Өңірде өнімін алаулатып-жалаулатып жарнамаламай-ақ, байыпты жұмыс істеп жатқан кәсіпорындар баршылық. Өйткені мұндай өндіріс орындарынан шығатын өнімге деген сұраныс қашанда жоғары. Мысалы, Қостанай агромеханикалық зауыты топырақ өңдеу, тұқым, астық, шөп тасу жұмыстарында жүрген техникаға қажет аспалы және тіркемелі агрегаттар мен олардың ұсақ бөлшектерін шығарады.
Сырттан металл, доңғалақ қана сатып алынады. Қалған дүниенің бәрі кәсіпорында жасалады. Зауыт бірте-бірте жаңа техникаларды өндіруге бет бұрып отыр. Мәселен, таяуда америкалық «Марк фарлайн» агрегатының баламасын құрастырып шығарды. Оның бөлшектерді де осы жерде жасалады. Бұл тырманың бағасы америкалық техникадан екі есе арзан. Шетелдік тырма шамамен 30 млн теңге тұрса, Қостанайда шығатын тырманың бағасы – 12 млн теңге.
«Толық өндіріс желісі жолға қойылған. Металды сырттан сатып аламыз. Оны алдымен кесіп, қиып, жонып, ұсақ торапты дайындау цехына жібереміз. Ол жерде мамандар плазмамен кесіп, доңғалақтың күпшегін, тағы да басқа керек бөлшектерді жасайды. Одан әрі қарай дәнекерлеу, бояу, құрастыру жұмыстары жүргізіледі. Дайын агрегатты осылай жасап шығарамыз. Бүгінде біздің кәсіпорын отандық нарық кеңістігінен өз орнын тапты. Елімізге сырттан кіріп жатқан Ресей, Беларусь өнімдерімен бәсекелесе алады. Тіпті кейбір өнім түрлері бойынша отандық нарықтың 90%-ын алып отырмыз. Мысалы, кейінгі жылдары шаруашылықтардың дені біздің топырақ қопсытатын сүйретпелі, тісті тырмаларымызды сатып алып жатыр», дейді зауыт директоры Рустам Қалымжанов.
Кәсіпорын өнімдерін негізінен Қостанай, Ақмола, Қызылжар, Павлодар, Қарағанды, Ақтөбе өңірінің диқандары сатып алады. Таяуда ғана Ресейге екі тырмақ жөнелтілген.
«Ресей нарығына шығуды көздеп отырмыз. Қазір нарықта ең өтімді деген 2-3 өнім ғана дайындаймыз. Басты мақсат – бұларды ТМД кеңістігіндегі ең сапалы өнімге айналдыру. Қазірдің өзінде біздің тырмалар қостанайлық диқандар үшін бренд саналады», дейді зауыт басшысы.
Жергілікті кәсіпорынның өнімін сатып алып жатқан шаруалар шығарған қаржының 30%-ын мемлекет өтеп беріп отыр. Зауыт таяуда «Кәсіпкерлікті дамыту қоры» арқылы металл құю цехына жаңа құрылғы сатып алды. Қуатты құрылғының көмегімен цех айына 60-70 тонна ескі-құсқы темір-терсекті қайта өңдеп, өндірістік цехқа шикізат дайындап беріп отырады. Зауыттың өндірістік цехы аспалы, тіркемелі ауыл шаруашылығы техникасын, ұзын, қысқа тіркемелерді шығарады. Зауыт басшылығы қазір өндіріс көлемін ұлғайту мақсатында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінен қолдау сұрап, келіссөз жүргізіп жатыр.
«Бізде мемлекеттік қолдау бағдарламалары көбіне елімізге шетелдік инвесторларды тарту, олардың осы жерде өндіріс орнын ашуына, одан әрі өндірістің жергілікті үлесін арттыруына қолайлы жағдай жасау мақсатында жұмыс істейді. Біздің кәсіпорын, мәселен, тырманың тісін шығарады. Жер өңдеп, егін егіп жүрген шаруалар тырма тісінің тез желінетінін, өте керек өнім екенін жақсы біледі. Елімізде мұндай өнім шығаратын бір-екі компания бар. Соның бірі – осы Қостанай агромеханикалық зауыты. Егер министрлік қолдау білдіріп жатса, нұр үстіне нұр болатын еді. Әйтпесе, сырттан әкелініп жатқан өнімдермен бәсекеге түсу өте қиын», дейді Рустам Қалымжанов.
Өндірістік цехтың басқарма директоры Мейрамғали Телбаевтың айтуынша, көктемде 70-тен астам ылғал жапқыш агрегат жасап шығарған зауыт қазір ірі егін шаруашылықтарынан түскен тапсырыс негізінде жұмыс істеп жатыр.
«Кейінгі жыл ішінде 200-ге жуық агрегат саттық. Осы айда 60-тан аса тапсырыс алғанбыз. Тапсырыс легі мұнымен де тоқтап жатқан жоқ. Соларды уақытында жасап, тұтынушыға тапсыруымыз керек. Доңғалақ күпшегін де өзіміз жасаймыз. Әр фермер алқабының көлеміне қарай, өз қалауы бойынша тапсырыс береді. Соған орай ені 14, 18, 22, 26 метрлік агрегаттарды ұсынамыз. Өзіміз апарып, шаруашылық басында құрастырып береміз. Бір агрегатта 1 000-нан 2 000-ға дейін тіс бар. Ертеректе тістің бәрін Белоруссия мен Ресейден сатып алатынбыз. Қазір өзіміз жасаймыз. Фрезерлік станогіміз бар. Жас маманымызды Алматыға жіберіп оқытып алдық. Қазір бәрін өзі істейді. Тіс құятын бір қалыпты жылда 3-4 млн теңгеге сатып алатынбыз. Оны да жас маманымыз өзі істейтін болды. Осындай талапты жастарды жұмысқа алып, оқытып, үйретіп жатырмыз. Жалақылары жоғары. Жоспар орындаса алатын сыйақысы тағы бар. Сондықтан қазір бізге жастар көп келеді», дейді цех басқармасы.
Өндірістік цехта 40-қа жуық маман жұмыс істейді. Еңбек етіп жатқан жастар бірнеше мамандықты қатар меңгерген, бір жұмысшы бірнеше станокта жұмыс істей береді. Зауыт басшыларының айтуынша, бұл кәсіпорын шығарып жатқан өнімнің өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік береді. Қостанай агромеханикалық зауыты тапсырыс аясында астық таситын жүк көліктеріне арналған ұзын, қысқа тіркемелерді де жасап шығарады. Мұндай тіркемелердің доңғалағы ғана сырттан сатып алынады. Сол себепті, мұндай өнімді де кәсіпорынның төл туындысы деуге толық негіз бар.
Қостанай облысы