• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 08:50

Қант зауыттарының қарқыны

10 рет
көрсетілді

Биыл егіс алқаптарын әртараптандыру нәтижесінде өңірде ауыл шаруашылығы дақылдары 510,7 мың гектарға себілді. Әсіресе қант өндірісінің дамуына ерекше көңіл бөлінді. Былтыр облыста рекордтық өнім жиналып, өңірдегі екі зауыт 67 мың тонна қант өндірген. Биыл тәтті түбірдің егіс алқабы 12,1 мың гектарға қысқарғанымен, 540 мың тонна қызылша жиналады деп күтіліп отыр.

Ақсу мен Көксу қант зауыттары биыл 78 мың тонна қант өндіруге тиіс. Оның 54 мың тоннасы қызылшадан, 24 мың тоннасы қамыс құрағынан алынады.

«Қызылша өсіруге ден қойып, алқапты ұлғайтып жат­қан­дардың қатарында біз, Ақсу ауданының шаруашы­лықтары да бармыз. Бұл дақылдың тұқы­мына бері­летін субсидия кө­лемі артты, зауыт­тар да сатып алу баға­сын көтерді. Ақсудағы қант зауы­тының өнім қабылдау көлемін ұлғайтуы да жағдай­ды оңалтуға септігін тигізді. Биылғы маусымда әр гектардан 100 тоннадан астам өнім жинаймыз деп жос­парлап отырмыз. Біздің шаруа­шылықта бұрын-соңды мұндай толымды өнім болмаған еді» дейді«Жа­ныс-К» ЖШС шаруа қожалығы­ның директоры Ғалбият Самарқанұлы.

Былтырғы маусымдық ке­зең­де ақсулық кәсіпорында 500-ден астам жұмысшы еңбек еткен. Қант қызылшасының негіз­гі көлемі Ақсу, Сарқан және Ала­көл аудандарынан жеткі­зілді. Қабылдау және өңдеу жұ­мыс­тары 6-7 айға созылып, зауыт үздіксіз режімде жұмыс істеді.

«Мемлекеттік қолдаудың арқасында шаруаларға 1 тонна өнімге 40 мың теңге төленді. 25 мың теңгесі субсидия, қалған 15 мың теңге зауыт есебінен берілді. Бұл шаралар фермерлердің қант қызылшасын өсіруге деген ынтасын арттырып, өнім көлемін ұлғайтуға үлкен әсер етті» дейді облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев.

Қазір зауыттың автоматтан­дырылуы мен өндірістік желі­лерін жаңарту жұмыстары қолға алынып жатыр. Бұл жаңғырту зауыттың жыл бойы үздіксіз жұ­мыс істеуіне жағдай жасайды. Биыл зауыт 350 мың тоннадан астам тәтті түбір қабылдауды жос­парлап отыр. Сөйтіп, өңір­де қант қызылшасын өңдеу қуа­­ты 800-900 мың тоннаға дейін жеткізілуге тиіс. Осыған орай қант қызылшасының егіс алқап­тары едәуір ұлғайған. Ауыл шаруа­шылығы тауар өн­­­ді­­рушілері тұқым, тыңайт­қыш, жанар-жағармай, техника­мен толық қамтамасыз етіл­ген. Соны­мен қатар жанар-жағар­май, тұқым мен тыңайтқышқа жеңілдетілген қаржыландыру және әкімшілік жеңілдіктер қарастырылған.

Ақсу қант зауыты қантпен қатар қант қызылшасынан алы­­на­тын жомды (қалдық құ­ра­­ма) өңдеу ісіне де кірісті. Қазір­­дің өзінде жомды сақтау және кептіруге арналған арнайы қойма салынды, заманауи құ­рылғылар орнатылып жатыр. Бұл бағыт зауыттың эконо­ми­калық тиімділігін артты­рып қана қоймай, мал шаруа­шы­лығы үшін де маңызды өнім көзі­н­е айналмақ. Ал Көксу қант зауыты жылына 300 мың тонна қант қызылшасын өңдейді. Қазір кәсіпорын толық жүк­темемен жұмыс істеп жатыр. Қуаттылықты арттыру үшін 2025–2026 жылдары 29 млрд теңге инвестиция тартылады. Кеңейту нәтижесінде зауыттың жылдық қуаты 500 мың тоннаға дейін жетуге тиіс.

 

Жетісу облысы