• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Жұмысшы мамандықтар жылы Бүгін, 16:07

Еңбек пен шеберлікті тоғыстырған аспаз

30 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысының биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы еліміздегі еңбексүйгіш мамандарға деген құрметтің нақты көрінісі. Бұл бастама ең алдымен, қоғамның түрлі саласында тер төгіп жүрген мамандардың кәсіби жетістіктерін дәріптеп, олардың еңбегін айқын көрсетуге бағытталған. Өйткені еңбек тек табыс көзі ғана емес, ол адамның бойындағы төзімділік пен шыдамдылықты, шығармашылық пен шеберлікті шыңдайтын күш. Кондитерлік сала да дәл осындай талаптарды қажет ететін мамандықтардың бірі. Мұнда тек өнімдердің үйлесемі ғана емес, сондай-ақ маманның шеберлігі мен шығармашылығы да көрініс табады.

Тәттіні жақсы көрмейтін адам жоқ шығар сірә, иә?! Әсіресе, әдемі безендірілген торттар көздің жауын алып, тәбетті арттырады. Десе де, оларды пісірудің өзі үлкен еңбек пен төзімділікті талап етеді. Осындай еңбектің шынайы бағасын біліп, оны өз кәсібіне айналдырған жандардың бірі – Индира Бауыржан. Ол «Baking Studio»  кондитерлік өнімдерінің негізін қалаушы, он жылдан бері тәтті әлемінің қыр-сырын меңгеріп келе жатқан тәжірибелі кондитер.

«Негізі мен кішкентай кезімнен торт пісіргенді жақсы көретінмін. Балғын шақтан бастау алған қызығушылығым менің кәсіби жолымның негізі болды. 2015 жылы үйде бауырсақ, бәліш сияқты тәттілерді пісіріп бастадым. Сол кезден бастап тұтынушыларым көбейді. Олар көңілінен шыққан сайын бізден торт және басқа да тәтті өнімдер сұрайтын. Міне, дәл сол уақыттан бері тоқтап қалмай әрі қарай дамып жатырмыз», дейді ол. Индираның алғашқы қадамы да көпшілікке етене таныс «Балды торттан» басталған екен. «Ол тортты ең алғаш Рамазан айында тапсырысқа дайындадым. Жастайымнан тәжірибем болғандықтан бірден қолымнан келді. Бірақ ол уақытта крем дайындау жағы қиын еді. Өйткені Қазақстанда арнайы кілегей, сүзбелі ірімшік секілді өнімдер кеңінен қолжетімді болмаған. Біз дүкенде бар қарапайым өнімдермен шектелетінбіз», деп еске алды.

Уақыт өткен сайын тұтынушылардың талғамы күрделеніп, ерекше тапсырыстарды орындауын өтіне бастаған. Бұл ретте  Индира Бауыржан кәсіби шеберлігін жетілдіріп, білім алуға ден қойған.

«Алғашында Ресейдің кондитерлерінен онлайн сабақ алдым. Кейін елге шетелдік шеф-кондитерлер келіп, мастер-клас өткізді. Өзім де бірнеше рет Франция, Англия, Кореяға барып, тәжірибелі мамандардың тәлімін алдым. Олардан үйренгенім кәсіби өсуіме үлкен серпін берді», дейді ол.

Алты жыл бойы үйде тапсырыс қабылдап, өнім дайындаған Индира Бауыржан уақыт өте студия ашуды  қолға алған.  Солай 2021 жылы тұтынушылар саны артқан шақта өзінің жеке кәсібін бастап, «Baking Studio»-ның іргетасын қалаған. «Әрине, студия ашу оңай шешім болған жоқ. Ең басында жолдасым екеуміз ғана жұмыс істедік. Кейін тапсырысқа үлгермей бастаған соң команда жинауға тура келді. Қазір студияда сегіз адам жұмыс істейді. Кондитерлік студиядағы күн таңғы сағат алтыдан басталады. Қызметкерлер өнімнің негізін дайындап, витринаны толтырады, тапсырысқа арналған бисквиттерді пісіреді. Сағат сегізде студия есігін айқара ашып, келушілерге тәттілер мен кофе ұсынады», деді ол. Бүгінде бұл жер тек кондитерлік қана емес, кішігірім кофеханаға айналған. Жұмыстың оңайы жоқ. Қай мамандықты алып қарасақ та, оның өзіне тән ерекшелігі мен қиындығы бар. Ал бұл салада да дәм үйлесімі мен өнім сапасы бірінші орында. Сондықтан Индира Бауыржан әрбір тұтынушының талғамына сай өнім ұсынуды басты қағидасына айналдырған. Оған қоса, шебер кондитердің еңбегін даралайтын өзіндік қолтаңбасы бар. Авторлық десерттері арқылы ол тәтті әлемді жаңа қырынан ашып, күнделікті ассортиментті жаңартып отырады. Мұндай туындыларды дайындау тек тәжірибені ғана емес, шығармашылықты да талап ететіні сөзсіз.

«Бізде күнде балғын өнім болады. Көп десерттеріміз өзіміздің авторлық туындыларымыз. Әр клиенттің талғамына қарай жұмыс істейміз: біреуіне кремі көп ұнаса, екіншісі керісінше аз болғанын қалайды. Сол сұраныстардың бәрін ескеруге тырысамыз. Бұл оңай сала емес. Кондитер болу үшін ең алдымен бұл жұмысты шын жүректен жақсы көру керек. Қатты жақсы көрген сайын дамуға, жаңа идеяларды жүзеге асыруға деген талпыныс артады. Біз әлі жас студия болғанымызбен, біраз шыңдарды бағындырдық. Қиын кезеңдерден тоқтамай өттік», дейді кәсіби аспаз.

Кондитерлік өнердің қиындығы көп, бірақ соған қарамастан Индира Бауыржан табандылық пен шығармашылықты қатар серік етіп келеді. Ол дайындаған өнімдер талай жүрекке жол тауып, талай қуанышты сәттің себепкеріне айналды. Еңбек пен шеберліктің тәтті тоғысы дәл осы жерде тұтастық тапқан.