Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген экономикалық міндеттер бойынша басты бағыттарды атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Министрдің хабарлауынша, 2029 жылға қарай жалпы ішкі өнімді екі есе ұлғайту жоспарланған. Осы мақсатқа жету үшін мемлекет инвестициялық белсенділікті қолдап, экономикалық өсудің жедел қарқынын қамтамасыз етеді.
«Үкімет жаһандық бәсекеге қабілетті экспорттық өндірістер құруға басымдық береді: автомобиль жасау, теміржол машиналары өндірісі, химия және мұнай-химия өнеркәсібі, сирек кездесетін металдар мен минералдық-шикізат базасын толықтыру, сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін қайта өңдеу сияқты бағыттар», деді Серік Жұманғарин.
Вице-премьер атап өткендей, бұл бағыттар экономиканың өсуін жеделдетуге септігін тигізеді.
«Салалық министрліктер мен әкімдіктер нарықты нақты зерттеп, инвестиция қажеттіліктерін анықтап, жобалардың болжамды орналасуына қарай тізімін жасайды. «Инвестицияға тапсырыс» жобасының жалпы сомасы 5 трлн теңгеден асады. Жобаларды талдау, құрылымдау және инвестиция тарту жұмыстары «Бәйтерек» холдингі арқылы жүргізіледі», деді министр.
Сонымен қатар, Үкімет басшысының орынбасары Жолдауда көрсетілген басты бағыттарды атап өтті:
Жаңа инвестициялық циклді енгізу; Alatau City қалалық жобасын дамыту; Инфляциямен күресу; Импортқа тәуелділікті азайту; Экономиканы ырықтандыру және кәсіпкерлікті қолдау.