Ұлт тарихының бір тармағы – Мысыр және Шам жерінде 132 жыл билік құрған қыпшақ мәмлүктері. Осылардың бірі – атақты Қалауын сұлтан. Бұл кісі 11 жыл 3 ай тақ иесі атаған. Марқұмның Құран аяттарымен безендірілген дулығасы Бельгияның Өнер және тарих мұражайында сақтаулы тұр.
Ортағасырлық мұсылман-мысыр тарихшыларының жазбасында «Ән-Насыр бин Қалауын» атымен танымал бұл тұлғаның ислам өркениеті үшін сіңірген еңбегі ерен. Шығыстанушы һәм арабтанушы Қайрат Сәки, 2006 жылы жарық көрген «Қыпшақ мәмлүктері» атты кітабында: «Қалауын сұлтан 1228–1230 жылдары дүниеге келген. Шамамен атақты Байбарыс сұлтаннан 5–6 жас кіші» дей отырып, ортағасырлық тарихшы әл-Айнидің (1361–1451) жазбасында айтылған «Қалауын сұлтанның ұлты таза қыпшақ беріш тайпасынан» деген деректі алға тартады.
Ол сияқты мәмлүктанушы – ғалым сол заман оқымыстысы Байбарыс ад-Дауадар деген шежіреші жазып қалдырған «Зубдату ал-фикра фи тарихи ал-һиджра» («Һиджра тарихы жөніндегі ойдың қаймағы») атты көлемді еңбекте: «Қалауынның тегі таза қыпшақ белгілі беріш ұғлы тайпасынан» дейді.
Қай жағынан алсақ та Қалауын сұлтан Қыпшақ даласының ұланы екені анық. Өйткені атақты тарихшы Ибн Абдузаһирдің жазбасында, Қалауын сұлтанның арабша өте аз біледі, сөйте тұра түркі-қыпшақ тілінде аса шешен сөйлейді деген дерек бар.
Бұл тұлға билік құрған заманда атақты Байбарыс сұлтанның кресшілермен жасасқан 10 жылдық бейбітшілік бітімі аяқталғандықтан, ежелгі жаулық қайтадан өрістейді. Сол себепті, 1281 жылы жорық бастаған Қалауын истиптардың ордені орналасқан Марқаб қаласын басып алады. Осы екпінмен ілгерілеген мәмлүк әскерлері кресшілердің басты ордалары Латакия және Триполи шаһарларын бағындырады. Осылай өз иелігін кеңейткен сұлтан ежелгі жұрты Дешті Қыпшақ даласындағы Алтын Орда ұлысымен байланыс орнатады.