• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Энергетика Бүгін, 18:57

Өңірде жылу беру маусымы басталды

20 рет
көрсетілді

Қысқы 2025-2026 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары аяқталуға жақын. Биыл бұл шараларды іске асыруға 43 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Қаражат негізгі бағыттар бойынша 11 инвестициялық жобаға – 10,2 миллиард теңге, көмір мен мазут сатып алуға – 6 миллиард теңгеден астам, коммуналдық нысандардың жөндеу науқанына – 15,5 миллиард теңге, сондай-ақ, «АРЭК» АҚ мен «Көкшетау Энерго» ЖШС ірі энергия компанияларының жөндеу жұмыстарына – 11,4 миллиард теңге көлемінде бөлініп отыр, деп жазады Egemen.kz.

Ақмола облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметінше, биыл бес маңызды нысан пайдалануға берілмекші. Олар Көкшетаудағы күл үйіндісі, автоматтандырылған мониторинг жүйесі және технологиялық процестерді басқару жүйесі, сондай-ақ, Ақкөлде төрт тұрғын үйге арналған қазандық және Ерейментаудағы №5 қазандықтың резервтік желісі. Нәтижесінде 8 мыңнан астам абонент сапалы жылумен қамтылады.

Бұдан бөлек, облыста Ақкөл, Егіндікөл, Шортанды аудандарында және Қызылжар ауылында төрт блок-модульді қазандықты орнату жоспарланған. Оның екеуі пайдалануға берілді, қалған екеуі төртінші тоқсанында аяқталады. Қазандық агрегаттарын жыл сайын жаңарту бағдарламасы да орындалды. Өңірде 90 коммуналдық қазандық жұмыс істейді, онда шамамен 300 бу қазандығы бар. Биыл 59 жабдықты ауыстыру жоспарланса, олардың барлығы дерлік орнатылды, тек Аршалы ауданындағы үш қазандық жақын уақытта іске қосылады.

Сонымен қатар, Аршалы, Астрахан, Егіндікөл, Ерейментау және Жарқайың аудандарында ұзындығы 9,7 шақырым жылу желілерін жөндеу жұмыстары да аяқталды. Бұл жұмыстар толық көлемінде орындалды. Көкшетау, Степногорск және Атбасар қалаларында жалпы ұзындығы 17,2 шақырым жылу желілерін қайта құру жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда Көкшетауда Саин және Потанин көшелерінде бұл жұмыс толық аяқталды, Атбасарда 1 шақырымнан астам учаскеде жөндеу жүргізілді, Степногорскіде магистральдық желілердің 15 шақырымнан астамы жаңартылып, жөнделді.

Мамандардың есебінше, атқарылған жұмыстар жылу желілерінің тозуын 39 пайыздан 37 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы атап өткеніндей, жылу беру маусымына дайындық барысына тұрақты түрде мониторинг жүргізілуде. Қабылданған бұл шаралар жылыту кезеңінің ойдағыдай өтуіне игі ықпалын тигізері сөзсіз.

Ақмола облысы.