Кеше Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен кезекті жалпы отырыс өтіп, депутаттар Құрылыс кодексінің жобасы мен бірнеше заң жобасын талқылап, қабылдады. Сондай-ақ әдеттегідей депутаттық сауалдарын жолдады.
Бірыңғай портал іске қосылады
Алғашқы талқыланған екі құжат – Құрылыс кодексінің жобасы мен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сәулет, қала құрылысы және құрылыс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бір-бірімен байланысты болғандықтан, екі мәселе бойынша Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев баяндама жасады.
Ол жалпы ішкі өнімінің алты пайызын құрап отырған құрылыс саласы еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз ететін экономиканың негізгі бағытының бірі екенін, кейінгі 15 жылда орта есеппен жылына 7 пайыз өсім көрсеткенін айта келе, қазіргі таңда сала жаңа талаптар мен заманауи тәсілдерді енгізуді қажет ететінін жеткізді.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жаңа Құрылыс кодексін қабылдау – уақыт талабы. Құрылыс кодексінің жобасы заман талабына сай әзірленіп, саланың тұрақты дамуына негіз болмақ. Өздеріңізге мәлім, қала құрылысын реттеуде құжаттардың нақты иерархиясы қалыптасқан. Оларға елдің аумақтық дамуының Бас схемасы, өңірлердің аумақтық жобалау схемалары, қалалардың Бас жоспары және нақты жобалау жоспарлары кіреді. Бұрын қаланың Бас жоспары ғана міндетті сараптамадан өтетін. Ал нақты жоспарлар жергілікті деңгейде әкімнің шешімімен бекітіліп, тексеріссіз қабылданатын. Соның салдарынан құрылыс нормалары жиі бұзылып, ретсіз және заңсыз нысандар бой көтерген жағдайлар болды. Осы олқылықты жою үшін 2024 жылдан бастап барлық әзірленіп жатқан немесе түзетілетін қала құрылыс жобалары, оның ішінде нақты жобалау жоспарлары арнайы сараптамадан өтеді», деді ол.
Сондай-ақ министр сейсмикалық аймақтардың қала құрылысын жоспарлау ерекшеліктері, құрылыс компанияларын лицензиялау, сертификаттау, рұқсаттар тізілімі, құрылыс саласындағы кеңестік дәуірден қалған ережелер мен нормаларды реформалау, саланы мемлекеттік бақылау бойынша жұмыстарға тоқталып, жыл басында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құрылыс саласына бағытталған бірқатар міндет, соның ішінде жыл соңына дейін барлық үдерісті толық цифрландыруды қамтамасыз ететін Бірыңғай ақпараттық жүйе әзірлеу мәселесіне тоқталды.
Оның айтуынша, қазірдің өзінде салада бірнеше ақпараттық жүйе жұмыс істейді. Олар – жоспарлау мен ғимараттарды бұзу АИС ГГК ақпараттық жүйесінде, сараптама e-PSD жүйесінде және құрылыс кезеңі e-Qurylys жүйесінде жүргізіледі. «Алайда аталған жүйелер әрқайсысы дербес жұмыс істеп тұр. Кодексте Мемлекеттік ақпараттық модельдер банкі функционалын кеңейту негізінде Бірыңғай құрылыс порталын құру көзделген. Яғни құрылыс саласындағы барлық қызмет «бір терезе» қағидаты бойынша көрсетіледі», деді ол.
Сейсмикалық аймақтарға көңіл бөлінген бе?
Министр баяндамасынан кейін сөз алған депутат Айтуар Қошмамбетов баяндамашыдан құрылыс саласын цифрландыру мен бірыңғай портал құру туралы бастаманың жақсы екенін, алайда оны қай уақытта іске қосатыны жайында ешқандай сөз айтылмағаны туралы сұрақ қойды.
«Қазіргі таңда бұл жүйе дайын тұр. Енді біз қараша айына дейін қалған екі жүйені ортақ порталға енгізуіміз керек. Олар – жекеменшік сараптама мен мемлекеттік сараптама. Бәрі жақса болса, алдағы жылдың басынан портал толыққанды іске қосылады», деп жауап берді министр.
Ал депутат Бақытжан Базарбек Алматы секілді көптеген қаланың сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқанын, осыған орай тектоникалық жарықтар орналасқан және сел көшуі мүмкін жерлерге құрылыс жұмыстарын жүргізуге тыйым салына ма деген сұрағын жолдады. Министр Е.Нағаспаев адам өміріне қауіпті аймақтарға құрылыс салынбайтынын, алайда бұған қатысты әзірге заңдық негіз жоқ екенін, бұл мәселені заңнамаға енгізу үшін әлі де талқылауға болатынын айтып, екіұшты жауап берді.
Құрылыс кодексі және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сәулет, қала құрылысы және құрылыс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары бойынша қосалқы баяндама жасаған депутат, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Мұрат Әбенов бұл құжаттар Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауын іске асыру мақсатында дайындалғанын атап өтті. Жаңа Құрылыс кодексі адам өмірі мен қызметі үшін қолайлы және қауіпсіз ортаны қалыптастыру, соның ішінде халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтары үшін кедергісіз қолжетімділікті қамтамасыз ету, қоғамның сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі жөніндегі шешімдерді талқылауға қатысуына, сондай-ақ қоғамдық немесе жеке мүдделерге әсер ететін шешімдер бойынша ұсыныстар енгізуіне мүмкіндік беру, саладағы құқық бұзушылықтарға уақтылы ден қою үшін жедел ықпал ету шараларын енгізу секілді бірқатар маңызды мақсатты көздеп әзірленгеніне тоқталды.
«Құрылыс кодексінің және оған ілеспе заң жобалары 55 жұмыс тобының отырысында және комитеттің кеңейтілген отырысында жан-жақты талқыланды. Бүгінде Құрылыс кодексінің жобасы бойынша депутаттардан 1 725 ұсыныс, ал ілеспе заң жобасы бойынша 72 ұсыныс келіп түсті. Жұмыс тобы ұсыныстарды белсенді түрде талқылап жатыр. Мәжілістің барлық комитеті заң жобасы бойынша өз қорытындыларын берді», деген депутат әріптестерін жобаны қолдауға шақырды.
Бала өмірінен қымбат нәрсе жоқ
Баяндамалардан кейін сөз алған депутат Нұртай Сабильянов бірқатар маңызды мәселеге тоқталды. Соның бірі – салынған ғимараттардың кепілді мерзімін 2 жылдан 5 жылға дейін ұзарту. Оның айтуынша, бұл қолданылатын құрылыс материалдарының, жасалатын жобалардың, тапсырыс беруші мен мердігердің жауапкершілігін арттыратын тетік. Бір сөзбен айтқанда, тұрғызылатын нысанның сапасы жоғарылайды. Сонымен қатар ол депутаттар тарапынан ғимараттың конструкциясына, шатыры мен қасбетіне кепілді мерзімді 10 жылға дейін ұзарту ұсынылып отырғанын да жеткізді.
Ал депутат Асхат Аймағамбетов Құрылыс кодексінің жобасын жалпы қолдайтынын, алайда әлеуметтік салаға тікелей қатысты бірқатар түйткілді, принципиалды мәселелер әлі шешімін таппағанын айтты.
«Біздің кейбір түзетулеріміз қабылданбай отыр. Мәселен, біз мектептер мен балабақшалар үйлерден кейін емес, үйлермен бірге салынуы керек деген маңызды норманы қабылдап едік. Бұл норма енді ғана жұмыс істей бастады. Алайда мына кодекс жобасында ол жоқ болып шықты. Неліктен? Оны алып тастау кімге керек болды? Қазір шағын аудандар саны мектептер мен емханалардан да көбейіп барады. Адамдар ол жерге көшіп барады, бірақ балаларына оқитын жер жоқ. Екіншіден, балалар қауіпсіздігі – үнемдейтін нәрсе емес. Былтыр біз барлық әлеуметтік нысандар мен көпқабатты үйлер қауіпсіздік құлпы бар терезелермен жабдықталуға тиіс деген тағы бір маңызды норманы қабылдаған едік. Өйткені жыл сайын жүздеген бала терезеден құлап қайтыс болып жатыр. Біздің ұстанымымыз – балалар өмірін қорғау. Алайда бұл норма да жаңа кодексте жоқ. Неге?» деген депутат мұндай құлыптар құрылыс компанияларының қалтасына ауыр тиген болуы мүмкін деген болжамын айтты. Ол балалар өмірінен қымбат ештеңе жоқ екеніне тоқталып, бұл норманың кодекстен орын алуына бар күшін салатынын жеткізді.
Сондай-ақ палата отырысы барысында «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне көмірсутектер мен уран саласындағы жер қойнауын пайдалануды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралып, депутат, Экология мәселелері және табиғатты пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршин баяндама жасаса, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бойынша депутат, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Нұрсұлтан Байтілесов сөз сөйледі.
Отырыс соңында бірқатар депутат мемлекеттік орган басшыларына сауалдарын жолдады.