• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Экономика Бүгін, 08:40

Автоөндірістің айшықты белесі

20 рет
көрсетілді

Қостанайдағы «Аллюр» зауыты бүгінде «JAC», «Chevrolet», «Jetour», «Skoda», «Hongqi» брендтерін шығарып жатыр. Отандық автокөлік нарығындағы үлесі – 61%. Зауыт құрастырып шығарған «Chevrolet» жеңіл көліктері ел көлеміндегі жаңа автомобильдер сатылымында алдыңғы орында тұр. 2021 жылы аталған компанияның портфеліне «Kia» бренді қосылған соң сатылым көлемі бірден үш есе өсті. Ал 2023 жылы компания жылдың аймақтық дистрибьюторы атанды.

Зауыт жұмыс істеген 14 жылда 500 мыңға жуық автомобиль құрас­­тыр­­ды. Кәсіпорын­нан шыққан жеңіл көліктер ел аума­ғынан тыс, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Беларусь елдеріне экспортталады.

«Әлемде көлік құрастыра­тын зауыттардың ешқайсысы бөлшектерді өздері өндірмейді. Біздің кәсіпорындағы жағдай да соған ұқсас. Әр көлік маркасының тетіктерін өзара келісімшарт аясында әртүрлі шетелдік зауыттардан алдырамыз. Бастысы, көліктер барлық шеберханадағы білікті мамандардың қолынан өтіп, жоғары технологиялы қон­­дыр­ғылардың көмегімен құрас­ты­рылады. Негізгі мақса­ты­мыз – халықаралық сапа нор­маларына сәйкес келетін бәсе­кеге қабілетті өнім шығару», дейді компания директоры Сырым Семейбаев.

Былтыр маусымда кәсіпорын пластика бояу цехын іске қосты. Толықтай автоматтандырылған жаңа цех жылына автокөлікке қажет 62 мың пластика бұйымда­рын өңдеп шығарады. Мұндағы өнім шығару үдерісін толықтай автоматты конвейерлер мен роботтандырылған қондырғылар атқарады. Жаңа цехтың ашылуы бұған дейін көлік шанағы мен пластикалық бөлшектерді қатар бояп келген негізгі бояу цехының жұмыс жүктемесін азайтып, CKD өндірісінің үлесін ұлғайту арқылы өндіріс қуа­тын арттыруға жол ашып отыр. Пластика бояу цехында алты робот жұмыс істейді. Мұндағы өндіріс желісінің өзі төрт аймаққа бөлінген. Бояу камераларындағы жұмыстың бәрін робот операторлар басқару пункті арқы­лы бақылайды. Яғни бояу цехын­дағы денсаулыққа едәуір зиян келтіретін жұмысты робот атқарады.

Бүгінде кәсіпорында 3 800 адам жұмыс істейді. Жұмыс­шылардың бәрі тегін тамақпен, арнайы киіммен қамтамасыз етілген. Бояу цехының шебері Раушан Байбатжанова зауытта он шақты жылдан бері жұмыс істейді. Күнделікті міндеті – бояу цехынан жаңа шыққан көлік шанақтарының сыртқы қабатын тегістеп, жыл­тырату. Аталған цехта Раушан­нан өзге жиырма шақты әйел бар. Бір бригада бір ауысым ішінде жиырмаға жуық автокөлік шанағын өңдеп шығарады.

«Жұмысқа қызметтік автобуспен келіп, қайтамыз. Бояу цехындағы жұмысымыз да қы­зық. Әдетте жай адамға жаңа сырланған автокөліктің сыр­ты мінсіз әрі теп-тегіс болып көрінуі мүмкін. Ал мен сырт көзге көрінбейтін ұсақ кем­шіліктерді бірден байқаймын. Шанақтың сыртқы тегістігін сау­сақ­пен сезі­не білу керек», дейді цех шебері.

86 мың шаршы метр аумақ­ты алып жатқан зауытта 7 өн­­­­ді­ріс­тік цех жұмыс істей­ді. Кә­­­­сіпорынның жас маман, жаңа кадрлары зауыт жанынан ашыл­­ған «SAP University» орта­лы­­ғында жүйелі түрде білім же­тіл­діріп, кәсіби біліктілігін арт­тырады. Зауытта жаңа техно­логия­ның тілін жетік білетін заманауи білімі бар инженер-технолог жастар жұмыс істеп жатыр. Мысалы, кәсіпорын маманы Арман Зәкіров – «Джепикс» деп аталатын «ақылды» құрылғының маманы. Екі жылдан бері осы құрылғыны басқарады.

«Бұл – біздің зауытта ғана бар жаңа мамандық. «Chevrolet Onix»-тің CKD өндірісін арнайы бағдарламаның көмегімен бастан-аяқ бақылаймын. Басты міндетім – көлік өндірісіндегі сапаны бақылау. Мұның сыртында, әр жылы шыққан автокө­ліктердің әріптері де ауысып отырады. Соның бәрін алдын ала қадағалау керек. Мысалы, дәнекерлеу цехынан шыққан автокөлік шанағына пин-код саламыз. Одан кейін автокөлік бояу цехына, кейін ұсақ торапты құрастыру цехына кіреді. Біз өндіріс үдерісінде қандай да бір қателік кетіп қалмау үшін олардың порт нөмірлерін, барлық мәліметті алдын ала ауыс­­тырып, жаңалап отырамыз. Өзім басқаратын «ақылды» құрыл­ғының тілін толық игеріп алдым. Бірақ мұнымен жұмыс істеу үшін күн сайын білім жетілдіріп отыру қажет. Өйткені мұнда сан алуан жүйемен жұ­мыс істеуге тура келеді. АІ сала­сынан хабардар болуың шарт. Өткен жылдан бері 3 мың­нан аса «Chevrolet Onix» автокө­лігін шығардық. Сол үш мың көліктің техникалық сапасы, дәнекерленуі, боялуы – бәрі-бәрі біздің бақылауымыздан өтті», дейді жас маман.

«Аллюр» «Chevrolet Onix» өндірісін 2024 жылы іске қосқан. Жоба аясында қарастырылған инвестиция көлемі – шамамен 33,7 млрд теңге.

Автозауыт бүгінде «Allur Campus» атты заманауи тұр­ғын үй кешенін салып жатыр. Жалпы ауданы 13,5 мың шаршы метрден асатын 9 қабатты кірпіш үйде жас отбасылар тұра­тын 71, студенттер тұра­тын 60 және қонақтарға арнал­ған 20 бөлме бар. Кампус аума­ғында медициналық пункт, кітап­­хана, компьютер сыныбы, жат­­тығу залы, кір жуатын бөлме жұ­мыс істейтін болады. «Аллюр» компаниясының жеке қа­ра­жатына салынып жат­қан кам­пус таяу күндері пайдала­нуға беріледі деп жоспарланып отыр.

Алдағы уақытта авто­­зауыт бас­­­шы­лығы «Allur Campus» аума­ғын кеңейтіп, 260 орындық балабақша, футбол, баскетбол алаңдарын, жүгіру жолдарын, «workout» аймағы мен үстел теннисіне арналған алаңқайлар салуды жоспарлап отыр.

 

Қостанай облысы