• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам 30 Шілде, 2025

Ипотеканы тиімді өтеу жолдары қандай?

100 рет
көрсетілді

Жылдар бойы ай сайын қомақты сома төлеу кез келген азаматқа оңай тимейтіні анық. Сондықтан табыс көбейіп, қосымша қаражат пайда болған кезде көпшілікті мазалайтын басты сұрақ: ипотеканы мерзімінен бұрын өтеген тиімді ме және қалай өтеген дұрыс?

Бұл сауалға қаржылық кеңесші Сұлтан Елемесов нақты жауап береді. Оның айтуынша, ипотеканы мерзімінен бұрын өтеудің екі негізгі тәсілі бар: біріншісі – ай сайынғы төлемді азайту, екіншісі – несиенің жалпы мерзімін қысқарту. Әрқайсысының артықшылығы мен кемшілігі бар.

Ипотека бойынша ай сайынғы төлем мөлшерін азайту – тұрақсыз табысы бар немесе күнделікті шығыны көп отбасылар үшін ыңғайлы нұсқа. Бұл әдісте қарыз сомасы азайғандықтан, банк төлем кестесін қайта қарап, ай сайынғы төлемді төмендетеді.

«Бұл әдіс көпшіліктің қолайына жағады. Алайда үнемделген қаражатты дұрыс басқару маңызды. Егер аз төлеп, бос қалған ақшаны басқа қажетсіз шығынға жұмсайтын болсаңыз, жалпы үнем болмайды. Сондықтан бұл тәсіл өзін қаржылық тәртіпте ұстай алатын адамдар үшін ғана тиімді», дейді Сұлтан Елемесов.

Ипотекалық төлемнің ай сайынғы көлемін бұрынғы қалпында сақтай отырып, несиенің жалпы мерзімін қысқартуға болады. Бұл әдіс қарыздан тезірек құтылғысы келетін азаматтар үшін тиімді.

«Бұл нұсқаның басты артықшылығы – ипотекалық қарыздың нақты қанша жылға қысқарғанын бірден көруге болады. Психологиялық тұрғыда адам өзін жеңіл сезінеді. Алайда ай сайынғы қаржылық салмақ бұрынғыдай қалады. Сондықтан бұл тәсілді таңдаған азаматтарда тұрақты табыс пен белгілі бір қаржылық қор болғаны жөн», деп кеңес береді сарапшы.

Қайсысы тиімді? Сарапшының айтуынша, бұл екі тәсіл де тиімді бола алады. Ең бастысы – үнемделген ақшаны қайтадан ипотека төлеуге жұмсап отыру. Мұндай жағдайда қарыз тез әрі тиімді өтеледі. Ал қай тәсілді таңдау – әр адамның қаржылық мүмкіндігі мен өмір салтына байланысты.

Мысал келтірейік, ай сайын 180 мың теңге төлейтін 10 млн теңгелік ипотекаңыз бар делік. Қосымша 1 млн теңге төлеуге мүмкіндігіңіз туды. Енді сіз: төлемді азайтуды таңдасаңыз, ай сайынғы төлем 160 мың теңгеге дейін түседі; мерзімді қысқартсаңыз, бұрынғы төлеммен қарыздан екі жыл ертерек құтыласыз.

Нені ескеру керек? Көп жағдайда банктер мерзімінен бұрын өтеу шарттарын автоматты түрде өзгертпейді. Бұл үшін қарыз алушы банкке арнайы өтініш жазып, қандай тәсілді қалайтынын көрсетуі тиіс.

Соңғы жаңалықтар