Жыл басынан бері елімізде жұқпалы аурулар бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты болды. Профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шаралардың арқасында оба, тырысқақ, дифтерия, полиомиелит, іш сүзегі және паратифті қоса алғанда, 21 инфекциялық ауру тіркелмеген, деп жазады Egemen.kz.
Бүгінде инфекцияның 33 түрі бойынша жағдай төмендеген. А вирустық гепатиті — 2,5 есе, коронавирус инфекциясы — 1,6 есе, лямблиоз — 32%, аскаридоз — 21%, сальмонеллез — 7% азайған. Туберкулезбен сырқаттанғандар 12,6% , оның ішінде тыныс алу органдарының туберкулезімен – 11,5% - ға, бактерия бөлумен-4,14% - ға төмендегені байқалған. Сол секілді қызылша мен көкжөтел бойынша сырқаттанушылықты төмендету бойынша оң динамика байқалыпты. Мәселен, ағымдағы жылдың 8 айында қызылшамен ауырғандар өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 91%-ға төмендеді. Өкінішке қарай, аурудың осы түрі бес жасқа дейінгі балалар арасында әлі де тіркеледі. Олардың 75%-ы екпе алмаған. Көкжөтелге келетін болсақ, оның жиілігі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8 есе азайған. Науқастардың 87%-ын 5 жасқа дейінгі балалар құрайды, олардың 90%-ы вакцина салдырмаған. Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру бойынша эпидемияға қарсы іс-шаралар жалғасып жатқанын айтты.
«Қызылшаға қарсы 191 мыңнан астам бала, көкжөтелге, дифтерияға, сіреспеге қарсы — 235 мыңнан астам бала иммундаумен қамтылды. Ағымдағы жылдың 8 айында жоспарлы иммундау шеңберінде: қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы — 1 жастағы 220 519 бала және 6 жастағы 225 734 балаға екпе салынды. Көкжөтелге қарсы екпелерді 1 жасқа дейінгі 200 131 бала, 1 жастағы 216 625 бала және 6 жастағы 215 163 бала алды. Қазіргі уақытта эпидемиологиялық жағдайды толық тұрақтандыру үшін көзделген жастағы балаларды вакциналаумен қамту қажет. Осыған байланысты бас мемлекеттік дәрігер балалардың ата-аналарына үндеу тастады. Вакциналау – баланы қызылша мен көкжөтел сияқты жұқпалы аурулардан қорғаудың ең сенімді және дәлелденген әдісі. Вакциналау арқылы біз қоғамдық иммунитетті қалыптастыра аламыз және медициналық себептермен екпе салдыра алмайтындарды қорғай аламыз», дейді Сархат Бейсенова.
Қорыта келе айтар болсақ, елде қолданылатын вакциналар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының халықаралық стандарттары мен ұсыныстарына сәйкес келеді. Вакциналар қолданысқа берілмес бұрын қатаң сапа мен қауіпсіздік бақылауынан өтеді.