• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 08:50

Мың түйелік керуен

10 рет
көрсетілді

Іле ауданы, Күрті ауылдық округіндегі «Дәулет-Бекет» ЖШС Гиннестің рекордын жаңарту мақсатында «Әлемдегі ең үлкен түйе керуені – 2025» іс-шарасын өткізді.

Бастама Алматы облысы әкім­дігінің қолдауымен, «Дәулет-Бекет» компаниясының жетекші­лігімен жүзеге асты. Керуен құрамына 1000 түйе енгізіліп, олар арнайы дайындалған бір шақырымдық жолды жүріп өтті. Бұған дейінгі әлемдік рекорд 2022 жылы Қытайда тіркелген болатын. Ол кезде тек 365 түйе қатысқан еді. Осылайша, еліміз бұл жетістікті үш еседен астам арттырып, әлем назарын өзіне аударды.

Алматы облысы әкімінің орынбаса­ры Бақытнұр Бақытұлы салтанатты іс-шара­ға қатысушыларды құттықтай келіп: «Бұл – тек мәдени іс-шара емес. Бүгінгі мың түйеден құралған керуен халқымыздың көшпелі өмір салтының мұрасын әлемге паш еткен тарихи оқиға», деп атап өтті.

Ұлттық рухты жаңғырту, көшпелі мәдениетті дәріптеу, сондай-ақ туризм мен кәсіпкерлікті дамыту мақсатында өткен  іс-шарасы аясында ұлттық қолөнер көрмесі ұйымдастырылды. Ұлттық нақыштағы бес киіз үй тігіліп, қонақтарға дәстүрлі тағамдар ұсынылды.

«Әлемдегі ең үлкен түйе керуеніне бел буғаныма 6 ай болды. Арнайы комиссия тексеріп, малдың бір қолда тіркелгенін, оның паспортын анықтауға 3 ай уақыт кетті. Түйені керуенге дайындауға тағы да 3 ай мерзім өтті. Бүгін ойға алған ісіміз сәтті аяқталды. Түйе керуенін екі жақтан видеофиксация жасады. Оны арнайы комиссия 2 аптадан 3 ай аралығында қа­рап, қоры­тындысын шығарады», – деді «Дәулет-Бекет» ЖШС-нің директоры Сыдық Дәулетов.

2001 жылы құрылған шаруашылықта бүгінде 5 мыңнан астам ойсылқара өсі­ріледі. Өрісін қазақтың қос өркешті түйесі, түрікменнің арвана тұқымдарымен толтырып отырған серіктестіктің жалпы жер көлемі 28 812 гектарды құрайды. Орташа есеппен тәулігіне 5000–7000 литр сүт неміс технологиясымен сауылады. 2021 жылы жеке инвестор есебінен түйе сүтін ұнтақ сүтке айналдыратын жаңа заманауи зауыт іске қосылды. Онда тәулігіне 1 тонна, айына 30 тоннаға дейін шұбат ұнтағы шығарылады. Кәсіпорынның табиғи таза өнімдері елімізден өзге, Қытай, Ресей мемлекеттеріне экспортталады. Фермада 100 орынға арналған шұбат, саумалмен емдеу орталығы жұмыс істейді. Осы күнге дейін он мыңға жуық адам түйе сүтінің терапиясын қабылдаған.

Сонымен қатар Алматы қаласында «Сыдық» атты арнайы дәмханалары тұтыну­шыларға қызмет көрсетеді. Түйе сүтінен жасалған құрт-ірімшік түрлерін көбейту, 30 млрд теңгеге күре жолдың бойынан сапа стандарттарына сай түйе өнімін өңдеудің кластерін жасау жоспарда бар. Серіктестік басшысы келешекте түйе санын 10–15 мыңға жеткізуді көздеп отыр.

Іс-шараға Англиядан арнайы келген Гиннестің рекордтар кітабының өкілі Ричард Стэннинг қатысып, керуеннің әр қимылын қатаң бақылап отырды. «Мен мұндай көлемдегі түйе керуенін бірінші рет көріп отырмын. Қазақстанның бұл жетістігі ұлттық мәдени мұра ғана емес, бүкіл әлемдік қазына ретінде бағалануға тиіс», – деді ол.

 

Алматы облысы