• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 08:35

Білім ошағы пайдалануға берілді

20 рет
көрсетілді

Өңірде «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 6 бірдей жаңа мектеп бой көтерді. Оның екеуі Білім күні қарсаңында пайдалануға берілді. Аталған жоба аясында салынған білім ордалары бұған дейінгі мектептерге қарағанда едәуір кең. Ауласынан бастап асханасына дейін баланың қауіпсіз жүріп-тұруына, сапалы білім алуына бейімделген. Техникалық жабдықталу деңгейі де бұған дейінгі типтік үлгідегі мектептерден төрт есе жоғары.

Құсмұрындағы жаңалық

Шамамен сегіз мыңдай халқы бар Құсмұрын ауылындағы қазақ балалары бұған дейін соғыс кезінде госпиталь қызметін атқарған ескі ғимаратта оқып келген еді. Биылғы жаңа оқу жылы 300 бала еркін сыя­тын заманауи мектепте басталды. Ауыл тұрғындары көптен күткен мектептің ашылу салтанатына облыс әкімі Құмар Ақсақалов арнайы келіп, ата-аналарды, оқушылар мен ұстаздар қауымын құттықтап, балалармен жүздесіп, мектеп сыныптарын аралап көрді.

Озық үлгіде жабдықталған жаңа нысан қала мектебінен бір мысқал кем емес. Еңселі білім ордасының төрт зертханасы, төрт спорт алаңы, роботтехника кабинеттері, STEM-зертханасы, коворкинг аймағы бар.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен өңірде жаңа үлгідегі заманауи мектептер бой көтеріп, балаларымыздың жарқын болашағына жол ашылып жатыр. Мәселен, өткен жылы облыс орталығында, Арқалық қаласы мен Қостанай ауданында 3360 балаға арналған бес жаңа мектеп пайдалануға берілді. Оның төртеуі «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынды. Биыл өңірде 4380 орындық 6 мектеп ел игілігіне беріледі. Оның екеуі «Келешек мектептері» бағдарламасына енген», деді аймақ басшысы.

Сәніне сәулеті сай ауыл мектебін 3,5 млрд теңге қаржыға «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамы салып беріп отыр.

«Ұлттық жоба аясында ел көлемінде 208 мектеп салу жоспарланған. Бүгінге дейін 174 мектептің құрылысы аяқталды. Қостанай облысындағы 6 мектептің бесеуі ел игілігіне қызмет етіп жатыр. Рудныйда тағы бір мектептің құрылысы аяқталайын деп тұр. Нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Ұлттық жобаның басты ерекшелігі – мектеп салуда ауылды алаламау. Біз қалада қандай мектеп салсақ, ауылға да сондай мектеп салып жатырмыз. Ауыл мен қала мектебінің арасында айырмашылық болмау керек. Балалар қай жерде білім алса да, тең мүмкіндікке ие болуға тиіс. Сондықтан «Келешек мектептерінің» жобасы бір үлгіде жасалған. Оқу кабинеттері кең, екі үлкен, екі шағын спорт залы, түрлі бағыттағы пәндік зертханалары бар», дейді «Samruk-Kazyna Construction» АҚ төрағасының бірінші орынбасары Ғабит Малғаздаров.

Жаңа мектепке баласын жетектеп келген тұрғынның бірі, төрт баланың анасы Жұлдыз Жұбанова Құсмұрынға осыдан жеті жыл бұрын Алматы маңындағы Ұзынағаш елді мекенінен көшіп келген. Жолдасы мал шаруашылығымен айналысады, өзі үй шаруашылығына, балаларына қарайды. Екі қызы осы ауылдағы ескі мектепті бітіріп, мемлекеттің білім грантымен бүгінде Қостанайда жоғары білім алып жатыр.

«Ескі мектепте де жаман болған жоқпыз. Балаларымның мұғалімдері жақсы болды. Тәрбие мен білімге қатар мән береді. Енді мемлекет салып берген жаңа мектепке екі баламды әкеліп отырмын. Ұлым Дәмір Қауыс 3-сыныпқа, қызым Әдия Қауыс 1-сыныпқа барады. Қызым былтыр мектепалды даярлық сыныбына барды. Өте алғыр, үшінші сыныптағы ағасымен жарысып оқиды. Осының бәрі мұғалімдердің арқасы. Енді жаңа мектепті ескі мектеппен салыстыруға келмейді. Қаланың мектебінен кем түспейді. Іші де, сырты да өте керемет. Сыртында үлкен жасыл стадионы, хоккей корды бар. Жалпы, төрт баланың анасы ретінде айтарым, мемлекет халыққа көп қамқорлық жасап беріп жатыр. Балаларымыздың тамағы, оқулығы, оқуы тегін. Мен көпбалалы ана болғандықтан баланың киіміне дейін ақша бөлініп тұрады. Жергілікті әкімдік те үзбей материалдық көмек беріп отырады. Көптен қамқорлық көрген сайын, өзіңе де мол жауапкершілік артылатынын сезіне түсесің», дейді Жұлдыз Жұбанова.

Құсмұрындағы қазақ мектебіне балаларын беріп жатқан өзге ұлт өкілдері де баршылық. Мысалы, шешен ұлтының өкілі Лиана Мұсаева екі бала тәрбиелеп отыр. Кенжесі қазақ тілінде тәрбие беретін «Қарлығаш» бала­бақ­­­шасына барып жүр. Үлкені бүгін қазақ мектебінің табалдырығын аттағалы тұр.

«Күйеуім Әлішер өзбек ұлтының өкілі болғандықтан, үйде балалармен өзбекше, шешенше сөйлесуге тырысамыз. Ал болашағын ойлаған ата-ана балаларын мемлекеттік тілде оқытуы керек. Өкінішке қарай, өзім қазақ тілін білмеймін, аздап түсінемін. Көп жерде қиналып, ұялып қалатын жағдайлар болады. Сондықтан балаларымның, немерелерімнің мемлекеттік тілді жетік меңгергенін қалай­­мын. Қазір аздап қиын болғанымен, кейін есейген соң жемісін көреді. Жалпы, кез келген азамат мемлекеттік тілді білуі керек. Көптеген ата-ана уақытша қиындықтан қорқып баласын өзге тілде оқытып жатыр. Бұл ұят нәрсе», дейді Лиана.

 

Кеншілер салған білім ұясы

Рудныйда 1200 оқушыға арналған жаңа мектеп пайдалануға берілді. Кеншілер қаласындағы заманауи білім ордасы «ERG» компаниясының қаржысына салынған. Жалпы ауданы 20 мың шаршы метрге жуықтайтын мектеп-гимназияның ашылу салтанатына өңір басшысы Құмар Ақсақалов, «ERG» директорлары кеңесінің төрағасы Шухрат Ибрагимов, Оқу-ағарту министрлігі инклюзивті және арнайы білім беру департаментінің директоры Бұлбұл Ораққызы, оқушылар, ұстаздар, ата-аналар қатысты.

Аталған компания «ERG mektep» бағдар­ламасы аясында осымен үшінші мектепті ел игілігіне тапсырып отыр.

«Кейінгі бірнеше жылда біз «ERG mektep» бағдарламасы аясында мектептердегі білім беруді дамыту ісіне 15 млрд теңгеден астам қаражат бағыттадық. Бүгін, міне, өздеріңізге есігін айқара ашып отырған жаңа білім ордасын халықаралық білім беру жүйесіндегі ең озық талаптарға сай салып шықтық. Біз мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасы бойынша іске асырылып жатқан «Келешек мектептері» жобасына қосқан үлесіміз деп білеміз», – деді «ERG»-дің бас атқарушы директоры Ш.Ибрагимов.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов құттықтау сөзінде биыл өңірде бұдан өзге тағы 5 мектептің ашылатынын, оның біреуі «Келешек мектептері» жобасы аясында Рудный қала­сын­да пайдалануға берілетінінін тілге тиек ете келіп, «ERG» компаниясының бас атқарушы директоры Шухрат Ибрагимовке облыс тұрғындары атынан алғысхат табыс етті.

«Бүгін өздеріңіз табалдырығын алғаш аттағалы отырған жаңа мектептің құрылысына облыс әкімдігі мен Еуразиялық Топ арасында жасалған меморандум аясында осы мектепті салып берді. Мемлекет басшысы әрдайым мектеп – білім мен тәрбиенің киелі шаңырағы екенін баса айтады. Ал білім сапасын арттыру – әлеуметтік саясаттың басым бағыты. Бүгін біз Рудныйда ашып жатқан 1 200 орындық заманауи мектеп – бизнес пен мемлекеттің бірлескен жұмысының жемісі. Жаңа білім беру мекемесі заманауи талаптарға сай. Сапалы білім мен тәрбие беріп, оқушылардың спорт пен шығармашылықта дамуына барлық жағдай жасалған. Бұл мектеп адалдық, еңбексүйгіштік пен жауапты буын тәрбиелейтін мығым іргетас боларына нық сенімдімін. Өнеркәсіп саласының өркендеуі жаңа мамандарды қажет етеді. Сондықтан біз ең алдымен білім саласын дамытып, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуды көздеп отырмыз. Рудныйда таяуда ғана 2 дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды. Биыл 1500 орындық жаңа стадион пайдалануға беріледі», деді аймақ басшысы Құмар Ақсақалов.

Білім ордасында, қазір, 950 оқушы білім алып жатыр. 80 мұғалім жұмыс істейді. Мектеп директоры Вячеслав Журавлевтің айтуынша, жаңа мектеп-гимназияға өзге мектептерден ауысып келіп жатқан бала көп. Сондықтан таяу күндері оқушы саны 1200-ге дейін жетуі мүмкін.

Мектепте мамандандырылған физика, химия кабинеттері жұмыс істейді. Жаңа технологиямен жабдықталған гидропоника кабинеті бар. Мұнда балалар өз қолымен түрлі өсімдіктерді егіп, оларды күтіп-баптап, бағбаншылыққа машықтанатын болады. Мұның сыртында, STEМ зертхана, роботтехника кабинеті, 5 бірдей компьютер сыныбы, 380 орындық мәжіліс залы, 240 орындық асхана, кең спорт залы жұмыс істеп тұр.

Жаңа гимназияның тағы бір ерекшелігі, мектеп ғимараты күннен қуат алатын панельдермен жабдықталған. Бұл электр қуатының едәуір мөлшерде үнемделуіне мүмкіндік береді. Мектептің айналасы, іші-сырты түгелдей заманауи қауіпсіздік жүйесімен қамтамасыз етілген. Мұндағы бейнебақылау камералары жасанды интеллект көмегімен жұмыс істейді.

Бір мезетте 1 200 бала бірдей білім алатын үлкен мектепті қысқа уақыт ішінде түгел аралап шығуға мүмкіндік болмады. Алайда жаңашылдық көп. Мәселен, «ERG» мектебі білім беруде ерекше қажеттілігі бар балаларға барынша бейімделген. Мамандандырылған сыныптар ашылып, лифт және арнайы көтеру механизмдері орнатылған. Осылайша, оқушының бәріне бірдей жайлы да қауіпсіз жағдай жасалған.

Тағы бір айта кететін жайт, гимназия мұғалімдерінің цифрлық көмекшілері болады. Ұстаздар оның көмегімен оқушының осал, мықты тұсын анықтап, талдап, арнайы тапсырма беріп отырады.

Заманауи білім ордасына бұрын орыс тілінде білім беріп келген №2 мектеп-гимназиясы орналасты. Алайда осы жаңа оқу жылынан бастап қазақ сыныптары да ашылып жатыр. Мәселен, биыл бірінші қазақ сыныбына 17 бала қабылданды. Мектеп директоры Вячеслав Журавлевтің айтуынша, аталған гимназияда бірінші қыркүйектен бастап 6 қазақ сыныбы ашылған.

 

Қостанай облысы