Алматы облысының орталығы Қонаев қаласының құрылғанына биыл 55 жыл толып отыр. Осыған орай, қалада алты күндік түрлі спорттық, мәдени, танымдық, қайырымдылық іс-шаралар бағдарламасы жасалып, шаһар көгінде әуезді ән-күй қалықтайды. Мерейтой шымылдығы қалалық мәдениет үйінде «Қонаев әуендері» ансамблінің тұсаукесер концертімен ашылды.
Сондай-ақ бұл күні аса көрнекті композитор Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы мен қазақтың біртуар ақыны Тұманбай Молдағалиевтің 90 жылдығы қатар аталып өтті. Мерекелік кеште олардың репертуарынан «Қайрат», «Аққу күйлері, «Құстар қайтқанда», «Куә бол», «Алатау» әндері шырқалды. Бұдан басқа да би композициялары орындалып, тыңдарман жүрегін тербеді.
«Қонаев қаласы облыс орталығы болғалы түрлі іс-шараларды ұйымдастырудамыз. Соның ішінде бүгінгісі ерекше әсер қалдырып отыр. «Қонаев әуендері» ансамблінің құрамында әншілер, бишілер, күйшілер, түрлі аспапта ойнайтын өнерпаздар бар. Бұл ұжым алдағы уақытта барлық мерекелік шараға қатысып, ел мәдениетін дамытуға атсалысады», деді қала әкімінің орынбасары Төлеген Кенжебеков.
Мәдениеті мен әдебиеті жанданып, руханият орталығына айналған шаһардың өнерін өрістетер өз ансамблі болғанына жергілікті тұрғындар да қуанып отыр.
«Биыл қазақ даласында халқымыздың маңдайына біткен хакім Абай Құнанбайұлы бастаған ұлы тұлғалардың, әдебиет пен мәдениеттің марқасқаларының мерейтойлары кең көлемде атап өтілуде. Осындай игі шараларға әр беріп, шығармашылық кештерді шарықтатар «Қонаев әуендері» ансамблінің құрылғанына балаша қуанып отырмыз. Енді өз өнер ұжымымыз бар. Қаламыздың 55 жылдығы құтты болсын!», дейді қала тұрғыны Айбек Ережеп.
Алматы облысы