Соңғы жылдардағы геосаяси жағдайда елдегі транзиттік бағыттарды әртараптандыру ісі бірінші орынға шықты. Сондықтан Орта дәліздің мүмкіндіктерін арттыру шарасы күшейді. Сондай-ақ, таяуда Каспий теңізінің түбімен Әзербайжан мен біздің ел арасында жоғары жылдамдықты интернет-кабель тарту жұмысы басталып кетті. Сонымен қатар, Транскаспий мұнай-газ құбырын салу мүмкіндігі де зерттеліп, тиянақталып жатыр, деп жазады Egemen.kz.
Былтырғы жыл қорытындысында Орта дәліз арқылы тасымал көлемі бұрнағы жылмен салыстырғанда 65%-ға артқан еді. Еуразия кеңістігінің ортасына орналасқан елімізде 11 халықаралық транзиттік дәліз бар екені мәлім. Олардың өткізу қабілетін арттыру мен жүк тасымалындағы жағдайды жақсарту мақсатында жалпы ұзындығы 1,3 мың км болатын 4 ірі теміржол жобасының құрылысы жүргізілуде. Атап айтқанда Достық – Мойынты, Алматы айналма желісі, Дарбаза – Мақтаарал, Бақты – Аягөз теміржол магистралдары бар. Осынау жолдар тауар тасымалдау мен логистикалық инфрақұрылымды жақсарту үшін стратегиялық маңызға ие болып отыр.
Есте болса, өткен жылы 12 мың км автожол жөндеуден өтсе, соның 7 мыңында жұмыс мәресіне жетті. Қарағанды – Алматы, Талдықорған – Өскемен, Ақтөбе – Қандыағаш, Бұқтырма көпірі, Шамалғандағы жол айрығы мен Түркістан өңіріндегі тунель транзиттік қозғалыстың сапасын едәуір арттырды. Биыл жөндеу жұмыстары 13 мың км жолды қамтиды. Оның қатарында республикалық маңызы бар жолдардың 2 мың км-де қайта жаңғырту, облыс орталықтары арасындағы 6,6 мың және жергілікті жолдардың 4,2 мың км-і жөнделмек. Бұйыртса, жоспар бойынша жыл соңына дейін 9 мың км жолда жұмыс толық аяқталады деген үміт бар.
Ел Президентінің тапсырмасына сәйкес, 10 мың км транзиттік автожолда орташа жөндеу жұмыстары жалғасын тауып жатыр. Бұл жоба «Қазақстан Даму Банкі» арқылы қаржыландырылған. Атқарылып жатқан жөндеу жұмыстары өңіраралық және ауданаралық байланыстарды түзейді. Ондағы негізгі бағыттар – Қандыағаш – Шалқар, Жезқазған – Петропавл, Атырау – Доссор, Жаңаөзен – Кендірлі – Түрікменстан шекарасы, Қарағанды – Аягөз.
«Орташа жөндеу реконструкциямен салыстырғанда 7 есе арзан әрі 2 есе жылдам жүреді, сондықтан бұл әдіс транзиттік инфрақұрылымды тиімді дамытуға мүмкіндік береді. Мұндай шаралар республикалық жолдардың 94%-ын нормативтік талаптарға сәйкестендіруге жол ашады. Бұл өз кезегінде транзит ағынын тартуға, қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға және экономикалық тиімділікке оң әсер етеді», дейді Көлік министрлігі, Автожол комитеті төрағасының орынбасары Жамбыл Бақтияр.