Бүгін Үкімет отырысында еліміздің шекара инфрақұрылымын жаңарту мәселесі қаралды. Қаржы министрі Мәди Тәкиевтің айтуынша, жыл соңына дейін Қазақстандағы халықаралық автомобиль өткізу пункттерінің 100%-ы жаңғыртылады, деп жазады Egemen.kz.
Министрдің айтуынша, Қапланбек, Атамекен, Көлжат және Алакөл өткізу бекеттері жаңартылып, қолданысқа берілген. Ал қалған бес пункт – Қазығұрт, Тәжен, Темір баба, Майқапшағай және Бақты жыл соңына дейін кезең-кезеңімен іске қосылады. Осылайша, Қазақстанның сыртқы шекарасындағы барлық автомобиль бекеттері толық жаңғыртудан өтеді.
Өткізу жылдам, бақылау нақты
Жаңғырту нәтижесінде пунктердің өткізу қабілеті орта есеппен 25%-ға, ал Қытаймен шекарада 37%-ға артқан. Бұған дейін 9 сағатқа дейін созылатын шекарадан өту уақыты қазір 3 сағатқа дейін қысқарған.
«Бұл инфрақұрылымды жаңартудың ғана емес, цифрлық шешімдердің де жемісі», деді Мәди Тәкиев. Оның айтуынша, CargoRuqsat электронды кезек жүйесі іске қосылып, 55 мың жүргізуші мен 145 мың көлік құралы тіркелген. Бұл жоба адам факторын азайтып, өту рәсімдерін ашық әрі әділ етуді көздейді.
Бірыңғай цифрлық бақылау жүйесі
Жаңғырту жұмыстары толық аяқталғаннан кейін барлық өткізу бекеттері сыртқы шекараны басқарудың бірыңғай цифрлық жүйесіне біріктіріледі. Бұл тек сауда логистикасын жеңілдетіп қоймай, шекара қауіпсіздігін де арттыра түспек. Бизнес пен азаматтар үшін жылдам, қауіпсіз және ашық өтудің жаңа үлгісі қалыптасады.