Тамыздың басында өңірде «Мектепке жол» акциясы басталды. Аталған акция алғаш рет 2001 жылы Қостанай қаласында қолға алынғанын да айта кету керек. Сол кездегі бір топ қолы ашық азаматтың ізгі ниетінен туған игі бастама облыстық білім басқармасы тарапынан қолдау тауып, қайырымдылық акциясы біраз жыл өңірлік деңгейде іске асырылып келді.
2008 жылы «Мектепке жол» қазіргі Оқу-ағарту министрлігінің шешімімен республикалық мәртебеге ие болды. Ал 2009 жылдан бері қарай өңірде жыл он екі ай бойы атқарылатын әлеуметтік мәнге ие маңызды іс-шараның біріне айналды.
«Мектепке жол» акциясы облыс көлемінде жыл бойы жүзеге асырылып келеді. Ал жаңа оқу жылы қарсаңында өтетін белсенді қайырымдылық іс-шаралары тамыздың бірінен басталды. Біз өңірдегі кәсіпорындарға, меценаттарға, жекелеген қалталы азаматтарға аталған акцияның басталғаны туралы хабар жібердік. Бүгінге дейін 665 балаға көмек көрсетілді. Жомарт жандар балалардың спорт киімдерін, мектеп формасын, аяқкиім, сырт киім, сөмкесін сатып алып беріп жатыр. Қыркүйекке дейін шамамен 10 мың оқушыға осындай көмек көрсету жоспарда бар», дейді облыстық білім беру басқармасының баспасөз хатшысы Анна Лазарева.
Мұның сыртында, жаңа оқу жылы басталар алдында мұқтаж отбасыларға Жаппай оқыту қорынан қаржылай көмек көрсетіледі. Мәселен, өңірде өткен жылы 10 мыңнан астам бала аталған қордың көмегін алған.
«Соңғы жылдары баланың ата-анасының шотына Жаппай оқыту қорынан ақшалай көмек жіберетін болдық. Ата-ана осы қаражатқа баласын киіндіріп, мектепке керегін өзі түгендеп алады. Мысалы, 2024 жылы мұқтаж отбасыларға аталған қордан 5,8 млрд теңге бөлінді. Бұл біздің облыстық білім басқармасына бөлінетін жалпы бюджеттің 5,2 пайызын құрайды. Былтыр облыс көлемінде 10 756 адамның жеке есепшотына 470 млн теңге түсті. Оның ішінде атаулы әлеуметтік көмек алатын, күнкөріс деңгейі төмен, су тасқыны кезінде қиын жағдайға душар болған отбасылар, ата-ана қамқорлығынан айрылған балалар бар. Бұл қаражатқа мектеп формасы, киім, аяқкиім, кеңсе тауарлары сатып алынды», дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Данагүл Сүйіндікова.
Биыл Жаппай оқыту қорынан 11 мыңға жуық балаға 506 млн теңге бөлініп отыр. Бүгінге дейін бұл қаражаттың дені ата-аналардың жеке есепшотына аударылған. Қандай да бір кедергі туындаған жағдайда, көмекке мұқтаж ата-ана өзі тұрып жатқан елді мекендегі білім беру мекемесіне жүгіне алады.
«Азаматтардың өтініші бойынша жедел әрекет ету үшін «21» шұғыл желісі іске қосылды. Біз өңірдегі еріктілерді, кәсіпкерлерді, меценаттарды, мекемелерді «Мектепке жол» қайырымдылық акциясына әлі де болса белсене атсалысуға шақырамыз. Мұндай көңіл қуантарлық ізгі амалдар бүлдіршіндердің болашаққа деген сенімін арттыратыны шүбәсіз. Мектепке көңілі тоқ, қуанып барған бала сабақты жақсы оқиды», дейді Б.Сүйіндікова.
«Мектепке жол» акциясы жаңа оқу жылының бастапқы кезеңіне дейін жалғасады.
Қостанай облысы