• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Аймақтар Бүгін, 08:40

Оңалту орталығы ашылады

20 рет
көрсетілді

Осыдан екі жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бес өңірінде орналасқан бұрынғы Президент резиденциясы бұдан былай балалардың игілігіне қызмет ету керегін қадап тапсырған еді. Қостанай облысындағы резиденция биыл күзге дейін толық жөндеуден өтіп, жүйке дертіне шалдыққан, қимыл-қозғалысында кінәраты бар балаларды емдеу, өмірге бейімдеу орталығы болып қайта ашылады.

Таяуда облыс әкімі Құмар Ақсақалов тиісті басқарма басшылары­мен, БАҚ өкілдерімен бірге аталған нысанға арнайы барды. Қазір орталықтағы құрылыс жұ­мыстарының дені аяқталып, медициналық құрылғылар, бала­лардың жатын орнына қажет жайлы жиҺаздар әкелініп жатыр.

Оңалту кешені Қостанай қа­ласының іргесінде, Тобыл өзе­ні­нің жағасында қарағай, қа­йыңды қалың орман алқабында орналасқан. Жұмыспен қамту­ды үйлестіру жəне əлеуметтік бағ­дарламалар басқармасы бас­шысының орынбасары Əлия Мекебаеваның айтуынша, бұ­рынғы резиденция кешенін мүм­кіндігі шектеулі балалар ер­кін жүріп-тұра алатындай етіп қайта бейімдеу мақсатында облыс бюджетінен 352,4 млн теңге бөлінген. Мұның сыртында, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорынан бөлінген 1 млрд 37 млн теңгеге қажетті заманауи меди­циналық құрылғылар сатып алынған.

«Қазір құрылыс жұмыста­рының 80%-ы аяқталды. Мұнда бір жарым жастан он сегіз жасқа дейінгі балалар ем-шара алатын болады. Орталыққа бір мезетте 60 бала ата-аналарымен жата алады. Балалардың бар­лы­ғы заңда қарастырылған сегіз əлеуметтік қызмет шеңберінде тегін емделеді», деді Ə.Мекебаева.

21 гектар аумақты алып жатқан кешенде жеті ғимарат бар. Екі-үш қабатты еңселі ғимараттардың төртеуіне психоневрологиялық ауытқуы бар балалар орналасады. Бесінші нысанда арнайы қызмет түрлері көрсетіледі. Алтын­шы ғимаратта тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар жатады. Жетінші нысанда сумен емдеу шаралары жүргізіледі. Ғимараттардың бәріне арнайы пандустар қойылып, лифт орна­тылады. Жуыну бөлмелері мен дəретханалар да мүмкіндігі шек­теулі балаларға барынша бейім­делген.

Орталықта балалардың ойлау, сезу қабілетін, қимыл-қозғалысын дамытуға бағытталған қолөнер, тігін шеберханалары, сенсорлық бөлмелер, эрготерапия, дефектология, психология кабинет­тері жұмыс істейді. Сондай-ақ арнайы бассейндер, душ, сауна, физиотерапия жүргізетін ванналар орнатылады. Мұның сыртында, алдағы уақытта спорт алаң­қайының құрылысы мен жат­тығу құрылғыларын орнатуға қосымша қаражат бөлінбек.

«Əзірге өңірде 20 орынға шақталған бір ғана оңалту орта­лығы бар. Ол жерде жылына 400 баланың ем алуына мүмкіндік қарастырылған. Қазірде облыс­та 3 мыңнан астам бала мүгедек ретінде тіркеуде тұр. Яғни мұн­дай оңалту орталығына деген сұраныс өте жоғары. Жаңадан ашылғалы отырған оңалту орта­лығы 60 орынға шақталған. Мақ­сатымыз – балалар мен аналарға барынша жағдай жасау. Қостанай облысындағы Президент резиденциясын балалардың игілігіне беру туралы шешім Мемлекет басшысының бастамасына орай қабылданды. Аталған жұмыстар ел көлемінде іске асырылып жат­қан «Əділетті Қазақстан» ұста­нымының жарқын көрінісі», дейді облыс əкімі Құмар Ақсақалов.

Бүгінде өңірде жұмыс істеп жатқан жалғыз оңалту орта­лығында балалар 14 күнге дейін ғана ем алады екен. Күзде ашылатын жаңа кешенге келіп түскен бала кем дегенде 21 күнге дейін емделеді. Жаңа орталық іске қо­сылса 77 қосымша жұмыс орны ашылмақ.

«Қажетті кадрларды жасақ­тау жұмысын қауырт қолға аламыз. Сондай-ақ мамандарды оқыту, біліктіліктерін артыру іс-шара­ларын да қатар атқарамыз», дейді Ə.Мекебаева.

Орталық жыл ішінде 1300-ге жуық балаға медициналық қызмет көрсете алады. Заманауи ірі кешенді ұстап тұруға облыс бюджетінен жыл сайын шамамен 250 млн теңге бөлініп отырады. 

 

Қостанай облысы