• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Оқиға Бүгін, 09:19

Шымкентте әлем чемпиондарына құрмет көрсетілді

40 рет
көрсетілді

Бүгін Шымкентте бокстан әлем чемпиондары құрметке бөленді. Ливерпульдегі жарыстан жеңіспен оралған спортшыларды әуежайда қала басшылығы мен жанкүйерлер қуанышпен қарсы алды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстан құрамасы 2025 жылғы World Boxing ұйымының алғашқы ересектер арасындағы әлем чемпионатында керемет нәтиже көрсетіп, 7 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль жеңіп, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды. Солардың ішінде Шымкенттің мақтанышы – Сабырхандар ағайындысы да бар.

Спортшыларды қала әкімінің орынбасары Сарсен Құранбек, дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ермек Дарменов, қалалық бокс федерациясының вице-президенті Қанат Орақбаев және жанкүйерлер ыстық ықыласпен қарсы алды.

Махмұд Сабырхан 2023 жылғы Ташкенттегі жеңісін қайталап, әлем чемпионатының екі дүркін жеңімпазы атанды. Ал оның 19 жасар бауыры Төрехан Сабырхан алғаш рет әлем чемпионы атанып, қазақ бокс тарихында ең жас жеңімпаз ретінде есімін жаздырды. Бұл жетістіктің артында бапкері Ілияс Оралбековтің еңбегі зор.

Айта кетейік, әлем чемпионатына 68 елден 540 спортшы қатысқан. Қазақстан құрамасы ерлер мен әйелдер арасында өз тарихындағы үздік үшінші нәтижені көрсетті.

Алдағы уақытта боксшыларымызды әлем кубогының финалдық кезеңі, Азия чемпионаты және 2026 жылы Нагояда өтетін жазғы Азия ойындары күтіп тұр. Сонымен қатар, Қазақстан 2027 жылы келесі әлем чемпионатын қабылдауға дайындық жүргізіп жатыр.