«Ғылым ордасында» Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай «Әдебиет – достық көпірі» тақырыбында көрме өтті.
Иран Ислам Республикасының Алматы қаласындағы бас консулдығы және мәдени өкілдігімен бірлесіп өткізген іс-шара хакімнің мұраларын дәріптеуге, адамзаттық құндылықтарға негізделген идеяларын халықаралық деңгейде насихаттауға арналды.
Қазақ-иран әдеби байланысын нығайтуға, екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған іс-шараға бас консул Суна Ахмади, Иран мәдени өкілдігінің басшысы Хоссейн Ағазаде, сондай-ақ Ирандағы қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.
– Ақынның 180 жылдығы – оның рухани және әдеби мұрасын жаңа қырынан танып, зерделеуге мүмкіндік беретін маңызды кезең. Абай қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы ғана емес, ұлттық ой-сана мен мәдениеттің рәмізіне айналды. Шығармалары әдебиеттанумен қатар, философия, тарих, тіл білімі және мәдениеттану салаларында кеңінен зерттеліп келеді. Осы орайда, «Ғылым ордасы» Орталық ғылыми кітапханасының қорында сақталған сирек басылымдар мен қолжазбалар – үлкен ғылыми маңызға ие. Бұл материалдар Абай стилін, жазба тілінің дамуын және шығармаларының таралуын зерттеуге мол мүмкіндік береді, – деп атап өтті «Ғылым ордасының» бас директоры Ұлар Мұқажанов.
Көрмеге «Ғылым ордасының» сирек кітаптар қорындағы басылымдар, хакімнің парсы тіліндегі аудармалары, 500 беттік «қазақ-парсы» сөздігі, тағы да басқа шығармалары қойылып, ұлы ақынның өлеңдері қазақ және парсы тілдерінде оқылды.
Кездесу барысында қатысушылар Абай мұрасын парсы тіліне аударған белгілі жазушы, қазақ әдебиетін Иран жұртшылығына кеңінен танытқан көрнекті тұлға Қажы Мұхаммед Шадкамды еске алды. Сондай-ақ Абай өлеңдерін мәнерлеп оқу байқауының жеңімпаздары марапатталып, арнайы сыйлықтар табысталды. Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы студенттерінің «Абай – Рудаки» достық кілемі мен басқа да туындылары көпшіліктің назарына ұсынылды.
АЛМАТЫ