Құжат ауыстыру кезінде көп адам түрлі қиындыққа тап болады. Әсіресе аты-жөнін қазақшалау кезінде құжат сәйкессіздігі мен виза мәселесі көпшілікті алаңдатады. Экономист Мақсат Халық осы үдерісті басынан өткеріп, тәжірибесімен бөлісті.
«Көптен бері тегімдегі «ов» жалғауын алып тастағым келіп жүрген. Бірақ менің әкемнің есімі кезінде орыстандыру кезінде бұрмаланып, «Халық» сөзі «Калик» болып кеткен. Соның салдарынан менің тегім де «Каликов» болып жазылды», дейді ол.
Алғашында Халыққа қызмет көрсету орталығында қызметкерлер текті «Қалық» деп жазуды ұсынған. Бірақ бұл нұсқа көңілінен шықпаған соң, ол Тіл білімі институтына барып, ресми анықтама алған. Ғалымдар «Калик» сөзі қазақ тілінде жоқ, оның түпнұсқасы «Халық» деген қорытынды берген. Соның негізінде ол туу туралы куәлігін, жеке куәлігін, паспорты мен басқа құжаттарын кезең-кезеңімен жаңартқан.
«Менің АҚШ еліне 10 жылдық визам бар еді. Сол үшін уайымдадым. Бірақ бәрі оңай екен. Визасы бар ескі паспорт жарамсыз болмайды. Тек оны мерзімі біткенше өзіңізбен бірге ұстайсыз. Жаңа паспортпен бірге көрсету жеткілікті», дейді Мақсат Халық.
Диплом мен басқа ресми құжаттарға қатысты да алаңдаудың қажеті жоқ. Халыққа қызмет көрсету орталығы «азаматтың аты-жөні өзгергені расталады» деген анықтама береді. Сол анықтама барлық жерде жарайды.
«Аты-жөніңізді қазақша жазып, ұлттық болмысыңызға сай ету – уақыт пен табандылықты талап ететін шаруа. Бірақ қорқудың қажеті жоқ. Әрқайсымыз осылай әрекет етсек, тілімізге де, ұлттық санаға да құрмет арта түседі», дейді ол.