• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Банк Бүгін, 08:50

Банктер экономикаға қаржы құюға неге енжар?

30 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда банктерге бос қаржы қаңтарылмай, ел ісіне жұмсалсын, өндіріс пен кәсіп өрісін кеңейтсін деп сәлем жолдады. Бірақ бүгінгі банктер­дің қалыбы бөлек. Нақты секторға несие беруден именеді. Халықаралық зерттеулерге үңілсек, бұл мәселе тіптен айқын көрінеді. Дүниежүзілік банктің зерттеуінде еліміз банк кредиті көлемі жағынан табысы ортадан төмен елдердің деңгейінде қалып отыр. Мәселен, Қытайда жеке сек­торға берілген несие ІЖӨ-нің 161%-ына тең, Малайзияда бұл көрсеткіш 120%-дан асады, Таиландта 116%-ды құрайды. Ал Қазақстан 178 елдің ішінде небәрі 116-орында тұр.

Төрт кезеңнен тұрады

Экономист Жарас Ахметовтің айтуынша, елдегі банктердің несие беру тарихына қарасақ, оны төрт кезеңге бөлуге болады.

«Бірінші кезеңде транс­формациялық реформалар мен экономикалық құл­дырау қатар жүрді. Ол кезде несие көлемі ІЖӨ-нің бар болғаны 5%-ына дейін төмендеді. Екінші кезең 90-жыл­дардың соңындағы қайта қалпына келу уақыты болды. Экономикамен бірге банк несиесі де өсті, шарықтау шегінде 59%-ға жетті. Үшінші кезең жаһандық қаржы дағдарысынан кейін бас­талды. 2008 жылдан соң ел экономикасы бұрынғыдай жоғары қарқын көр­сете алмады. Алдыңғы кезеңде банк­тер көптеген сапасыз қарыз беріп қой­ған еді, салдарынан бүкіл сектор ұзақ жыл бойы ауыр мәселелерді ше­шу­­мен айналысты. Ақырында жеке сек­­торға берілген несие ІЖӨ-нің 21%-ы­на де­йін төмендеді. Төртінші кезең Жаңа Қазақ­стан бастамаларымен тұспа-тұс келді. Экономиканы жедел­дету бағытында жаңа қа­дамдар жаса­лып-ақ жатыр, бірақ несиенің өсу қар­қыны тым баяу. Қазіргі көрсеткіш – не­бәрі 25% шамасында», деп түсіндірді экономист.

 

Қалай мүдделі етеміз?

Экономист Бауыржан Ыс­қақ­тың сөзінше, бас банктің базалық мөлшер­лемесі жоғары деңгейде (16,5%) тұрған кезде банктер үшін мемлекет шығарған бағалы қағаздарды сатып алу әлдеқайда тиімді. Өйткені тәуе­келі аз, табысы тұрақты. Ал зауыттарға немесе өндірістік жобаларға несие берудің тәуекелі көп, қайтарымы да белгісіз.

Екіншіден, несие қайтпай қалу қаупі бар. Ресми деректерде ушыққан кре­диттердің үлесі төмен көрінгенімен, іс жүзінде кешігіп жатқан, қайтарылмай жатқан қарыз аз емес. Үшін­шіден, халыққа жедел несие беру банктерге ыңғайлы. Құжаты аз һәм кепілсіз, табысы тез. Ал кәсіпорынға несие берсе, оның бизнес-жоспарын зерттеп, кепілін бағалап, ұзақ келісімдер жүргізу қажет. Кәсіпорын алған қарызын қайтармаса, кепілді өндіріп алудың ұзаққа созылатыны тағы бар.

«Ең алдымен мемлекет тәуе­келді бірге бөлісуі керек. «Даму» қоры арқылы ке­пілдік беру – соның бір жолы. Егер кәсіпорын несиесін қайтара алмаса, қарыздың бір бөлігін мемлекет өтейді. Бұл банкті батылырақ несие беруге итермелейді. Сосын ұзақмерзімді арзан қаржы беру де маңызды. Ұлттық банк немесе даму институттары арқылы ауыл шаруашылығы мен өндіріс саласына жеңілдетілген несие желісі ашылуға тиіс. Құнды қағаздар нарығын дамытуды да естен шығармағанымыз абзал. Зауыттар мен компанияларға облигация шығарып, ірі инвесторлардан ақша тартуға мүмкіндік беру қажет. Тағы бір қадам – тұтынушылық несиеге шектеу қою. Халыққа кредит беруді азайтып, соның есебінен бизнес­ке несие беруді ынталандыруға болады. Сонымен қатар кепілді өндіріп алу мен банкроттық процедураларын жеңілдету маңызды. Егер заң неғұрлым тиімді болса, банк­тер тәуекелден қорықпайды. Тағы бір тетік – бәсекені арттыру. Елге шетелдік банктердің келуін жеңілдету қажет. Олар келгенде пайыздық мөлшерлеме түсіп, отандық банк­тер де бизнеске көбірек несие беруге мәжбүр болады», деді сарапшы.

 

Экономикадан тыс факторлар

Жарас Ахметовтің айтуын­ша, бұл түйткілдің эконо­ми­калық фактор­дан тыс, инс­ти­туционалдық кемшілік­тері де бар. Солардың ішіндегі ең маңыз­дыларының бірі – заң үстемдігі. «V-Dem» институты есептейтін заң үстемдігі индексі заңдардың қаншалықты әділ, ашық, болжамды, тәуелсіз әрі бірдей қолданылатынын көрсетеді. Егер заңдар әділ орындалмаса, мемлекеттік қызмет­шілердің әрекеті заңға сай болмаса, банк­терге қосымша тәуекелдер пайда болады. Мұндай жағдайда банктер ұзақмерзімді несие беруге құлықты болмайды, себебі болашақтағы белгісіздіктің бағасы тым жоғары.

«Дүниежүзі бойынша заң үстемдігі индексі мен банктік кредит көлемінің арасында жоғары байланыс бар, корреляция коэффициенті 0,776-ға тең. Еліміз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ғана әлемдік орташа деңгейге жақындай алды. Кейін заң үстемдігі әлсірей түсті. Бұл үрдіс 2018 жылға дейін жалғасты. Сосын қайтадан орташа көр­сеткішке жақындай бастады. Тағы ірі фактор – жеке биліктің шоғырлануы. Қаншалықты билік тар шеңберде шоғырланса, соншалықты нарықтық инс­титуттар әлсірейді», дейді Ж.Ахметов.

Әлемдік статистикаға сүйен­сек, жеке биліктің шоғыр­ла­нуы мен банктік кредиттің арасындағы корреляция коэффи­циенті 0,803-ті құрайды. Ал бізде заң үстемдігі индексі мен жеке билік индексінің арасындағы байланыс тіпті күшті, коэффициент -0,96 деңгейінде. Бұл билік неғұрлым шоғырланған сайын, заң үстемдігі соғұрлым әлсірейтінін айқын көрсетеді.

 

Қажетті қаржы қоры жоқ па?

«2024 жылы ел бойынша негізгі капиталға 19,4 трлн теңге инвестиция салынған. Оның басым бөлігі, яғни 64%-ы – жеке инвесторлардың қаржысы. 21% шамасында қаражатты мемлекет бөлген. Ал қарызға алынған қаражаттың үлесі небәрі 10% болды. Соның ішінде банктердің бергені бар болғаны 3,8% ғана, яғни 741 млрд теңге», дейді Мәжіліс депутаты Дания Еспаева.

 

Экономист Айбар Олжай болса, банктердің балансында 2 млрд доллар шамасында қаражат бос жатыр деген болжамын айтады.

«Бұл қаражат банктердің қаржылық тұрақтылығын қам­тамасыз етіп отыр. Бірақ олар көбіне тек азаматтарға тұтыну­шы­лық кредит беруге ғана қол­данады. Яғни халық несие алып, тұтынуын арттырып жатыр, ал керісінше, экономика жобалар арқылы ақша таба алмай, бюджеттен қарыз алуға мәжбүр. Осындай жағдайда банктерде 1 трлн теңгеден астам қаржының бос жатуы экономикалық тұр­ғыдан алғанда орынсыз», дейді ол.