Үкімет отырысында Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов «Ұлттық тауарлар каталогы» мемлекеттік деректер базасын (ҰТК МДБ) жасап шығару мақсатында «Қазақтелеком» АҚ-ның Тауарлардың электрондық каталогы мен Ұлттық тауарлардың каталогын біріктіру жөніндегі жұмыстар туралы баяндады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қаржы министрлігінің мәліметінше, бастама анықтамалықтардың қайталануын жоюға және сауда, кеден, мемлекеттік сатып алу, бюджетті жоспарлау және атқару сияқты салаларда тауарлар үшін бірыңғай цифрлық эталон құруға бағытталған. Каталог тауарды өндірушіден соңғы тұтынушыға дейін бақылауға, жарамдылық мерзімін бақылауға және контрафактімен күресуге мүмкіндік береді.
Бүгінде үш деңгейлі жіктеу жүйесі құрылып жатыр, олар: жоғарғы деңгей – жоспарлау және статистика мақсаттары үшін, негізгі деңгей – өндірушілер туралы егжей-тегжейлі ақпарат, төменгі деңгей – партиялар мен бірлік өнімдерін таңбалау.
ҰТК МДҚ қалыптастыру шеңберінде барлық негізгі деректер көздерін біртіндеп қосу жүргізіледі. Бұл бөлшек саудагерлер мен сауда желілері, электрондық сауда алаңдары, фискалдық деректер операторлары, бақылау-кассалық машиналар, сондай-ақ мемлекеттік және кедендік ақпараттық жүйелер, электрондық шот фактуралар және тауарды есепке алу жүйелері.
Үкіметтің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше Ержан Біржанов Ұлттық каталогты қолдану 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап міндетті болатынын айтты. Сауда қызметі туралы тиісті заңға қол қойылды, бақылау-кассалық машиналарда NTIN/GTIN кодтарын қолдану ережелері бекітілді. Бүгінгі жағдай бойынша базада 15 млн тауар туралы ақпарат бар, ал оған күн сайын 10 млн-нан астам чек бойынша мәліметтер келіп түседі.
Ұлттық тауарлар каталогы бюджетті жоспарлау жүйесі, кеден, электрондық шот-фактуралар (ЭШФ), бөлшек сауда желілері, фискалдық деректер операторлары (ФДО), бақылау-касса машиналары (БКМ), тауарды есепке алу жүйелері және электрондық сауда алаңдары сияқты негізгі мемлекеттік және коммерциялық ақпараттық жүйелермен интеграцияланып жатыр.