Шымкент қаласында осындай тақырыпта тағылымдық кеш өтті. Іс-шараны қалалық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды. Жиында 26 мамыр мен 26 маусым аралығында өткен нашақорлыққа қарсы күрес айлығының қорытындысы жарияланды.
Дүние жүзінде 26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні ретінде атап өтіледі. Бұл дата еліміз үшін де маңызды. Өйткені нашақорлық болашақ ұрпақтың тамырына балта шабумен бірдей. Бір ай бойы жауапты мекеме жастар арасында есірткі, лудомания, буллинг секілді зиянды әдеттердің алдын алу жөнінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Саламатты өмір салтын насихаттады. Осындай маңызды іс-шаралар ішінде танымдық кездесу, тақырыптық тренинг, көрме, флешмоб мен акциялар ұйымдастырылды.
Жиында Шымкент қаласы прокурорының орынбасары Марлен Сламбеков, Шымкент қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары Ұлықбек Мылтықов, қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Әйгерім Жұмағұлова сөз сөйлеп, жастар арасында саламатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығына тоқталды. Өскелең ұрпақты денсаулыққа зиян келтіретін әрекеттерден аулақ болуға шақырды.
Сонымен қатар айлық шеңберінде белсенділік танытқан еріктілер мен жастар ұйымдарының өкілдері арнайы алғыс хаттармен, түрлі жүлдемен марапатталды. Кеш барысында қалалық білім, дене шынықтыру және спорт, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармалары, құқық қорғау органдары көпшілік назарына тақырыпқа байланысты танымдық ақпараттар ұсынды. Іс-шара соңында қатысушылар «Quiz» әдісімен интеллектуалдық ойын өткізіп, жеңімпаздар естелік сыйлықтармен марапатталды.
ШЫМКЕНТ