Талдықорған қаласы жыл сайын көркейіп, жаңарып келеді. Қала күні қарсаңында тұрғындарға ерекше тарту жасалып, «Құлагер» шағын ауданында аумағы 1,2 гектар болатын жаңа саябақ пайдалануға берілді. Бұл – «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында жүзеге асқан маңызды жоба.
Жаңа саябақ – өңір тұрғындарының демалыс пен бос уақытын тиімді өткізуіне арналған жаңа мәдени-әлеуметтік кеңістік. Мұнда автоматты суару жүйесі орнатылып, әсем газон төселген. Балалар үшін арнайы ойын алаңы, «workout» аймағы, шағын футбол алаңы, веложол және жаяу жүргіншілерге арналған жолдар қарастырылған. Сонымен бірге демалыс орындықтары мен заманауи жарық шамдары орнатылып, саябақ түнгі уақытта да жайлы әрі қауіпсіз болмақ.
«Ең басты жаңалықтың бірі – қалада тұңғыш рет орнатылған ерекше ойын кешені. Декоративті элементтері бар алып «Фрегат» кеме түріндегі балалар алаңы балдырғандардың қиялын шарықтатып, олардың ойынына жаңа серпін береді. Күз айында саябақ аумағына өңірдің табиғатына бейімделген 200-ден астам жапырақты және қылқан жапырақты ағаш отырғызамыз. Бұл жасыл желек болашақта саябақты нағыз тыныс алатын аймаққа айналдырмақ», дейді қала әкімі Ернат Бәзіл.
Кейінгі жылдары Талдықорғанда абаттандыру мен көгалдандыруға айрықша көңіл бөлінді. Биылдың өзінде бірнеше ауқымды жоба жүзеге асып отыр. Қараша айында «Бірлік» шағын ауданында жаңа гүлзар құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Сонымен қатар «Жастар» саябағы қайта жаңғыртылып, «Жеңіс» саябағының кіреберіс стелласы жөнделіп жатыр. Ал қаланың ең көрнекті орындарының бірі – орталық саябаққа Қабанбай батыр көшесі жағынан жаңа сәулетті арка орнатылмақ.
Бұл жұмыстың барлығы Талдықорғанның көркін ашып қана қоймай, тұрғындардың бос уақытын мәдениетті әрі жайлы өткізуіне мүмкіндік береді.
Жетісу облысы