Бүгін қазақ поэзиясының ірі өкілі, ақын, жазушы, қоғам қайраткері Мұхтар Шахановтың туған күні. 1942 жылы 2 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысы, Леңгір ауданында дүниеге келген Мұхтар Шаханов бүгін 83 жасқа толып отыр, деп жазады Egemen.kz.
Тәуелсіздік жылдарында тіл мен рухтың туын тік ұстаған санаулы қайраткерлердің бірі – ақын Мұхтар Шаханов. Қазақ қоғамында ол өзін тек қалам иесі ретінде ғана емес, ұлттық құндылықтардың қорғаушысы, рух майданының алдыңғы шебінде жүрген тұлға ретінде таныта білді.
Мемлекет үшін маңызы зор бірнеше жауапты лауазымдарда еңбек еткен ол – Қазақстан Парламенті Мәжілісінің депутаты, сондай-ақ Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елші қызметтерін абыроймен атқарды.
Ақынның шығармашылық жолы да қазақ әдебиетінің кеңістігінде өзіндік өрнек қалдырды. Көп жылдар бойы «Жалын» журналына жетекшілік етіп, әдебиеттің жаңа буынына жол ашып, рухани кеңістіктің тынысын кеңейтуге зор үлес қосты.
Мұхтар Шаханов – мазмұны терең, тақырыбы ауқымды, формасы дара туындыларымен оқырман жүрегіне жол тапқан ақын. Оның «Отырардың күйреуі», «Эверестке шығу», «Ғашықтық ғаламаты», «Еркектер жыры», «Сұлулықты сезіну немесе Ғабиден Мұстафинмен қарттық жайлы әңгіме», «12-3=?», «Арман», «Шың басындағы оқиға», «Достық өлкесінің заңы», «Жігерлендіру немесе өзін бақытсызбын деп есептеген жігітке жауап», «ТЖ-лар», «Төрт ана», «Космополит қазақтар» сынды өлең-дастандары ұлттық поэзияның мазмұндық-идеялық көкжиегін кеңейткен шығармалар қатарында.
Айта кетейік, Ұлытауда өткен алғашқы Ұлттық құрылтайда ұлт руханияты мен әдебиетіне сіңірген өлшеусіз еңбегі, сондай-ақ түркі халықтарының рухани тұтастығын насихаттаудағы белсенді қызметі еленіп, Мұхтар Шахановқа Қазақстанның Еңбек Ері атағы берілді.