• RUB:
    6.64
  • USD:
    518.97
  • EUR:
    607.3
Басты сайтқа өту
Сұхбат Бүгін, 09:22

«Су реформасы – экономикалық дамудың негізі»

60 рет
көрсетілді

Су шаруашылығы – елдің әлеуметтік тұрақтылығы мен эко­но­ми­калық дамуына тікелей әсер ететін маңызды стра­тегиялық бағыттардың бірі. Ауызсу мен суармалы сумен қамтамасыз ету, су ресурстарын тиімді басқару, инфрақұрылымды жаңғырту мен кли­маттық өзгерістерге бейімделу – бұл сала мамандарының күн­делікті атқаратын негізгі міндеті. Су шаруашылығы қыз­мет­керлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан НҰРЖІГІТОВПЕН кездесіп, министр­ліктің атқарған жұмысы, заңнамалық жаңалықтар, инфра­құрылымдық жобалар мен саланы дамытуға бағытталған ұзақмерзімді жоспарлар туралы әңгімелескен едік.

– Нұржан Молдиярұлы, елімізде су саласын дамыту барысында кешенді іс-шаралар атқарылып жатқаны мәлім. Бұл бағыттағы министрліктің негізгі міндеттері мен басым­дықтары қандай?

– Су – тіршіліктің өзегі, мем­лекеттің экономикалық және эко­логиялық тұрақтылығын қам­­тамасыз ететін маңызды ресурс. Осыны ескере отырып, 2023 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Су ресурстары және иррига­ция министрлігі құрылды. Бұл дер кезінде қабылданған және ел мүддесіне сай шешім болды. Ми­нистрлік алдына қойылған негіз­гі міндеттер Президенттің «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты» атты Жолдауында нақты көрсетілді. Солардың қатарында – су ресурстарын ұтымды пайдалану, суды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру, инфрақұрылымды жаңғырту, климаттың өзгеруіне бейімделу және саладағы цифр­лық трансформация бар. Бұл ба­ғыт­тағы жұмыстар 2030 жылға дейінгі су ресурстарын басқару тұжы­рым­да­масы, 2028 жылға дейін­гі кешенді даму жоспары және 2026 жылға дейінгі су үнемдеу жол картасына сүйене отырып жүзеге асырылып жатыр.

– Жаңа Су кодексінің қа­был­дануы салада қандай инс­ти­­туционалдық өзгерістерге жол ашты?

– Су кодексі еліміздегі су ресурс­­­­­тарын басқару сала­сын­дағы құқық­­­­тық және институцио­нал­дық рефор­­­­ма­лар­дың негізі болды. Оның басты мақсаты – суды қауіпсіз әрі тұрақты пайдалану арқылы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамта­ма­сыз ету, экологиялық теңгерімді сақтау және су ресурс­тарын тиімді бөлу. Су кодексі негізінде Су ресурс­тарын реттеу, қорғау және пайдалану жөніндегі комитет құрылды. Бұл органның негізгі міндеті – заңсыз су пайдалануды, су есептілігін бұрмалауды және су нысандарын заңсыз пайдалануды болдырмау. Комитетке жедел әрекет ету, тексеру жүргізу, айыппұл салу және әкімшілік құқық бұзушылықтарға шара қолдану секілді қосымша өкілет­тік­тер берілді. Сонымен қатар жаңа кодекске сәйкес, су саласындағы бақылау мен жауапкершілік күшейтіліп, әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамаға бірқатар өз­геріс енгізілді. Бұл салаға инвес­тиция тартуға және судың әділ, ашық бөлінуіне қолайлы жағдай туғызады.

– Министрлік жүргізіп жат­қан кадрлық және инфра­құ­ры­лымдық реформа тура­лы айтып өтсеңіз.

– Біз жұмысты алдымен басқару құрылымын реттеуден бастадық. Соның аясында екі ірі құрылым – «Қазсушар» және Ұлттық гид­ро­геологиялық қызмет қайта құ­рылды. «Қазсушар» мекемесінде қа­зіргі таңда техникалық қайта жа­рақтандыру бағдарламасы бо­йынша үлкен өзгеріс болып жатыр. Биылғы жылдың алғашқы жартысында 439 техника сатып алынды, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 800-ге жетеді деп күтілуде. Бұл кәсіпорындар енді заман талабына сай автоматтандырылған жүйелермен жұмыс істейді.

Бұдан бөлек, 16 өңірлік маман­дандырылған коммуналдық кәсіп­орын құрылды. Олар бүгінде 800-ге жуық гидротехникалық нысанға қызмет көрсетеді. Бұл ұйымдар су шаруашылығы нысандарының тиімділігі мен қауіпсіздігін арттырып, жергілікті деңгейде суды басқару жүйесін нығайтуда ма­ңызды рөл атқарады.

– Бұл реформалар сала қыз­­меткерлерінің әлеуметтік жағдайына әсер етті ме?

– Әрине, бұл – біздің бас­ты назарымыздағы мәселе. Су саласында жұмыс істейтін маман­дар­дың еңбекақысын арттыру арқылы біз олардың кәсіби мәртебесін көтеруді көздедік. 2024 жылы олардың жалақысы орта есеппен 25%-ға өсті. Ал биылғы 1 шілдеден бастап барлық қызметкердің еңбекақысы 50%-ға артты. Бұл өзгеріс­тер су шаруашылығы сала­сы­ның 29 мыңнан астам қыз­­мет­керін қамтыды. Сонымен қатар су мамандары үшін жеңіл­детілген ипотекалық бағдар­ламалар, «Дипломмен – ауылға!» жобасы арқылы несие көлемін 7,8 млн теңгеге дейін арттыру секілді кадр­­­лар­ды әлеуметтік қол­­­дау­ға бағыт­тал­ған бірқатар шара қабыл­­­дан­ды.

– Су саласындағы кадр даяр­лау мәселесіне келсек, бұл ба­ғыт­та қандай жұмыс атқа­рылып жатыр?

– 2024 жылы біз үшін тарихи маңызы бар оқиға – Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетінің құрылуы болды. Бұл – еліміздегі су мамандарын арнайы даярлайтын тұңғыш жоғары оқу орны. Сонымен қатар су саласына қажет мамандықтар бойынша елімізде 12 жоғары оқу орны мен 8 колледж жұмыс істейді. Бұдан бөлек, Қарағанды, Ұлытау және Алматы облыстарының колледждерінде су саласындағы мамандықтарды ашу жоспарда бар.

2024–2025 оқу жылында 523 студент грант негізінде оқуға қабылданды, жалпы кейінгі екі жылда грант саны екі есе көбей­генін айта кету керек. Бұл көр­сет­кіш алдағы жылдары да арта түседі. ЖОО мен өндірісті байла­ныс­тыру мақсатында студенттер мен колледжде білім алушылар су кәсіпорындарында өндірістік тәжі­ри­беден өтуде. Жыл басынан бері мұндай тәжірибеден 339 студент өтті.

– Сапалы маман даярлау үшін халықаралық әріптестік маңызды рөл атқаратыны бел­гілі. Бұл бағыттағы жұмыс қандай деңгейде?

– Біз халықаралық серіктестікке ерекше мән береміз. Су саласы – трансшекаралық сипаттағы күрделі сала. Сондықтан озық елдердің тәжірибесін игеру маңызды. Осы орайда маман даярлаудың сапасын арттыру мақсатында су саласында үлкен тәжірибесі бар үздік шетелдік оқу орындары мен ғылыми орталықтарымен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Олардың бір мысалы ретінде 2024 жылы Нидерланд Корольдігінің мамандары өткізген су тасқынын болжау және алдын алу бойынша оқу тренингін айтуға болады, оған 50-ден астам мамандарымыз қатысты.

Қытайдың Сауда министрлігі мен Су шаруашылығы министрлігі көмегімен алғаш рет Қытайдағы су шаруашылығы кәсіпорындарында су саласының 120 маманын оқыту туралы мемо­рандумға қол қойыл­ды. Бұл жұмысты жыл сайын жал­ғастыруға келісім бар. Екі топтан құралған 30 адамнан тұра­тын топтар екі апталық курс­ты аяқ­тап, жақында үшінші топ мамандар жіберілмек. Осы оқу курсына бір адамға шамамен 7 мың доллар көлеміндегі шығын­дарды қабылдаушы тарап қаржыландырады. Сонымен қатар «Болашақ» бағдарламасы арқы­лы да мамандарымыз шетелдік жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарда тәжірибеден өтіп жатыр.

– «Судың да сұрауы бар» деп текке айтылмаса керек. Су – сарқылмайтын ресурс емес. Оны ұқыпты, үнемдеп пайдаланған жөн. Осы орайда халық арасында суды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру мәселесі қалай қолға алынып жатыр?

– Дұрыс айтасыз, су үнемдеу – тек техникалық немесе эконо­ми­калық емес, ең алдымен, мәде­ни және әлеуметтік мәселе. Біз бұл бағытта кешенді түсіндіру жұмыстарын бастап кеттік. «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Суды үнемдеп, болашақты сақта» тақырыбында мектептерде арнайы сабақтар өткізіліп, ол шамамен 2 млн оқушыны қамтыды. Енді бұл жұмысты колледждер мен ЖОО-ларда жүзеге асырамыз. Әуежайлар, вокзалдар, қоғамдық көлік, әкімшілік ғимараттарда ақпараттық стендтер мен брошюралар орналастырылуда. Сонымен қатар тұрмыста суды үнемдеу бо­йынша әдістемелік ұсынымдар әзірленді. «Аз тұтынсаң, аз төлей­­­сің» қағидаты негізінде 6 өңір­де диф­ференциалды тарифтер енгі­зі­ліп, ай сайын 1,6 млн текше метр суды үнемдеуге мүмкіндік берілді.

– Ел ішіндегі инфрақұ­ры­лымды жаңғырту мен су қой­маларының жағдайына тоқ­­­тал­саңыз.

– Кейінгі жылдары елімізде су инфрақұрылымын жаңарту мен жаңғырту бағытында ауқым­ды жұмыс атқарылып келеді. Мәсе­лен, Қ.Сәтбаев атындағы каналды жаңғырту – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар жоба. Бұл канал арқылы Орталық Қазақ­­­станның сумен қамтамасыз етілуі жүзеге асады. Қазір бұл нысанда құрылыс-монтаждау, техникалық қайта жарақтандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы жоба құны шамамен 83 миллиард теңгені құрайды.

Былтыр еліміздің Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Ақмола, Алматы, СҚО, Маңғыстау және Ұлытау облыстарында 8 жоба аяқталып, 208 мың тұрғыны бар 49 елді мекеннің сумен қамтамасыз етілуі жақсарды. Бүгінде еліміздің 10 облысында 2,6 мың шақырымнан астам су құбыры желілері салынып, жаңғыртылып жатыр. Бұл 468 елді мекенді қамтып, шамамен 1,3 миллион адамды сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 53 елді мекен алғаш рет орталықтандырылған су жүйесіне қосылады.

– Трансшекаралық су мәсе­ле­сінде қандай нәтижеге қол жет­кізілді?

– Су – табиғи шекараны мо­йындамайтын ресурс. Сондықтан көрші мемлекеттермен су дип­ло­матиясын жолға қою – аса маңыз­ды міндет. Өткен жылғы вегетациялық кезеңде Орталық Азия елдерімен бірлескен келіс­­сөз­дердің арқасында ауыл шаруа­­шы­лығы тауарын өн­ді­рушілерді сумен толық қам­та­масыз еттік. Бұл – тиімді дипло­матияның нақты нәтижесі.

Біздің министрлік су ресурстарын бөлісуде теңгерімді ұстаным мен халықаралық нормаларға сүйенеді. Жыл сайынғы келіссөздер барысында ел мүддесін қорғап қана қоймай, көрші елдермен өзара сенім мен ынтымақтастықты нығайтуға басымдық береміз.

– Солтүстік Аралды сақтау жұ­мысы да стратегиялық бағыт­тардың бірі. Бұл бойынша қандай жобалар іске асты?

– Иә, бұл – еліміздің эко­ло­гиялық қауіпсіздігі үшін аса ма­ңызды мәселе. Министрлік құ­рыл­ғалы бері Солтүстік Арал теңізіне шамамен 5 млрд текше метр су жіберілді. Қазір теңіздегі су көлемі 24,4 млрд текше метрге жетіп отыр.

Қазіргі таңда Дүниежүзілік банктің қолдауымен «Арал теңізінің солтүстік бөлігін өңірлік дамыту және қалпына келтіру» жобасының техникалық-экономикалық негіз­де­месі әзірленіп жатыр. Онда Көкарал бөгетін 2 метрге дейін көтеру және Қамыстыбас пен Ақшатас көл жүйелерін қайта қалпына келтіру жоспарланған. Бұл жоба биыл жыл соңында толық сараптамадан өтеді.

– Су ресурстарын бас­қару­дағы басты ұстаным қандай?

– Басты ұстаным – ашықтық, әділеттілік және тұрақтылық. Су ресурстары – ұлт байлығы. Оны бас­қару заң аясында, ғылыми негізде, экологиялық жауап­кершілікпен жүзеге асуы керек. Жаңа Су кодексі  осы қағидаттардың нақты тетіктерін енгізді.

Министрлік суды пайда­ла­нудағы барлық үдерістің ашық­ты­ғын қамтамасыз етуге, судың «қара нарығына» жол бермеуге, цифр­лық жүйелер арқылы суды әділ және тиімді бөлуге бағытталған жұ­мыстарды жалғастыра береді.

Алдағы жылдары басты назар – климаттың өзгеруіне бейімделу, заманауи технологияларды енгізу, халықтың суды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру және халықаралық әріптестікті тереңдету болмақ.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Қуат ӘУЕСБАЙ,