндіріске жіберілмейді, оқудан, сынақтан өтеді. Талап жоғары. Жалақыға қызығып жұмысқа орналасқанмен көбі тұрақтап қалмайды. Жұмысқа келген жас мамандарға білгенімізді үйретіп, сүйемелдеуден қашпаймыз. Еңбегіміз ескеріліп, 2014 жылы бір бөлмелі үй берілді. Отба­сылымын, 5 бала тәрбиелеп отырмыз», дейді цехта 13 жылдан бері дәнекерлеуші болып жұмыс істейтін Бақытжан Наурызбаев.

Цех басшысы Асанәлі Хамитұлының айтуынша, осы бір ғана цехта 85 адам жұмыс істейді. 11 мамандық иесі бар. Олар – механикалық өңдеумен айналысатындар, темірді тазартатын слесарь, темірді жинайтын слесарь, пеште металл өңдейтін «термист» мамандар, тағысын-тағы. Жұмысшылар түскі, кешкі аспен және жұмыс­қа апарып-әкелетін көлікпен қамтылған. Өзге өңірден келе­тіндерге қызметтік жатақхана қарастырылған. Онда орын болмаса жалдаған пәтердің 50 па­йыз құнын зауыт төлеп береді.

Локомотивтің шанағын жасайтын цехта жұмысшылар металды тазартып, кесіп, цех­тарға жібереді. Локомотив кабинасы, қаңқасы жасалады. Қыс­қасы, көлік бөлшектері осы­лай бір цехтан екіншісіне өтіп, толығады. Соңында №7 цех­қа сырлауға кіргізіледі. Осы­дан кейін дайын болған локо­мо­тивтер тұратын кең алаң­қайға беттедік. Еліміздің әр айма­ғындағы локомотив маши­нис­тері дәл осы маңнан көлікті қа­был­дап, өңірге алып кетеді. Біз барғанда Қызылорда локомотив пайдалану депосынан келген екі жүргізуші өздеріне тиесілі ло­комотивтерді тексеріп, қабыл­дап алуға қамданып жатты.

«Біз өзіміздің депоға деп сатып алынған 5 тепловозды қабылдауға келдік. Теміржол көлігінің жаңа нұсқасын көріп, өзіміз таңбыз. Жүргізушіге бар­лық жағдай жасалған. Бейнеба­қылау камерасы, әй­нек жуатыны, салқындатқыш кондиционері, ас жылытатын пеші, тоңазытқышы бар. Монитордан бақылап, бас­қаруға болады. Ескі тепловоз­дарды күннің ыстығында жүр­гізген қиынның-қиыны еді. Су, май тасып құйып әуре-сар­саңға түсетінбіз. Енді ондай әурешіліктен құтыламыз. Өзіміз Қызылордадан Қаза­лыға, Шиеліге жүк тасимыз. Теміржолда 2007 жылдан бері жұмыс істеймін. Депомыз жаңа­рып, толығып жатқанына өте қуаныштымын. Келгенімізге 2 күн болды. Үш тепловозды тексеріп үлгердік, енді екеуін жіті қараймыз. Содан соң осы маңнан 5 тепловозды бір-біріне тіркеп, шойын жолға шыға берсек болады», дейді Қызылорда депосынан келген Мұратжан Бекетов.

Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың АҚШ-қа жасаған сапары кезінде АҚШ Сауда министрі Говард Латниктің қатысуымен америкалық «Wabtec» компаниясымен жалпы сомасы 4,2 млрд долларға жуық келісімге қол қою рәсімі өтті. Құжатта елімізде техникалық тұрғыдан жетілдірілген 300 локомотив шығару, сондай-ақ оған сервистік қызмет көрсету қарастырылған. Жалпы, бұл компания өндіріске 230 млн доллардан астам инвес­тиция құйған. «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС бас директорының локомотив шаруашылығы жөнін­дегі орынбасары Асан Үмбетов айтқандай, «Wabtec»-пен жасалған келісімшарт негі­зінде 2027 жылдан 2036 жылға дейін 300 жүк таситын локомотив шығарылып, ҚТЖ-ға беріледі.

«4,2 млрд долларға жасалған келісімшарт аясында компания тек 300 локомотив жасау­мен шектелмейді. Елімізде бұрыннан қатынайтын 405 локомотивке сервистік көмек көрсету бойынша шарттар 2058 жылға дейін ұзарады. Жаңадан жасалатын локомотивтерге де 18 жылға дейін сервистік қыз­мет көрсетіледі. Жылжымалы құрам­ды есепке алу, бақылау, диаг­ностикалау үшін «Kinetix» цифрлық жүйесінің 5 жиын­тығы жеткізіледі. Бүгінде ком­панияның 8 техникалық қызмет көрсететін орталығы бар. Онда 150-ге жуық адам жұ­мыспен қамтылған. Жаңа ке­лісім­шарт бойынша тағы 5 тех­­никалық қызмет көрсету орта­лығын ашу жоспарда бар. Олар Бейнеу, Қазалы, Жезқазған, Мойынты және Тобыл стансаларында орналасады», дейді Асан Үмбетов.

10 жылда түгел пайдалануға берілетін 300 локомотив жаңар­ған, бұрынғыдан қуаттырақ нұсқада болады. Қозғалтқышы, компрессорлары мықтырақ. Дизель отынын азырақ тұтына­ды. Жұмысқа 95 пайыз дайын тұрады. Бір жылда шамамен 18 күн ғана жөндеуге түсіп, техни­калық қызмет көрсетуден өтуі мүмкін. Басқа күндердің барлығында тоқтаусыз жұмыс істей береді.