• RUB:
    6.6
  • USD:
    519.51
  • EUR:
    611.83
Басты сайтқа өту
Бокс Бүгін, 08:03

Әлем кубогі: жаһандық дода қызып тұр

0 рет
көрсетілді

Астанада өтіп жатқан бокс­тан әлем кубогінде жарты­лай финалға шыққан саңлақтар анықталды. 29 елден жиналған боксшылар Жақсылық Үш­кемпіров атындағы жекпе-жек сарайының түңлігін жел­пілдетіп жатыр. Жаһан көз тіккен сайыста күтпеген нәтижелер де тіркелді.

Өкінішке қарай, ұлттық құраманың көш­бас­шысы, тәжірибелі бокс­шы Абылайхан Жүсіпов (70 кг) ал­ғаш­қы айқаста қырғыз боксшысы Алмаз Орозбековпен жолы түйісіп, жарақаттануына байланысты додадан шығып қалды. Қыздар арасында Әнел Сақыш (54 кг) өзбек қызы Феруза Казаковаға, Елдана Тәліпова (80 кг) үндістандық Рани Пуяға есе жіберді.

Әлем чемпионы Махмұд Сабыр­хан 55 кг салмақта сынға түсіп, алғашқы айналымда оңтүс­тіккореялық қарсыласы Шин Чэжэнді айқын еңсерді. Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбай (80 кг) әзербайжан боксшысы Мурад Аллахвердиевтен басым түсті. Серік Теміржанов та (60 кг) ширек финалға шықты. Алғашқы жекпе-жегінде ол аустралиялық Джейкоб Кассарды жеңді. Ұлттық құра­маның капитаны, аса ауыр сал­мақта додаға қосылған Айбек Орал­бай доминикандық Хосе Агустин Трисетпен тартысты. 1-раундта қабағы жарылғанына қарамастан, қарсыласын айқын басымдықпен жеңді. Тіпті 2-раундта Трисет нокдаун алды.

Әлем чемпионы Санжар Тәш­кенбай (50 кг) әлем кубогінің додасын бірден ширек финалдық сайыстан бас­тады. Жапония үміті Шодай Котоны жеңіп, жартылай финалға өтті. Әлем чемпионы Бекзад Нұрдәулетов (85 кг) те ширек финалдық айқаста Аустралия боксшысы Лахлан Лоусеннен басым түсіп, жартылай финалға шықты. Ертуған Зейнуллинов (65 кг) түркиялық Ахмет Пекелден басым түсіп, ширек финалға өтті. Сағындық Тоғамбай (90 кг) америкалық Малакай Джордесті ығыстырып, жартылай финалға шықты.

Надежда Ребяц (75 кг) брази­лиялық Вивиан Дос-Сантос Пе­рейраны әлем кубогінің додасынан ығыстырды. Қазақ боксшыларының арасында әзірге үш дүркін әлем чемпионы атанған Назым Қызайбай (48 кг) ширек финалда өзбек қызы Фарзона Фозилованы сүріндірді. Әлем чемпионы Алуа Балқыбекова (51 кг) америкалық Дженифер Лозаноны жеңіп, ширек финалға шықты. 60 кг салмақта сынға түскен Виктория Графеева түрік қызы Гизем Озерді ығыстырып, жартылай финалға шықты. Әлем чемпионы Аида Әбікеева да жаһандық доданың ширек финалдық сынында британдық Дионе Бурманды жеңді.