Панфилов ауданының орталығы Жаркент қаласында тәулігіне 120 тонна жүгері дәнін кептіруге және 110 тонна түйіршіктелген жем шығаруға қауқарлы заманауи зауыт пайдалануға берілді. Қазақстан мен Қытайдың бірлескен инвестициялық жобасы арқасында өңірге 500 млн теңге көлемінде қаржы тартылды.
Жаркент туралы әңгіме қозғай қалсаңыз, жүгері шаруашылығынан айналып өте алмайсыз. Бүгінде облыс көлемінде дәнді дақылды өңдеуде алдыңғы орында келе жатыр. Өңір тұрғындарының төл дақылына айналған жүгерінің егіс көлемі биыл 4 000 гектарға жуық қысқарып, жалпы 23 398 гектардан астам жерге егілді. Дегенмен «дала аруын» тиімді пайдалану дәстүрі нарық талабына бейімделіп, жаңғырып жатыр. Оған дәлел жаңадан ашылған – құрама жем зауыты.
«Кептіру кешені бар зауыттың іске қосылуы – жергілікті шаруалар үшін үлкен қолдау. Бұдан былай диқандар өз өнімін уақыт жоғалтпай, сапалы түрде кептіреді. Бұл тек шығынды азайтып қана қоймайды, сонымен қатар шикізатты ұзақ сақтауға мүмкіндік береді. Мұның бәрі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің табысын арттыруға және өңір экономикасының дамуына тікелей ықпал етеді», деді Панфилов ауданының әкімі Марат Сағымбек.
Зауыт іске қосылған сәттен бастап 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпорын директоры Ербол Өрнекеевтің айтуынша, зауыт құрылысы өткен қыркүйекте басталған. Қытайдан әкелінген жоғары технологиялы қондырғылар көмегімен зауыт толық қуатына шыққанда екі ауысымда жұмыс істеп, ай сайын 200 мың тоннадан астам жем өндіре алады.
«Шаруалардан бастапқыда тәулігіне 50 тоннаға дейін жүгері қабылдаймыз. Ал болашақта өндірісті кеңейтіп, ішкі нарықты да, экспортты да қамтимыз. Қазіргі жоспарымыз – дайын өнімді Қытай, Иран және Өзбекстанға жеткізу. Өнімнің сапасы арнайы зертханада қатаң тексеруден өтеді», дейді зауыт басшысы. Айтуынша, зауыт малға, құсқа және балыққа арналған жемнің бірнеше түрін шығарады. Бұл өңірдегі мал шаруашылығы мен құс шаруашылығына тың серпін береді.
Облыс жүгері өсіру көлемі жөнінде республикада алдыңғы орында тұр. Биыл өңірде жүгері егістігінің жалпы көлемі 42,2 мың гектарға жетті. Соның 23,1 мың гектары – Панфилов ауданының үлесінде. Мамандардың болжамынша, алдағы науқанда кемінде 300 мың тонна өнім жиналады. Ауыл шаруашылығы саласының ардагері, агроном Қабылхан Нұрсейітов бұл зауыттың ашылуын аймақ үшін үлкен жетістік деп бағалады.
«Бұрын шаруалар өнімді кептіру, сақтау жағынан біраз қиындық көретін. Кейде жүгері уақтылы өңделмей, сапасы төмендеп кететін. Жаңа кешен сол мәселені шешуге мүмкіндік беріп отыр. Ең бастысы – бұл кәсіпорын шаруалардың еңбегін ақтап, табысын еселейді. Ал экспортқа жол ашылуы – Жетісудың жүгерісін халықаралық нарықта танымал ететін қадам», дейді.
Экономика ғылымдарының кандидаты Айгүл Төлеубекованың сөзінше, еліміз үшін агроөнеркәсіптік кешенді дамыту – стратегиялық бағыт. Айта кетейік, бүгінде 20 125 гектардан астам алқап екінші рет суарылып, 500 гектарға жуық жерге үшінші су беру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Суару ісі Үшарал, Үлкеншыған, Бірлік, Басқұншы және Пенжім ауылдық округтерінде қолға алынған. Жүгері толық пісіп-жетілгенше органикалық және минералды тыңайтқыштар беру, өсімдік ауруларына қарсы өңдеу секілді агротехникалық шаралар мінсіз орындалуы шарт.
«Бірқатар диқан ерте пісетін сұрыптарды оруды бастады. Алдағы науқанға дайындық аясында техника жөнделіп, жанар-жағармай қоры әзірленіп, қырмандар тазаланып, астық қабылдауға дайындалып жатыр. Кейінгі жылдары аудан бойынша бірнеше қырманға жөндеу жүргізілді», дейді М. Сағымбек.
Жетісу облысы