Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Арман Қалықов, Үнзила Шапақ, Құдайберген Бексұлтанов, Бауыржан Смағұлов және Тілектес Адамбеков жұмыс сапарымен Қарағанды облысына барып, «Киров» шахтасының еңбек ұжымымен кездесті, деп жазады Egemen.kz.
Қазіргі таңда «Exim Artis» компаниялар тобына қарасты шахтада 650-ге жуық адам жұмыс істейді. Биылғы жартыжылдықта кәсіпорын 220 мың тоннадан астам көмір өндіріп, жылдық жоспардың басым бөлігін орындаған.
Кездесу барысында депутаттар кеншілерге Мемлекет басшысының реформалары мен партияның сайлауалды бағдарламасы жайлы баяндады. Ерекше назар аударылған мәселе – зиянды әрі қауіпті еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтардың зейнетке ерте шығу құқығы. Бауыржан Смағұловтың айтуынша, 2023 жылдың басынан бері 15,5 мыңнан астам адам арнайы әлеуметтік төлем мүмкіндігін пайдаланған. Оның 2,5 мыңы – Қарағанды облысының тұрғындары.
Кеншілермен әңгімеде өндірістегі қауіпсіздік пен кәсіби аурулардың алдын алу жайы да қозғалды. Депутат Құдайберген Бексұлтанов былтыр облыста Қоғамдық денсаулық сақтау және кәсіби денсаулық институтының қайта құрылғанын атап өтті. Бұл мекеме жарты миллионнан астам зиянды өндірісте еңбек ететін азаматтардың денсаулығын қорғауға бағытталған ғылыми және практикалық жұмыстармен айналысады.
Аймақтағы өндірістік жарақат деңгейі де алаңдатарлық. Биылдың өзінде 159 адам зардап шеккен. Осыған байланысты Арман Қалықов еңбек қауіпсіздігін күшейту қажеттігін атап өтті.
«Шахтаға түсу – күн сайынғы ерлік. Сондықтан осындай күрделі жағдайда жұмыс істейтін азаматтардың қауіпсіздігі әрдайым Мемлекет басшысының бақылауында. Қабылданған заңдар жұмысшының кінәсіне қарамастан, апат кезінде толық сақтандыру төлемін алуға мүмкіндік береді. Ал еңбек инспекторлары қауіпсіздік талаптары бұзылған жағдайда өндірісті тоқтатуға құқылы», деді депутат.
Кездесу барысында кеншілер жас мамандар тапшылығы, әлеуметтік қолдау тетіктері мен жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаларды кеңейту қажеттігін де алға тартты. Депутаттар бұл ұсыныстарды назарға алып, жүйелі шешім қабылдау үшін Үкіметпен бірлескен жұмысты жалғастыруға ниетті екендерін білдірді.