«Евро-Азия Эйр» әуе компаниясы 2025 жылдың қаңтарында бір қызметкерінің ірі көлемде қаржы жымқырғанын анықтады. Бұл туралы компанияның жеке қаржылық есебінде көрсетілген, деп жазады Egemen.kz.
Құжатқа сәйкес, компания 1,973 млрд теңге көлеміндегі қаражаттың қайтарылуынан күдер үзген. Осы себепті бұл сома дебиторлық берешек резервінен есептен шығарылған. Мұндай резерв төленбей қалуы ықтимал шығындарды жабу үшін қалыптастырылады.
Компания бұл факт бойынша қылмыстық іс қозғалғанын және сот-экономикалық сараптама нақты ұрланған соманы анықтап жатқанын мәлімдеді.
«Евро-Азия Эйр» тікұшақ және бизнес авиация қызметімен айналысады. Компания «Sky Logistics Services» ЖШС-не тиесілі. Оның бенефициарлары – Нұрлан Қаныбеков (65%) және Талғат Әсембек (35%), екеуі бір отбасының мүшелері болуы мүмкін.
Нұрлан Қаныбеков 2019 жылы Forbes Kazakhstan-ның ықпалды кәсіпкерлер тізіміне енген. Қаныбековтер отбасының дәулеті 2025 жылы 95 млн долларға бағаланды. Олар мұнай және авиация салаларында бизнес жүргізеді. «Евро-Азия Эйр» компаниясын 2017 жылы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясынан 11,85 млрд теңгеге сатып алған.