Елге қайтарылған заңсыз активтер қаражаты халық игілігіне жұмсалып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ақмола өңірінде бұл қаражат су құбыры жүйелерін жаңартуға бағытталды, деп жазады Egemen.kz.
Арнаулы мемлекеттік қордан Ақмола облысына 21,5 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржы өңірдегі сумен жабдықтау мәселесін шешуге, нақтырақ айтсақ, 28 жобаға жұмсалып жатыр. Атап айтқанда, Зеренді ауданында Ақадыр, Жылымды, Қанай би, Көктерек, Садовое, Троицк, Васильковское, Өркен, Өзен және Баратай ауылдарында жаңа су желілері тартылып, бұрынғылары жаңартылып жатыр. Жобаларға 6 млрд 564 млн теңге қарастырылған.
Ал Өркен кентінде 1000-нан астам тұрғынды қамтитын 6 шақырымдық су жүйесін жөндеу басталмақ. Оның құны – 583 млн теңге. Бұдан бөлек, облыстың 9 ауданында жаңа су көздерін ашу мен ескі жүйелерді жөндеуге 2 млрд 287 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Нысандар жыл соңына дейін пайдалануға берілмек.
Сандықтау ауданында 22,3 шақырымға созылатын топтық су құбырының құрылысы жүріп жатыр. Бұл жобаға 200 млн теңге бөлінген. Сонымен қатар, Нұра топтық су құбыры қайта жаңғыртылып, Покровское ауылынан Талапкер мен Қажымұқан ауылдарына дейін жаңа желі тартылып жатыр. Қос жобаның жалпы құны – 9,5 млрд теңге.
Қазіргі таңда Ақмола облысындағы қалаларда сумен жабдықтау көрсеткіші 99 пайызға, ал ауылдық жерлерде 96,6 пайызға жетті. Елге қайтарылған активтер есебінен енді тек су жүйелері ғана емес, денсаулық сақтау, спорт және инженерлік инфрақұрылым нысандары да жаңартылып жатыр.