Үкімет басшысы Олжас Бектенов қытайлық Zijin Mining Group компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Чэнь Цзиньхэмен инвестициялық ынтымақтастық мәселелері бойынша кездесу өткізді, деп жазады Egemen.kz.
Кездесу барысында Ақмола облысында тау-кен металлургия саласындағы ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру бойынша бірлескен шаралар қаралды. Сонымен қатар геологиялық барлау және жаңа кен орындарының әлеуетін ашудағы өзара тиімді ынтымақтастық мәселесі талқыланды.
Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстан Үкіметі қосылған құны жоғары инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қажетті жәрдем көрсететінін атап өтті. Серіктестік пайдалы қазбаларды өндіру көлемінің өсуіне, тұрақты жұмыс орындарын құруға және өндірістің озық, экологиялық тұрақты технологияларын енгізуге ықпал етуі тиіс.
Өз кезегінде Zijin Mining Group директорлар кеңесінің төрағасы Чэнь Цзиньхэ еліміздегі инвестициялар үшін қолайлы жағдай жасау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға оң баға беріп, Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін білдірді.
Айта кетейік, Zijin Mining Group – металлургия саласындағы әлемдегі ең ірі компаниялардың бірі. 15 елде 30 жобаны жүзеге асырады.