«Қазақстан халқына» қоры құрылғалы бері Алматы облысының тұрғындарына жалпы сомасы 10,7 млрд теңге шамасында қайырымдылық көмегін көрсетті. Өңірде 21 әлеуметтік жоба жүзеге асырылды. Президент тапсырмасына сай қор қаражатын кәдеге жаратып жатқан мекемелерде жұмыс қарқынды жүргізіліп, қарапайым халық игілігін көріп отыр.
Соның бірі – Талғар ауданы Қызылқайрат ауылында орналасқан «Психоневрологиялық ауруларды және тірек-қимыл аппараты бұзылыстары бар балаларға арналған «Ақжол-М» оңалту орталығы». Іске қосылғанына он жылға жуықтаған орталыққа 2023 жылы «Қазақстан халқына» қоры 942 млн теңге қаржы қарастырып, заманауи озық үлгідегі жабдықтар сатып алып берді. Соның арқасында науқасқа дауа болатын соңғы үлгідегі кабинеттер саны артты. Нәтижесінде, бүгінде орталық 1 жастан 18 жасқа дейінгі 350-ге жуық науқас балаға тиімді көмек көрсетіп жатыр.
«Балам қазір 18 жаста. Талмасы ұстап қалады. Дәретке де дұрыс отыра алмай, жаялықпен жүруге мәжбүр. Осы орталыққа келіп, ем алғалы бері тәуір болып қалды. Балаларды аяғынан тұрғызуына сеп болып жатқан қайырымды, мейірімді жандарға алғысымызды білдіреміз», дейді науқас баланың анасы Ләйлә Тұғылбаева.
Заманауи құрылғылармен жабдықталған орталықта білікті мамандар жұмыс істейді.
«ДЦП балаларды қабылдаймыз. Мұнда дәрігер тағайындаған диагнозына қарай 20–40 минут жатады. Ем алған балалар он күн сайын демалады. Қазірде сынақ жасап, аутизм балаларды да ұйқысын қалпына келтіру, өзін психологиялық тыныштандыру мақсатында алып жатырмыз. Құрғақ ваннаға жатқан кезде буындарға салмақ түспейді әрі буындар босайды. Одан шығып емдеу-сауықтыру кабинетіне барады. Мұнда буындарды ұстатуға мүмкіндік болады», дейді жүзу жөніндегі нұсқаушы Думан Сәдуақас.
Белбұлақ ауылында 14 пен 29 жас аралығындағы мүгедектігі бар азаматтарды инновациялық протездік-ортопедиялық бұйымдармен қамтамасыз ету орталығы орналасқан. Мекеме «Medicare International» ЖШС деп аталады. Мұнда жылына 2 мыңға жуық протез шығарылады. Бұл орталық та аталған қордың қамқорлығын көріп отыр. 2023 жылдан бері 196 адамға 213 инновациялық протез тарту еткен. Өнімнің жалпы құны 1 млрд 400 млн теңгені құрайды. Оның ішінде Алматы облысында 144 млн теңге игеріліп, 22 азамат игілігін көрген. Соның бірі 29 жастағы Ержігіт Мұқамедия. Осы орталықта жұмыс істейтін ол өзіне ыңғайлы әрі жайлы протез жасатып алғанына ризашылығын білдірді.
«Қор Мемлекет басшысының бастамасымен 2022 жылы ашылды. Содан бері қайырымдылық жобалары денсаулық сақтау, білім беру, сондай-ақ әлеуметтік қолдау салаларында жүзеге асырылып келеді», деді ҚХҚ аға жоба менеджері Динара Нұрқасымова.
Сондай-ақ «Қазақстан халқына» қоры 2022–2025 жылдар аралығында Алматы қаласында да жалпы сомасы 21,6 млрд теңгеге 20 қайырымдылық жоба мен бағдарламаны жүзеге асырды.
Алматы облысы