• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Медицина Бүгін, 18:37

Қанның қатерлі ісігін емдейтін озық орталық

30 рет
көрсетілді

Ұлттық ғылыми онкология орталығы гематологиялық аурулары бар науқастарға жоғары мамандандырылған көмек көрсететін, халықаралық стандарттарға сай жетекші медициналық мекеме саналады. Онда диагностикадан бастап, жоғары дозалы химиотерапия мен сүйек кемігін трансплантациялаудың барлық түрлерін қамтитын медициналық көмектің толық циклі қамтылған.

Статистикадан бастасақ, елімізде онкогематологиялық дертке шалдыққан 13 мыңнан астам адам есепте тұр. Ол аздай жыл сайын 2,5 мыңға жуық жаңа жағдай тіркеледі. Осы орталықта 15 жыл ішінде 800-ден астам трансплантация жасалған.  Құрамында бейінді бөлімшелер, күндізгі стационар, сондай-ақ өңірлермен жұмысты үйлестіретін ұйымдастыру-әдістемелік бөлім бар. Биылдың өзінде мұнда қан ауруларына шалдыққан 1,4 мыңға жуық пациент ем қабылдаған. 60 адамға сүйек кемігін трансплантаттау операциясы жасалған. Оның үстіне тағы 45 пациент операцияға дайындық барысында. Саладағы жетістікті, орталықтың әлеуетін жақсы білетін Ұлттық онкология орталығының дәрігерлері келешекте сүйек кемігін трансплантаттауды ұлғайтуды жоспарлап отыр. Нақтыласақ, жылына шамамен осындай 180 операция жасауды көздейді.  

Орталықтың басшысы, Денсаулық сақтау министрлігінің бас штаттан тыс гематологы, медицина ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Вадим Кемайкин елімізде сүйек кемігін трансплантациялауды алғашқылардың бірі болып бастаған жетекші маман.

«Орталық 15 жылда сүйек кемігін трансплантаттаудың барлық түрлерін енгізіп үлгерді. Оның ішінде аутологиялық, аллогендік туыстық, аллогендік туыстық емес және гаплоиденттік әдістер бар. Осы уақыт ішінде 800-ге жуық операция жасалды. Нәтижесінде сүйек кемігі обырына шалдыққан науқастарды емдеу тиімділігі анық көрінді. Орталықта пациенттердің трансплантацияны күту уақыты да әртүрлі. Кейде 8-9 айға дейін созылады. Біз осы мерзімді 3-4 айға қысқартуды жоспарлап отырмыз. Бұл тек туыстық донордың көмегімен жасалатын операцияға байланысты мерзім. Егер туыстық донор табылмаса, тағы ұзақ күтеді. Жаһанда осы бағытта жұмыс істеп, бәрін дұрыс жолға қойған елдер бар. Біз сол қатарға қосылуға ұмтыламыз», дейді Вадим Кемайкин.

Орайы келгенде Ұлттық онкология орталығының гематолог дәрігер Әсет Құттымұратовпен пікірлесудің сәті түсті.  Оның орталықта еңбек етіп жүргеніне 10 жылға жуықтаған.

«Біздің бөлімге еліміздің барлық аймағынан науқастар келеді. Жедел лейкозды емдеу өте күределі саналады. Сондықтан кейбір емшаралар ұзақ әрі күрделі болуы мүмкін. Қуанышқа қарай, орталықта үлкен дозалы химиотерапиялар жасалады. Одан кейін де ем жалғасады. Емнің мақсаты – лейкоздық клеткалары 90 пайыз болған науқастарды 5 пайызға дейін түсіру. 5 пайыздан түскен кезеңді ремиссия дейміз. Яғни, осы бөлімдегі дәрігерлердің мақсаты – ремисияға жету, ісік жасушаларын толық жою. Кейбір науқастардың ісіктері өте агрессивті болып келеді. Әдеттегі емшаралар қона бермейді. Ондай науқастарға барынша тиімді шешім қабылдауға тырысамыз. Егер бір кезеңнен соң науқас ремиссияға жетсе, сол аралықта донор болса ресмиссияны әрі қарай сақтап, науқасты қалыпты өмірге қосу үшін трансплантация жасаймыз. Қуантарлығы, бізде сүйек кемігі трансплантациясының барлық түрлері жасалады», дейді Әсет Құттымұратов.

Әрине, стандартты химиотерапия алған науқастардың барлығының ахуалы бірдей оңалып кете бермейді. Кейбір науқастарда генетикалық ақауларға байланысты ауру қайта өршуі мүмкін. Осындайда пациентті бұрынғыша химиотерапиямен емдеу қиын. 2023 жылдан «Қазақстан халқына» қорының демеушілігімен орталыққа озық препараттар алына бастаған. Осының арқасында ремиссияға жететін пациенттердің саны ұлғайыпты. Бір препараттың құны шамамен 1 млн теңгенің шамасында болса, науқастар кемі 28 күн тұтынады. Әлемдік статистикада химиотерапия алған науқастардың 30 пайызында ауру араға уақыт салып алғашқыдан агрессивті болып тиетін көрінеді. Демек, ауыр жағдайдағы науқастарға қордың шапағы көп тиіп жатыр деген сөз.

Қан обыры ауруына шалдыққан науқастарға донор іздеу жұмысы алдымен пациенттің туыстарынан басталады. Кейбір науқастарға туыстық донор табылмай қалатын сәттер де кездеседі. Мұндай жағдайда дәрігерлер донорды Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығы базасында жұмыс істейтін Сүйек кемігі донорларының ұлттық тіркелімінен іздейді. Қазір осы тіркелімде 13 мыңнан астам донор бар екен. Трансфузиология ғылыми-өндірістік орталығындағы мамандар 18 бен 45 жас аралығындағы кез келген сау адам донор бола алатынын айтады. Салмағы 50 келіден асуы керек деген талап бар. Одан бөлек дәрігерлер донордың денсаулығын жіті тексеріп, бұрын қандай да бір ауыр сырқатқа шалдықпағанын нақтылайды. Қан доноры болудың қорқынышы жоқ. Аферез әдісімен алынатын дің жасушалары қауіпсіз, ауыртпалықсыз өтеді және адам денсаулығына зиянсыз.